Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәрбиенің қайнар көзі – ертегі

Тәрбиенің қайнар көзі – ертегі
Ашық дереккөз
Қазақ халқы ықылым заманнан құндақтағы баласын, бесік жырымен сусындатып, өсе келе түрлі ертегі мен аңыз әңгімелер арқылы рухани тәрбиені бойына сіңіріп отырған. Тәрбие талбесіктен деп бекер айтылмаса керек. Жастайынан ертегі мен аңыз әңгімелер, батырлар жырын тыңдап өскен балалардың өмірге деген көзқарасы мүлдем бөлек. Өресі кеңейіп, зейіні ашылатыны айтпасақ та белгілі. Алайда рухани тәрбиенің қайнар көзіне айналған ертегілер бүгінгі таңда ұмыт болып бара жатыр десек, еш қателеспейміз.

Заманның ағымына ілесеміз деп жүріп бала тәрбиесіне де көңіл бөлмейтін болдық. Бүгінгі қоғамда балалар өте ашушаң, сіркесі су көтерместей қиындап кетуінің себебі де осы секілді. Көп ата-аналар жауапкершіліктен қашып, ұл-қыздарына ертегі оқымақ түгіл, өз құрсағынан шыққан бүлдіршіндерін үлкен өмірге бейімдей алмай жатқанын сезіп те жүрген жоқ. Қит етсе болды, бесіктен белі шықпаған баласының қолына ұялы телефонын ұстатып, жыламаудың қамын жасайды. Сонымен қатар жөргектегі баласының қолындағы смартфоннан не көріп жүргенінде шаруасы жоқ. Ол жақтан қандай тәрбие алып жатқанын қадағалайтындар да шамалы.

Осылайша кеше ғана дүние есігін ашқан балапандарымызға қолдап қиянат жасап жатқанымыз бесенеден белгілі. Ұлттық құрылтайдың Түркістан қаласында өткен екінші отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге айрықша назар аударды. «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі.

Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр», деді Президент. Бұрынырақ ата-әжесінің ертегілерін тыңдап өскен балалардың қиялында шек жоқ болатын. Қиялы шарықтаған адамдардың санасы түбі жоқ теңіздей тереңде жатыр. Ақ жаулықты апаларымыз бен қазыналы қарияларымыз немерелеріне ертегі арқылы рухани тәлім-тәрбие бере отырып баланың ұлттық идеологиясын оятып, еліне, жұртына деген махаббатын ашқан. «Сөз атасы ертегі, Құраннан сыр шертеді» деп, ата-бабаларамыз ертегінің мән-мағынасын бірауыз сөзбен түсіндіре білген. Ертегі – хадис, аңыз әңгімелер мен қиссалардан алынған тәрбиенің темірқазығы. Соны ұмытпасақ болғаны.

Аят Бәтей,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік

университетінің студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар