МЕКТЕП ТЕКСЕРІСТЕРДЕН ҚАШАН КӨЗ АШАДЫ?
Мектепті ұрпақ тәрбиелеп, балаларды оқытатындықтан киелі орынға балаймыз. Алайда түрлі тексерістердің көптігінен мұндағы ұстаздардың көңілі алаң. Білім ошақтарына ұстаздардың білім сапасын, ондағы жұмыстың жүйелілігін тексерумен қоса, әртүрлі мекемеден санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігін де тексеруге келетіндер көп көрінеді. Әрине, мұнда үнемі балалар болатындықтан олардың қауіпсіздігі маңызды. Десе де мектептерге тексеріс жүргізіліп қана қоймай, болмашы кемшіліктер үшін айыппұл салынуы мұғалімдерді амал
жоқ ақша жинауға итермелейді екен.
Бұл мәселені жақында ғана педагогтердің облыстық тамыз конференциясында облыс бойынша білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков те айтқан болатын.
– Әрине, адам еңбек ететін, жасөспірім білім алатын әлеуметтік нысан болғандықтан ондағы санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі сынды мәселелер маңызды екенінде күмән жоқ. Бірақ сол талаптарға толық сәйкес болуға, материалдық-техникалық жағдайды мінсіз етіп жасауға толыққанды қаржы бөлініп отыр ма?! Мәселенің бір ұшы осында. Сонда, мемлекеттік орган талапқа сәйкес-сәйкес еместікті тексеріп, кемшіліктерді анықтап, әкімшілік шара қолданғанда «Мемлекет – мемлекетке айыппұл салып отырған жоқ па?! Сол қажетті жағдайды жасауға қаражат бермей, қосымша айыппұл арқалатып қойғанымыз дұрыс па? Сондай-ақ соңғы кездері әкімшілік жаза ретінде айыппұлды заңды тұлғаға емес лауазымды тұлға ретінде мекеме басшыларына салу тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Ал айыппұл мөлшері аз қаражат емес. Ол айыппұлды басшы, жұмсартып айтқанда, «ұжым мүшелерімен» бөлісуге мәжбүр болатыны да жасырын емес. Бұл мәселенің екінші бір тұсы. Мемлекет қаржыландыратын мекемелерді тексеру барысында бірден айыппұл емес ескерту, ұсыныс беру, ал ең бастысы қаржы бөлуші «бюджет әкімшісі» деңгейінде осындай түйткілдерді шынайы шешу жолдары қаралып, ескерілсе деген ұсынысымыз бар, – деген болатын Ерұлан Сәбенұлы.
Бұл сөзді ұстаздар да қолдап отыр. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп директоры Нұргүл Шулакова тексерістен шаршағанын айтып отыр:
– Негізі санитарлық-эпидемиол огиялық бақылау басқармасымен қоса, өрт сөндіру қызметінен де тексерістер көп келеді. Бізге көбірек салмақ түсіретіні болмашы нәрседен кінә тауып, әжептәуір айыппұл салатыны. Және оны жеке тұлғаға салады. Осыған дейін өз басым айыппұлды төлеу үшін мектеп қызметкерлерінен ақша жинаған емеспін, бәрін де өз қалтамнан төлеп келемін. Міне, кеше ғана тағы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан тексеріп келіп, біраз кінәрат тапты. Атап айтсам, спорт алаңшаларында ойын және спорт жабдығы, шағын сәулет нысандарының болуы және санитарлық-техникалық жағдайын қарап, кемшілік тауып отыр. Сызық жолақтар жоқ дейді. Шағын сәулет нысандарының болуы деген тек біздің мектеп емес, жалпы ауданымызда жоқ ондай, бірақ біз өз шамамыз келгенінше жасадық. Сосын осы спорттық алаңшаларда секіруге арналған шұңқырлар тас, шыбық, жапырақ түспеген, жоңқа араласқан таза құммен толтырылуы керек екен. Ойын және спорт алаңшаларында жиһаз, жабдықтар балалардың бой ерекшеліктеріне сәйкес келетіндей болуы керек, яғни сондай шкаф алуымыз қажет. Біз оны сұранысқа береміз, бірақ ол сұраныс мақұлданбаса, өз қалтамыздан сатып ала алмаймыз ғой. Нысанның жобалық қуатына сәйкес, біздің білім беру мекемесі 730 балаға арналғандықтан осынша ғана оқушы оқуы керек екен. Алайда біздің мектепте қазіргі таңда 1688 оқушы білім алып жүр. Тағып отырған бұл айыбы менің құзыретімде емес. Мектеп жетіспесе, қайтеміз? Міне, енді тапқан кемшіліктер бойынша тек осы жолғы тексерістің өзінде 600 мың теңгенің үстінде айыппұл салып отыр. Бірақ оған әлі қол қойған жоқпын. Сол үшін тексеруге келген аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкері өз басшыларына баруымды айтып, шақырту қағазын тастап кетті. Мектеп бала оқытып-тәрбиелеумен айналыса ма, жоқ әлде осындай кем-кетікті түгендеумен күн өткізе ме? Тіпті осындай тексерістерден шаршағанымыз с оншал ық, көңіліміз алаңдап отыратын болдық. Негізгі мақсатымызбен еркін жұмыс істеуімізге неге кедергі келтіре береді? Мектеп мемлекеттікі, қажетті құрал-жабдықтарын бермесе, оның бәрін түгендеумен сатып алатын болсақ, амал жоқ ұжымнан заңсыз ақша жинау туындамай қайтеді? – дейді ашынған мектеп басшысы.
Бұл пікірді барлық мектеп директорлары растап отыр. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы, экономист, есепші мамандары мектептерден сұраныс үйіліп-төгіліп келетінін, оның бәрін қамтуға қаржы жетпейтінін айтуда.
– Бізге аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерден қажетті заттарын сұратып, жазған сұраныстар күнделікті келіп түседі. Оның бәрін алып беруге қаражатымыз жетпейді. Біз ең бірінші қызметкерлердің жалақысын уақтылы төлеуді ойлаймыз. Негізі сұраныстағы құрал-жабдықтар бір жылға бекітіледі. Қазір түсіп жатқан сұраныстардың қажет дегендерін келесі жылы қамтылатындарға қосамыз. Сонда да болса аса қажеттілерін үнемделген қаржыдан алуға тырысамыз, – дейді Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова.
Аталмыш аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самат Өскенбаевтың да өз уәжі бар: «Біз де заңнан аттап, артық қадам жасай алмаймыз. Мектепте балалар болатындықтан оның ішкі тазалық, қауіпсіздік шаралары аса маңызды. Спортзал мен алаңшаларында балалар жүгіріп, секіргенде денсаулығына зиян келтірмейтін жағдайдың барлығы жасалуы тиіс. Біздің аудандағы 38 мектептің 28-інде спортзал қарастырылған.
Жамбыл облысы бойынша «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында» ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесімен былтыр 38 мектеп жоспарланған. Жоспар бойынша 38 мектепті «Білім беру объектілеріне қатысты «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында» тексеру парағының «99 талаптар тізбесі» негізінде 38 айыппұл салынды. Бұның 18-і жауапты тұлға ретінде директорға және 20-сы шаруашылық меңгерушісіне тиесілі. Айта кетейін, мұнда көбіне өрескел және елеулі кемшіліктер бойынша айыппұл салынады.
Мысалы, талаптар тізбесі бойынша объекті аумағында сыртқы жасанды жарықтың болмауы, уақтылы ауыстырылмауы және кіру жолдарының, жаяу жүргінші жолдарының қатты жабындысы болмауы кездесті. Дене шынықтыру, спорт алаңдарының және секіруге арналған шұңқырлардың санитариял ық жағд айы талапқа сәйкес емес, қоқыстан тазартылмаған. Спортзалдарының тазалығы сын көтермейді, құрал-жабдықтар уақтылы тазартылмаған. Ауызсу режимдерінің бұзылуы, оқушылардың қолжетімді түрде ауызсумен қамтамасыз етілмеуі, яғни оқушылардың өздерімен бірге арнайы ыдыспен су алып жүруі қадағаланбаған. Мектептердегі су қыздырғыш құрылғылар да істен шыққан. Зертханалық зерттеу нәтижелерінде жасанды жарықтың, залалсыздандыру ерітінділерінің және компьютер кабинеттерінде электро-магниттік өріс қуатының зертханалық өлшеу нәтижелері жоғары болып, бала өміріне қауіп төндіріп, нормаға сәйкес болмау сияқты көптеген кемшіліктер кездесті. Өндірістік бақылау бағдарламасының болмауы да бар.
Мектептердегі шағын орталықтарда құрал-жабдықтарының таңбаланбағанын, кір жуатын орындардың талапқа сай еместігін, жеке гигиена заттарының толық қамтылмағанын көрдік. Жуып-шаю құралдарының таңбаланбауы, арнайы орында сақталмауы да бар. Сонымен қатар жарамсыз, құрамында сынабы бар шамдарды сақтауға арналған жеке үй жайлардың қарастырылмағанына, кәдеге жарату жөніндегі ұйыммен шарт бойынша ереженің сақталмағанына көз жеткіздік.
Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 10 мектеп жоспарланып, тексерілді. 1 117 995 теңге көлемінде 11 айыппұл салынып, 10 объектіге бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілді. Айыппұл 2 мектеп директорына және 9 шаруашылық меңгерушісіне салынды, – дейді аталмыш басқарма басшысы Самат Советбекұлы.
Осында айтылған сыртқы жасанды жарықтың болмауы, уақтылы ауыстырылмауы жөнінде аудандық білім бөлімінің де айтары бар екен.
– Жарық шамдар жиі күйіп кетеді. Себебі электр желілері ескі, ток өшіп, қайта қосылғанда жоғары қуатпен келеді де жарықшамдарды күйдіріп жібереді. Мектеп директорлары жарықшамдарға артығымен тапсырыс береді, бірақ әлгіндей жағдайға байланысты тез күйіп кетеді. Және қазір жарықшамдардың сапалысын табу да қиын екенін білесіздер ғой, – дейді Майра Айдарбекқызы.
Мұндағы басты мәселе айыппұлдың жеке тұлғаға салынуынан шығып отырғанға ұқсайды. Егер заңды тұлғаға салынса, ешкімнің де қалтасына салмақ салмай, мекеменің кемшілігі үшін айыппұлды дау-дамайсыз төлеуіне болар еді. Және мектептің жеке бюджеті жоқтығын да ескеру керек. «Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледінің» кері келіп тұр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Келесі мақала