Қарттарын қадірлеген ел ардақты
Қазақ қарты жасына лайық, аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болатыны хақ. Осындай теңеуге лайық қарияларды қадірлеу, солар бастаған ұлы көшті жалғау, асыл мұраттары мен аманаттарын елдің ертеңіне айналдыра білу мақсатында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің М.Әуезов атындағы кітапханасында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында кездесу кеші өткізілді.
Кешке Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков, ұйымдастыру әдістемелік комиссиясының төрағасы Алдаберді Мақашев, кеңестің мүшелері Пралиева Нұржамал, Шуақ Якүл, Бесімбай Ханымгүл және кітапхананың «Очаг» клубының мүшелері, қалалық «Асыл ана» ансамблі қатысып, кейінгі ұрпаққа ұлылығын ұялатып, үлгі аларлық өмір жолдарының қызықты сәттерімен бөлісіп, Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің білімгерлеріне ақыл кеңестерін айтты. «Асыл Арман» өнер орталығының «Нұршуақ» би тобы мен жас әнші республикалық фестивальдардың жүлдегері Жұматаев Алмат қарияларға ән мен жырдан тарту тартса, «Асыл ана» әжелер ансамблі «Шәмшінің әндерін», «Ах, Самара городок», «Әгугай домбыра» әндерін орындады. Сонымен қатар кітапхананың қызметкері Сапарбек Фариза М.Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» атты өлеңін мәнерлеп оқыды, сонымен қатар, «Қарттарым асыл қазынам» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесіне кітапхана қызметкерлері Сапарбек Фариза «Таңатар Рсаевтың «Аталы сөз – ақылға көз», Гурова Татьяна Фредерик Бакманның «Вторая жизнь Уве» атты кітаптарына шолу жасады. Кеш соңында «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» демекші, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек ата іс-шараға қатысқан білімгерлерге ақ батасын берді. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген қарияларымыздың бүгінгі жастарға тағылымы мол өнегелі өмірлері үшін, тағылымы терең тәрбиелері үшін алғысымызды білдіреміз.
Келесі мақала