ОЗЫҚ ОЙЛЫ ЖАСТАР БАҚ СЫНАДЫ
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 5-11-сынып оқушылары, колледж бен университет студенттеріне арналған «Мектеп пен университет: ғылыми ынтымақтастық қырлары» атты XV республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымның дамуын қолдау қоры» қоғамдық қоры және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу университеті бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара барысында жүзден аса оқушы өз жобаларын ұсынып, бақтарын сынады. Ашылу салтанатында университеттің академиялық жұмыс жөніндегі департамент директоры Сәуле Құрмантайқызы сөз сөйлеп, республикалық конференцияның қатысушылардың қабілетін шыңдауға, ғылыми жобаларын қолдауға бағытталғанын жеткізді. Сондай-ақ департамент директоры мектеп оқушыларына 65 жылдық тарихы бар оқу орны туралы, ғылыми әлеуеті мен материалдық-техникалық базасы жайында ақпарат берді. Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев онлайн байланысқа шығып, «Я – химик, я создаю будущее» тақырыбында презентация жасады. Химия саласында маман даярлаудың өзектілігі мен қажеттілігін баса айтып, түлектерді оқуға шақырды. Ал Ресейдегі аталған оқу орнының «Өндірістік экология» кафедрасының зертхана меңгерушісі Сергей Азопков ғылыми жобалармен айналысудың маңыздылығын сөз етті. XV республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысымен Шымкент қаласындағы №53 мектептің 11-сынып оқушысы Диляра Декенова, Т. Рысқұлов ауданы, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушысы Зейнеп Қырықбай және Меркі ауданы №5 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназияның оқушысы Әмина Қылшабай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Асыл БЕКБЕРГЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті
Келесі мақала