ЖАҢААРЫҚТА ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ КӨП
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сарысу ауданы, Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Қуандық Алдаберген баспасөз конференциясын өткізді. Қуандық Шалқығанұлы ауылдық округтің тыныс-тіршілігі, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Қазір облыста көктемгі дала жұмыстары қарқын алған. Ризығын жерге маңдайының терін төгіп жинайтын шаруалар күнұзаққа егіс басында жүрсе, кейбір шаруа егіс науқанына тастүйін дайын отыр. Спикер егіншаруашылығы саласында атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндады.
– Жалпы округте 47 шаруа қожалық тіркелген. Онда 104 адам еңбек етеді. Аталған шаруашылықтардың ішінде 31-і тек мал бағумен айналысады. Қалған шаруа қожалықтар мал және егіншаруашылығы бағытын ұстанады. Ауылдық округтегі 214 түтін мал ұстау арқылы күнелтіп отыр, – деді Қ.Алдаберген.
Қуандық Шалқығанұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде округте төрт түліктің саны едәуір өсіп, егіншаруашылығында да ілгерілеу байқалады.
Сондай-ақ брифингте мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына қандай қолдау көрсетіліп жатқаны туралы да айтылды. Малшаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беріліп, тірліктерін тіктеуіне бар жағдай жасалып жатқан көрінеді. Алдағы уақытта округ тұрғындарына газ тарту мәселесі де жоспарға еніпті.
Бүгінде Жаңаарықта интернет желісінде ақаудың пайда болуы тұрғындар үшін өзекті мәселеге айналған. Ауылдық округ әкімі бұл олқылықты «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып шешетінін атап өтті.
Жиын соңында Қуандық Алдаберген БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Аят БӘТЕЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті
Келесі мақала
ҰЛТТЫҚ МҰРАЛАРЫМЫЗ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024