ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ – ҚЫЛМЫС
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді алаңдатқан көптеген мәселеге байланысты орамды ойларын, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Президент қыз алып қашу мәселесіне де тоқталып, ата жолын сақтау мақсатында ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтауға шақырды.
Мемлекет басшысы: «Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз. Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек», – деді.
Рас, кезінде бабаларымыз да сүйгенін алып қашып, ұрпақ өрбітіп, бақытты-баянды өмір сүрген. Кейде екі ғашықтың ата-анасы немесе туған-туысы жастардың шаңырақ көтеруіне қарсы болған. Мұндайда жігіт батылдық танытып, сүйгенін елден жырақ алып қашып кетіп, отбасын құрған.
Ал бүгінде қыз алып қашу дәстүрін әсірелеп жібергеніміз соншалық, тіпті танымайтын қыздарды да алып қашу кең етең алып барады. Әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде қыз ұрлау оқиғалары жыл санап көбеймесе, азаймай тұр. Мәселен, былтыр Тараз қаласының №2 сотының шешімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының екі азаматы қыз алып қашқаны үшін сотталды. Оқиғаның қалай өрбігенін қысқаша баяндасақ, 2022 жылдың көктемінде өмірлік жар іздеген жігіт ортақ таныстары арқылы бір бойжеткенмен танысады. Бірнеше кездесуден кейін қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Сол кезде жігіт қызды алып қашуға шешім қабылдайды. Ойын жүзеге асырмақ мақсатта өткен жылдың ақпан айында Тараз қаласына досымен келеді. Сөйтіп, қызды үйінен алдап алып шығып, көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Көршілер қыздың жанұшыра айқайлаған даусын естіп, «102»-ге қоңырау шалады. Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, күдіктілерді құрықтайды. Сонымен не керек, ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімімен үйленуге ниетті жігіт пен қасындағы досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Өкініштісі, досына қыз алып қашуға көмектескен жігіт үйлі-баранды, бес баланың әкесі екен.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірнеше жыл бұрын Шу, Қордай аудандарында жоғарыда баяндалған оқиғаға ұқсас қыз алып қашу дерегі орын алып, жұртты дүрліктірген болатын.
Жалпы бұрын қоғамымызда үйреншікті болып саналған қыз алып қашу заң үстемдігі орныға түскен сайын салт емес, құқықбұзушылық ретінде таныла бастады. Облыстық прокуратураның прокуроры Ғалым Қонақбаевтың айтуынша, қыз алып қашу – құқыққа қайшы әрекет.
– Қыз алып қашу – қате шешім. Өмірлік ақ неке алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керек. Біз жастарға жауапкершілік пен ақ некені насихаттауымыз керек. Көбіне алып қашу әрекеттерін үйленетін жігіт өзі ғана емес, қасындағы достарымен бірге жасайтыны белгілі. Егер жағдайдың арты қылмыстық іс қозғауға алып баратын болса, үйленуге ниетті жігіт қана емес, қасындағы көмекшілері де жазаға тартылатынын көбі түсінбейді.
Басқаша айтқанда, қыз алып қашу салт емес – қылмыс. Заңды бұзғандарға Қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен іс қозғалды. Сол бойынша кінәлі деп танылған сотталушыларға 7 жылға шартты жаза тағайындалды. Ал егер кәмелетке толмаған қызды ұрласа, 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін және мүлкі тәркіленеді, – дейді прокурор.
Осы ретте өткен жылы мәжбүрлі түрде, еркінен тыс тұрмысқа шыққандардың құқығын қорғау үшін ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың бастамасымен жазаны күшейтуді қолға алу туралы бастама көтерілгенін айта кету керек. Артур Ермекұлының айтуынша, қыздарды алып қашу бойынша нақты статистика жоқ. Өйткені ҚР Қылмыстық кодексінде мұндай құқықбұзушылықтың жеке құрамы көрсетілмеген.
– Некеге тұру үшін қыздарды ұрлау тәжірибесі әсіресе оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Кей жағдайда мұндай әрекеттер жыныстық тұтастықты бұзуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға және тіпті өзіне қол жұмсауға да әкеп соғады. Тек кейінгі 2,5 жылда үйдегі агрессорлар 300 адамның өліміне себепкер болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірген – 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірген 837 жағдай тіркелді. 37 мыңнан астам адам түрлі жауапкершілікке тартылды.
Соңғы 4 жылда қыздарды алып қашуға қатысты 214-тен астам қылмыстық іс тіркелген. Бірақ 90 пайызы екі тараптың келісімімен тоқтап, жабылып қалған. Біз былтыр Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген жаңа бапты енгізуді ұсындық. Орталық Азия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанның қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау туралы жеке бап бар.
Біздің басты мақсат – адам құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтан сақтау. Жазықсыз жапа шегуден әйелдерді құтқарудың жалғыз жолы – жазаны қатаңдату, – деді Артур Ластаев.
Ал аға буынның айтарына құлақ түрсек, алып қашу талай қыздың бағын ашқан. Солайы солай шығар. Дегенмен талай қыздың өмірі ойран болғанын да ұмытпау керек. Филология ғылымдарының кандидаты, педагог Самал Дәрібаевтың айтуынша, қыз алып қашуды салт-дәстүрге жатқызу дұрыс емес. Қыз бала үйінен ұзатылып, құтты жеріне қондырылғаны дұрыс. «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали да алып қашуды құптамайтынын жеткізді.
– Алып қашуды «дәстүр» деп жаңғыртқанымыз жөнсіз деп ойлаймын. Одан да жастарды ғылымға, білімге, заман көшінен қалмауға баулыған жөн. Алайда тұрмыстық жағдайға байланысты екіжақты, яғни әсіресе қыздың келісімімен алып қашу үрдісін жасайтын отбасылардың барын да жоққа шығара алмаймыз. Алайда танымай немесе танысқандарына бір-екі ай ғана болып, асығыс қосылған жастардың некелерінің соңы ажырасумен аяқталып жатады. Оған дағдарыс орталығына пана іздеп келген әйелдердің тағдыры дәлел, – дейді Эльмира Мырза Ғали.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Президентіміз айтқандай, қыз ұрлығы – зорлық, нағыз жабайылық. Ал зорлық жасап, адамдардың өміріне қол сұққандар қылмыстық жауапкершіліктен жалтара алмайды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала