Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Руханият – адам жанының азығы

Руханият –  адам жанының азығы
Ашық дереккөз
2024 жыл Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы үшін елеулі, мерейлі жыл болып отыр. Өйткені орталықтың ашылғанына биыл тура 5 жыл. Бес жыл да аз уақыт емес деп білеміз. Сондықтан да өзіміз үшін атқарған жұмыстарымызды бір саралап, ел-жұртқа есеп бергенді парыз деп білдік. Зиялы қауым өкілдерінің сұранысымен Жамбыл жерінде 2019 жылы 25 желтоқсанда халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімімен аталатын Руханият және тарихтану орталығы облыстың 80 жылдық мерейтойы аясында салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына көптеген ел ағасы мен қадірлі аналары, қыздары куә болды. Орталыққа Шерхан Мұртазадай тұлғаның есімі берілгенін естіген ел игі істің жүзеге асқанын құп көрді.

 Яғни орталықтың негізгі жұмысы 2020 жылдан бастау алды. Бұл жылы «Шынның жүзі – Шераға» тақырыбымен онлайн форматта алғаш облыстық жас ақындардың жыр мүшәйрасы мен бейнероликтер байқауы ұйымдастырылды. Жыр додасының жеңімпазы Нұржан Қадірәлінің алғашқы жыр жинағы – «Жүрек өрті» баспадан шығып, оның тұсаукесер рәсімі де орталықта ұйымдастырылды. 2020 жылы орталықтың ұсынысымен жазушының Тараз қаласындағы «Астана» ықшамауданындағы өзі тұрған үйге ескерткіш белгі қойылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жарық көрген «Ерліктің даңқы мәңгілік»-«Бессмертный подвиг» атты кітап-альбомының тұсаукесер рәсімі өтті. Жыр дүлдүлі, айтыс өнерінің дарабозы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ақыл ойдың алғыры» атты облыстық жабық ақындар мүшәйрасы, өзге ұлт өкілдері арасында облыстық, республикалық «Жамбыл жырлары» байқауы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Онлайн форматта өткізілген байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері қатысып, өз өнерлерімен де тамсандырды. Аталмыш датаны атап өту «Айтыстың ақтаңгері, өлең-жырдың дүлдүлі» тақырыбымен Жамбыл атамыздың ұрпақтарымен кездесу форматында жалғасты. Осылайша жыр алыбының есімі өлкемізде ерекше түрде ұлықталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасын іске асыру мақсатында көктем мерекесіне орайластырып жамбылдық қыз-келіншектер арасында өткен «Әулиеата бұрымдылары» атты облыстық онлайн-байқауы да тағылымға толы болды. Мұндай форматтағы байқау Жамбыл өлкесінде алғаш рет ұйымдастырылған десек, қате айтпаспыз. Ұлттық дәстүрді ұлықтаудың жалғасы ретінде облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Тараз қаласындағы мекемелер арасында ұмытылған салт-дәстүрлер мен тағам түрлерін насихаттау мақсатында «Дәстүрім – қазынам» байқауы да ұйымдастырылды. Қазақ поэзиясында өзіндік ізі бар, шоқтығы биік тұлғалардың мерейлі жылына орай әдеби-сазды кештер ұйымдастыру да орталықтың дәстүрлі шараларына айналды. Нар тұлғалы ақын Нарша Қашағанұлының туғанына 70 жыл толуына орай «Наршаның сөзі – баршаның сөзі», өлең-жырдың ақ гүлі Күләш Ахметованың 75 жасқа толуына орай «Жапырақ –жаздың жүрегі», ақын Арғынбай Бекбосынның туған күні қарсаңында «Елінің салқындамас сағынышы» атты іс-шаралар көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ көне қаланың зерттелуіне еңбек сіңірген тарихшы, археолог, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадияр Елеуовтің, Мәмбет Қойгелдиевтің 75 жасқа толуына орай ғалыммен кездесу де орталықта ұйымдастырылды.

Түркі әлемінің саяси және мәдени орталығы болған Тараз еліміздегі тарихы терең қалалардың көшін бастайды. Асау толқынына талай сыр бүгіп жатқан Талас өзенінің бойында орналасқан қаланың тарихы 2000 жылдан асып жығылады. Көне қала туралы ертеде әлемдік саяхатшылар мен тарихшылар өз жазба деректерінде талай дәйекті мағлұматтар қалдырған. Бұл жай орталық назарынан тыс қалмай, халықаралық форматта «Тараз және Түркі өркениеті» ғылыми конференциясы да өтті. Оған алыс және жақын шетелдерден тарихшы-археолог ғалымдар қатысып, өздерінің тың деректерін баяндады. Өлке тарихын, әдебиетін, мәдениетін таныту бағытында «Өлкеңді таны» танымдық ойыны, «Туған жердің тасы да ыстық» ғылыми мақалалар байқауы, «Тәуелсіз елдің жүрегімін» облыстық шығармалар байқауы үш жас ерекшелігін ескере отырып өткізілді. Жазушы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай біршама кешенді іс-шаралар да жүзеге асты. Шерхан Мұртазаның Жуалы ауданының Талапты ауылындағы үйін мұрагерлері мемлекет меншігіне сыйға беріп, бүгінде ол үй Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды үйі ретінде ашылды. Шер-аға тойы сол үйдің маңында дүркіреп өтті. Аталмыш үй тек музей функциясын ғана емес, сондай-ақ облыс бойынша жас жеткіншектерге әдебиет сабақтарын саяхат арқылы тану орталығы ретінде де қызмет көрсетеді. Соның негізінде 2022-2023 жылдары «Түсіме жиі Мыңбұлақ кіреді» әдеби сағаттар легі циклді форматта үздіксіз ұйымдастырылып отырды. 2024 жылы да бұл үрдіс өз жалғасын табады. Бір жыл ішінде Шераға үйіне 1000-ға жуық қонақ арнайы ат басын бұрып, рухани тәлім алды.

Олардың қатарында мектеп оқушылары мен студенттер көп. Бұл үйден Шерхан Мұртазаның елуден аса қойын дәптері, жүзден аса хаты, қолжазбалары анықталды. Ол құжаттар бүгінде Руханият және тарихтану орталығында сақталған. Күнделік жазбалары негізінде 2022-2023 жылдары «Ауылды, сені сағынам» атауымен төрт томдық жинағы жарық көріп, бүгінде облыстық кітапханаға берілді. Сонымен қатар жазушының мерейтойына орай республикалық «Шынның жүзі – Шераға» мүшәйрасы ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары Жуалы жеріндегі салтанатты шарада марапатталды. Жазушының 90 жылдық мерейтойы осылайша кең көлемде атап өтілсе, бүгінде соның бір жағында орталықтың да өз үлесі барын мақтанышпен айтамыз. 2023 жылы Шерхан Мұртазаның: «Театр көбейген елде түрме азаяды» деген сөзін алға тартып, мектеп жасындағы оқушылардың арасында «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальға облыс аумағынан барлығы мектеп жасындағы балалар арасынан 7 ұжым өнер көрсетті. Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған «Ақын – от, лаулап жанар аспанға өрлей» атты жыр сайысының да ерекше форматта өткен жайы бар. Сонымен қатар өткен жылы «Алаш апталығы» аясында түрлі форматтағы 5 іс-шара ұйымдастырылды.

Оның ішінде әдеби-сазды кеш, жас өнерпаздар концерті, «дөңгелек үстелдер» мен кездесулер өтті. Осылайша 500-ге жуық мектеп оқушысы арасында қазақтың дара перзенттерінің нақыл сөздері, фотосуреттері, еңбектері кең көлемде таныстырылды. Әр жылдары орталықтың қызметкерлері облыс әкімінің «Әулиеата үміті» сыйлығына ие болғанын атап өткен ләзім. Мысалы, ақын Дидар Апбасов «Үздік жас айтыскер» номинациясын еншілесе, «Үздік баспасөз хатшысы» номинациясы бойынша Ғалия Аблай, «Үздік мобилограф» номинациясы бойынша Берік Жолшан марапатталды. Жалпы орталық 5 жылда 70-ке жуық «дөңгелек үстел» мен кездесулер, сұхбаттар, 10-нан аса әдеби-сазды кеш, 5 кітаптың тұсаукесер рәсімін, 20-ға жуық түрлі форматтағы байқаулар мен мерекелік шаралар, 1000-ға жуық экскурсия, ауқымды 2 конференция өткізді. Одан бөлек 200-ге жуық танымдық-тарихи мақала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Телеарналардың танымдық жобаларында тұрақты түрде сұхбаттар беріліп келеді. Биыл аталмыш іс-шаралар «Мың бір мақал», «Дәстүр» фестивалі, «Өлкеңді таны» танымдық ойыны, Мейрамбек Төлепберген, Қайырбек Асанов, Үміт Битенова, Хамит Есаман сынды тұлғалармен кездесу және «Жас археологтар» клубын ашу сынды жобалармен өз жалғасын таппақ.

Сауран Қалиев, Ш.Мұртаза атындағы

руханият және тарихтану

орталығының директоры

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар