Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шулық шебердің қобызы Италиядағы музейде сақтаулы тұр

Шулық шебердің қобызы Италиядағы музейде сақтаулы тұр
ашық дереккөз
Шулық шебердің қобызы Италиядағы музейде сақтаулы тұр
Елімізде сапалы қылқобыз жасаумен айналысатын шеберлер көп емес. Ұлттық аспабымызды ұлықтап, құндылығымызды көздің қарашығындай сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген шебердің бірі – Шу ауданының тумасы Қанат Қазақбаев. Есімі көп айтыла бермейтін шебер 1962 жылы Шу ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Кейін 1978 жылы Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне «Ағашты көркемдеп өңдеу, суретші-шебер» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1982 жылы тәмамдаған. Кейіпкеріміздің інісі әрі қазіргі таңда ұлттық музыкамызды заман талабына сай өңдеп, шетелдерде кеңінен дәріптеп жүрген дарынды қобызшы Әлқуат Қазақбаев кезінде 4-сыныпты бітіріп, жазғы демалыс уақытында үйіне құрама қобыз алып келген көрінеді. Міне, сол сәттен бастап Қанат Қазақбаевтың үні жанды баурайтын қобызға қызығушылығы ояна бастайды. Шеберіміздің үйінің жанында шағындау шеберханасы бар. Шеберхана ішінен қабырғаға қаз-қатар ілінген қобыздың бірнеше түрін көруге болады. Қанат Дотаұлының пікірінше, қобыз аспабынан шығатын үн оған пайдаланылатын ағаш пен төрт түліктің қылына байланысты екен. Көбінесе қобыз жасаушы ұсталар өздерінің туған өлкелерінің табиғатына қарай таңдап, ешкімге ұқсамайтын өзіндік технологияны пайдалануға тырысады. Осылайша бір қобызды жасау үшін шебер шамамен 15-20 күнін жұмсайды. Бүгінге дейін 2000-ға жуық қобыз жасапты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы Қанат Дотаұлының тұрақты тұтынушысына айналған. Сонымен қатар еліміздің белгілі өнер азаматтары шулық шебердің аспаптарына жан бітіріп, қоңыр әуезді үнін әуелетіп жүр. Айта кетерлігі, Қанат Дотаұлы жасаған қобызды 2001 жылы елімізге іссапармен келген Рим Папасы II Иоанн Павелге Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Мырзатай Жолдасбеков арнайы сыйға тартыпты. Қазір бұл қобыз Италияның Ватикан қаласындағы музейде «Қорқыт ата» кітабының жанына қойылған. Одан кейін 2014 жылы белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған бір топ ғалым Шығыс Қазақстан облысына қарасты Алтай өңіріне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Берел қорғанынан шамамен VII ғасырда өмір сүрген сарбаздың жанынан бір аспап тапқан. Тарихшылар зерттей келе, оның жорық алдында жауынгерлерге рух сыйлайтын қобызға ұқсас музыкалық аспап екенін анықтапты. Сөйтіп, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, археолог Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар қазба жұмыстары барысында табылған аспап әбден ескіргендіктен бүтіндеу қиынға соғып, тек қағазға түсірумен шектеліпті. Содан кейін ғалымдар қобыз жасаудың хас шебері Қанат Қазақбаевқа айтып, қобыздың қағазға салынған суреті бойынша аспап жасауға тапсырыс берген екен. Қанат Дотаұлы жасаған қобыздың бесеуі түркі мемлекеттерінің президенттеріне сыйға тартылған. Ал ең бірінші жасалған қобыз Астана қаласындағы Халықаралық түркі академиясының мұражайында құнды жәдігер ретінде және бірі Париждегі ЮНЕСКО-ның музейінде сақтаулы тұр. Екіншісін Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайына тапсырған. Жалпы Қазақбаевтар әулетін басына өнер қонған шаңырақ десек, еш артық айтқандық емес. Өйткені Әлқуат Қазақбаевтың да ұлттық өнерді ұлықтау жолында атқарып жүрген еңбегі орасан. Осылайша ағайынды Қазақбаевтар киелі аспаптың ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне ерекше үлес қосып келеді. Қорқыт бабамыздан қалған қасиетті аспапты төрінде ардақтаған Қанат Қазақбаев сынды шеберлер барда қобыз аспабынан шыққан үннің де ешқашан бәсеңдемейтініне сеніміміз мол.

Жұмахан ЧЕКАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар