Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мәдени мұрамызды сақтаудың маңызы зор

Мәдени мұрамызды сақтаудың маңызы зор
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткені бәрімізге белгілі. Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда ұйымдастырылды. Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды.

Мемлекет басшысы биылғы құрылтай Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келгенін айта келіп, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев елді алға жылжыту үшін идеологиялық тұғырнама іспеттес алты құндылықты тізіп шықты.

Әрі елдің болашақтағы бейнесін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғымға сыйғызды. Президент болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды.

Айтуынша, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері.«Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Ендеше Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек», деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады.Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ екен. Болашаққа сеніммен қадам басу үшін әр азамат төл тарихтың ауқымын сезінуі де маңызды екенін атап өткім келеді. Білім және ғылым, мәдениет пен руханият, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты халықты толғандыратын тақырыптар қашанда өзекті болып қала бермек.

Сейтжан Ілияс,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің директоры

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар