Баланың бойындағы түсініксіз белгілерді байқаған анасы бірден «Бәйтерек» ықшамауданындағы облыстық балалар ауруханасына апарады. Дәрігерлер қан сынамаларын алып, бүлдіршінді тез арада ауруханаға жатқызады. Мұндай қорқынышты диагнозды анасы бірден қабылдай қоймайды. Дәл сол сәтте көмекке облыстық балалар ауруханасының онко-гематолог дәрігері Шолпан Түленбетова келеді. Ақ халатты абзал жан балақайдың қанын алмастырып, шұғыл түрде реаномобильмен Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми орталығына порталмен жібереді. Науқас Алматыда химиотерапия қабылдап, ары қарай ем-домды Тараз қаласында жалғастырады. Балам қатерлі ісікпен ауырады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Негізі қаназдық (анемия) ауруына көбіміз мән бермейді екенбіз. Өзім де босанғанша осы дертпен күрестім. Баламның да гемоглобин мөлшері төмен болатын. Өң-түсі аппақ баламның сол күні денесінің бір пәсте көгергенін көргенде шоқ басқандай күй кештім. Қан түйіршіктері жарылатындай болып тұрды. Сөйтіп, кейін үш түрлі химия алдық.
Баламның лейкоциті – 80, тромбоциті – 19, гемоглобині 60 еді. Химия алғалы лейкоцитіміз 4-ке түсті. Тромбоцитіміз 32-ге көтерілді. Ал гемоглобин 102 болды. Балам химиядан соң әлсіреп, тамақ ішуге шамасы болмай қалды. Алматыда және Таразда 9 ай бойы ем алдық. Әрине, перзентім үшін бәріне шыдаймын. Ең бастысы, жазылса болды. Мұндай ауыр дертті ауыздықтай білген қайсар балаларды көп көрдім. Расында, дертке шалдыққандар өзін-өзі тастап, өмірден баз кешеді. Шүкір, қазір бірінші Алланың, екіншіден, дәрігерлердің біліктілігінің арқасында балам жазылып келеді, – дейді анасы Жания Аманжолқызы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыста қатерлі ісік дертіне шалдыққан 8 740 науқас есепте тұр. Облысымыздағы онко-гемотолог дәрігер Шолпан Мұратқызы Қазақстанда жыл сайын 600 балаға обыр диагнозы қойылатынын айтады. Облыс бойынша бүгінгі күні 200 бала қатерлі ісікпен есепте тұр.
Жыл сайын 15 балада осындай диагноз анықталады. Өкінішке қарай, Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың саны жыл сайын 10-15 пайызға өсуде. Бірақ отандық медицина заманауи әдіс-тәсілдердің арқасында аурудан толық айықтыруға қауқарлы. Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққан балалар емделетін екі орталық бар. Біріншісі 1991 жылы Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми орталығында ашылды. 2010 жылы алғашқы онкологиялық бөлімше Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында іске қосылды. 2010 жылдан бастап орталықта 18 мыңға жуық науқас емделді.
Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған көптеген әдіс бар.Олардың ішінде химиотерапия, ілеспе сәулелік терапия, сәулелік терапия, сүйек кемігін трансплантациялау және тағы басқалар. Дер кезінде ем-дом алып, күрескен кішкентай батырлар үлкен жеңіске жетеді.Онкологиялық ауру – үмітті үзетін үкім емес. Балалар лейкозы емделеді. Бір айта кетерлігі, бала ағзасындағы онкология ауруын анықтау өте қиын. Сондықтан ата-аналар бала денсаулығына өте мұқият болғаны жөн! дейді Шолпан Мұратқызы. 32 жылдық еңбек өтілі бар Шолпан Түленбетова қатерлі ісік ауруын бірден байқау қиын екенін айтады. Қан мен лимфа арқылы өзге органдарды да шырмап, сауығуды қиындататын ауруды неғұрлым тезірек анықтауда ата-ананың сергектігі басым болуы керек. Егер бала тамақ ішпей, жиі-жиі респираторлық ауруларға шалдыға берсе, жиі әлсіреп, қол-аяғы ауыратынына шағымданып, денесінде кейде көгерген дақ пайда болса, бірден дәрігерге қарату керек. Сонымен бірге аурумен күресуге науқастың жазылуға деген сенімі мен эмоционалдық көңіл күйі өте маңызды. Дәрігер, науқас бала, ата-ананың үштігі мінсіз жұмыс атқарса, ауруды жеңуге болады. Оны өмірдің өзі дәлелдеді, – дейді дәрігер.
Эльмира Байназарова