Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құмар ойын құрдымға кетіреді

Құмар ойын  құрдымға кетіреді
Ашық дереккөз
Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайының үшінші отырысы өтті.

 Негізінде Ұлттық құрылтай – ел өміріндегі озық қоғамдық құндылықтарды дамытып, нығайтуға септігін тигізетін айтулы оқиға деп бағаласақ, артық айтқандық емес. Бұл жолы да құрылтайда қоғам дертіне айналған маңызды мәселелер көтеріліп, нақты күресу жолы айтылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде айтқандай, құрылтай ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес. Бұл жиын – маңызды бастамалар мен жобалар жүзеге асатын алаңның бір түрі. Биылғы құрылтай отырысында қоғамның бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды дамыту мәселелері талқыланды.

Мұның ел бірлігіне, мемлекеттің тұрақтылығына тигізер әсері мол. Бұл ретте Мемлекет басшысы «Еліміз үшін халық бірлігін сақтау өте маңызды» деп атап өтіп, қажетті алғышарттар мен нақты мәселелерге тоқталды. Басқосуда ономастика, тарих, руханият, қазақ тілі, жасампаздық индустриясы, ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері де сөз болды. Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін.

Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр.

Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгіл, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз, – деген Қ.Тоқаев елімізде кітап оқудың кенжелеп қалғанын айтып, соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатқанын жеткізді.

Құрылтайда Мемлекет басшысының назарынан қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық та шет қалмады. Елімізде 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Президентіміз айтқандай-ақ, шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды.

Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Сонымен қатар басқосуда теріс діни ағымдардың зардабы жайында кеңінен баяндалды.

Дәстүрлі түрде өтетін құрылтайдың қашанда салмағы зор. Осы орайда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ел Президенті жүктеген міндеттерге құлақ асып, орындау үшін жұмыстарды қолға алатын болады. Жомарт ЗҰЛПЫХАР, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы

Жомарт Зұлпыхар,

облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері

басқармасының басшысы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар