Шапан – сырт киім. Ол асыл матадан алтын жіппен зер салынып, өрнектеліп тігіледі. Шапанның өңіріне оюлы өрнек салынса, етегіне өсімдік тектес өрнектер кестеленеді. Бұл – өсіп-өнсін, өркенді болсын деген тілек белгісі. Қамзол – әйелдердің ұлттық киімінің бір түрі, оны көйлек сыртынан киеді. Ол барқыт, пүліш, мақпал сияқты асыл, сапалы кездемелерден тігіледі. Қамзолды кей жерлерде «жеңсіз бешпент» немесе «көзекей» деп атайды. Қамзолда жең де, жаға да болмайды және де екі өңірі тек тыс пен астардан тұрады. Қамзолдың астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі біріне-бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігеді.
Сондықтан түйме орнына қамзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған, алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадалады. Қамзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады не зер тігеді. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді. Қыздар мен жас келіншектер киетіні өте сәнді болады. Оның екі омырауына алтын, күміс жалатқан қозалар, шарбақ түймелер, меруерт, маржандар тағылады. Кейбір жерлерде күміс теңгелерді тесіп тағып қояды. Қазіргі кезде жергілікті өнеркәсіп орындары барқыт пен пүлішпен сәндеп тіккен қамзол шығаратын болды. Көк сауыр етік – қазақтың етігі де басқа киімдер секілді арнайы тігіледі.
Қазақ етігінің өкшесі биік, табаны түрлі өрнектер салынып, көкшіл бояуға боялып, әсемделеді. Мұндай етікті «көк сауыр етік» дейді. Кебіс – табаны қалың, өкшесі биіктеу, сыртына түрлі өрнектер салынып тігілетін, мәсінің сыртынан киюге арналған аяқкиім. Бөрік – қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық баскиімі, оны бағалы аң терісінен және төлдің елтірісінен тігеді. Оның жаздық және қыстық түрлері болады. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан аталады.
Құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік деп аталады. тегін жауып тұратындай етіп айналдыра зер не жібек шашақтар ұстаған. Бөрікті қазақ халқы сияқты қаракалпақ, қырғыз, башқұрт, татар, ұйғыр халықтары да киеді. Көкірекше – жейденің немесе көйлектің сыртынан киетін жеңсіз, жеңіл киім. Оның өңірі мен етегі өрнектеліп, кестеленеді. Қыз балалардың көкірекшесінде теңгелер, маржан сияқты әшекей заттар қадалады. Ыңғайлы, ықшам көкірекшені көбінесе балалар жейденің, көйлектің сыртынан киеді.
Ақтоты Жаңабай