Асылында, тағдырын Табиғат-анамен тамырластырған дана халқымыз Наурызды жыл басы санап, «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп атаған. Адам жанының жасарып, тіршілік біткеннің бәрі қайта түлеп жатуы – көңілге медеу, жүрекке мейірім сыйлайды. Осы ретте қазақтың аяулы ақын қызы, жерлесіміз Күләш Ахметова: «Бораннан босап жырлаған кезде көк орман, Наурызым келіп, жарады бүршік мол арман. Жоғалған заттың қайтуы қиын заманнан Сан алуан гүлмен Наурызым бүгін оралған!» деп, ұлықты мейрамның ұғынықты мән-маңызы мен қадір-қасиетін төрт тармақпен тарқатып береді. Расында да қазақ халқының болмысымен біте қайнасқан осынау мерекеде ықылым заманнан атадан балаға мұра болып жеткен салт-санамыз толық көрініс табады.
Көркем-әдеби шығармалардағы «Отыз күн – ойын, қырық күн – тойын» деген тіркес дәл осы әз Наурыздан басталған-ды. Сондай-ақ Ұлы дала төсінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғатпен үндескен, тіршілікпен тілдескен мерекенің шығу тарихы да тым тереңде. Мәселен, тарихшы-этнолог Жамбыл Артықбаев Наурыздың түп-төркінін Нұх пайғамбардың заманымен байланыстыра келе, мерекенің 12-13 мың жылдық тарихы бар деп есептейді. Бұған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көне жазба деректері айғақ екенін алға тартады. Аңыз-әпсанаға сүйенсек, Пайғамбар соңынан ерген Құдайға сенген үш ұлы мен келіндері және одан бөлек тағы сексен адам алты ай, он күн су бетінде қалқып жүріп, Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтаған.
Біреуі ата-анасынан, енді бірі бауыр еті баласынан айырылып, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Кеме Қазығұрттың басына тоқтаған күн – қасиетті Мұхарам айының ортасы, яғни жыл басы екен. Осы себепті біздің ата-бабаларымыз Наурызды «Хамам» (арабша), яғни «Амал мерекесі» деп атаса керек.Тау алыстаған сайын биіктей беретіні секілді, тарих та уақыт өте өз шындығын аршып алып, астарлы ақиқатын түбінде іздеп табады.
Кеңес үкіметі кезінде бүтін бір ұлттың негізін түбірімен жою мақсатында әуелі Наурыз мерекесін атап өтуге қатаң тыйым салынды. Осылайша түркітілдес халықтарға ортақ құндылықтардың бірігуінің алдын алып, ұлттық идеологияның тамырына тікелей балта шапты. Тек арада алпыс жыл өткенде алты Алаштың басын қосқан мереке елдігімізбен төрімізге қайта оралды. Сол себепті де қазақ халқы үшін «Наурыз мерекесі» тәуелсіздік сөзімен әлдеқашан ассоциацияланып кеткен. Бұл туралы ақын Ақұштап Бақтыгереева «Наурыз» атты өлеңінде: «Құлақта алыс алпыс жыл бойы қалды ызың, Жыл басы деген жалғыз күн. Қадіріңді ұқпай кетіп ек, Тәңір танымай, Адасып қайта жолықтың бізге, Наурызым!» деп ұлттық мейрамды ұлықтап, жан тебірене жырлайды.
Наурыз мерекесі ұлттық кодымыз екені анық. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тілге тиек етті. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін.
Осы ретте жуырда Наурыз мерекесін атап өтетін арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз.Бірақ әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, «Көрісу» күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі – «Ұлттық киім күні» деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен де тануы тиіс. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталған едім. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн», деді.
Айта кетейік, өткен аптада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы арнайы таныстырылған болатын. Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, «Наурызнама» онкүндігі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтеді. Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жіберілді. Сондай-ақ жаңа тұжырымдама шеңберінде республика бойынша 10 мыңнан аса іс-шара өткізілу жоспарланған болса, осындай бірқатар іс-шара Әулиеата өңірінде де ұйымдастырылуда.
Нұрсұлтан Рахымбай