
Бәріміз ауылда өстік, қарапайым отбасында тәрбие алдық. Талас ауданындағы С.Шәкіров ауылында қой бағып, шаруада шаң кешіп жетілдік. 2000 жылдары Таразға өмір арнасы бұрылды. Жалпы отбасымызда ағам да, інім де фотографияға әуестендік. Алғашқы сурет түсіру әрекеттерім ауылдағы армандардан бастау алды. Таразда күтіп тұрған жұмыс жоқ. «Динамо» деген фотостудияға жұмысқа тұрдым. Бірақ ойым, мақсатым үлкен басылымдарда еді. Осылай жүріп облыстық ата басылым «Ақ жол» газетіндегі сол кездегі бас редактор, белгілі балалар жазушысы, марқұм Әлдихан Қалдыбаев ағаға бардым. Әлдихан аға сол кездің өзінде зейнет жасында еді. Ата басылымда орын болмай тұрғанын айтты. Бірақ редакциядан ат құйрығын кесісіп кеткен жоқпы.
2005 жылы ақын Азамат Есалымен кездесіп қалдым. Ол өңірде осындай жастар газеті ашылайын деп жатқанын, қабілетті азаматтарды белгілі журналист, ақын, сазгер Болат Бекжанов ағамыздың жинап жүргенін айтып, мені сол кісіге алып барды. Болат Бекжанов менің қабілетімді әбден бағдарлап, бірақ айлықтың жоқ екенін, есесіне әр суретке гонорар төленетінін ескертті. Осылайша аталған жылдың тамыз айы жастар газетіне ең алғаш барған сәтім болып өмір бойы есімде қалды. Содан күнде орталық алаңдағы әкімдік ғимаратының алдына жиналамыз. Әлі ешқайсымыздың кабинетіміз, редакция отыратын ғимарат та жоқ. Бәріміз далада жиналып, тапсырмаларымызды үйіп-төгіп алып кетеміз. Қазіргідей электрондық жүйелер атымен жоқ. Ол кезде бұл газет үшін деп бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. Газеттің тағдыры әлі талқылауда жатқан еді. Соған қарамастан Болат ағамен бірге газетті шығаруға кірісіп кеттік. Былайша айтқанда, өз ісімізге деген фанат болдық. Шыны керек, айлыққа да, басқаға да қарамадық, осы саланы жақсы көргендіктен бе, жан аямайтынбыз. Бір күні бас редактор азанымен маған газетке бір картина шығу керек деді. Көкпар тартып тұрған жігіттердің картинасын жергілікті суретші салған екен. Соны суретке түсіру керек деді. Ол картинаның авторын іздеп Қаратауға барсам, ол оны Жаңатастағы бір кісіге сыйлап жіберіпті. Оны іздеп Жаңатасқа бардым, ал ол кісі оны Жамбыл ауданындағы Асада тұратын біреуге беріп жіберіпті. Сонда қарап тұрсаңыз, не іссапар төленбейді, не жолкіре, не басқа жоқ. Қазір ондайға іссапар төленбесе ешкім бармайды ғой өз ақшасына. Сол кезде өз ақшамызбен, өз аяғымызбен аудан - аудандарды аралап жүретінбіз.
Ерекше айта кетерлігі, Болат ағаның көрегенділігі, жастардың барлығын бір шаңыраққа жинап, топтастыра беруі, адам тани білуі еді. Өзінің орынбасары әрі журналист Бақытжан Оспанов, журналист, марқұм Телғара Үсенбаев, жауапты хатшы Марат Құлибаев, өзімізге бұйрық та шықпаған, бірақ ауызша әрбірімізді қызметке сайлап алғанбыз.
Сол адам танитындығынан Болат аға бәрімізді бірден бауырына басты. Шыны керек, сол кездегі әрбір мықты жастың көбісін Болат ағаға Азамат Есалы ертіп барған болатын. Мен де солардың қатарынан табылғаныма қуанамын. Әлі есімде, 13 қазанда Тараз қаласындағы Әйтиев көшесінің бойындағы ғимаратқа жиналып, мекенжайымыз пайда болды. Ешқандай техника жоқ. Әркім өз компьютерімен, мен өз фотоаппаратыммен жұмыс істеуге тура келді.
Сол кезде бәріміз бір толқын болып келдік. Жәй толқын емес, екпіні қатты толқын деп айтсам артық болмас.
Бір күні мен әдеттегіше сурет түсіріп келдім. Ол уақытта суреттің өзі пленкаға түседі, оны қазіргідей қалай түскенін бірден көре алмайсың, шығаруының өзі машақат. Сол суретті Болат аға қарап тұрды да, жыртып, алдыма тастады. Сөйтті де: «Сен жай көшедегі фотограф емессің, сен фотокорреспондентсің, сен соның айырмасын ұғына аласың ба, егер оны ұқпасаң ештеңе шықпайды» деді. Содан бұрынғы ескі газеттерді, кітаптарды, оқулықтарды, республикалық басылымдарды ақтарып, көп іздендім. Ол кісі сондай талпыныс берді. Жастардың барлығына солай айтатын. Бір күні Есет Досалыға жаңадан шыққан газетті алдына тастай салды да, «Сен жазған жоқсың мына материалды, мен жаздым» деп өзінің қызыл-ала қылып түзеткенін көрсетті. Солай бәрімізді жеке-жеке тәрбиеледі. Ешкім келе сала журналист болып кеткен жоқ. Ұрысатын, сосын өкпелеп есік алдында тұрсаң, қасыңа келіп қызықты анекдоттар айтатын, содан кейін барып көңілімізді жібітіп, идеяларын түсіндіретін, ой тастайтын. Сонымен қатар ол кісінің тағы бір ерекшелігі, өзі материалдың тақырыбын, басын, ортасын, соңын дайындап отыратын. Былайша айтқанда, материалдың қаңқасын қалыптастырып қоятын. Тілшілерді де сондайға бейімдеді. Сол тағылымды көрген Ерлан Жүніс, Өркен Кенжебек, Хамит Есаман, Гүлнұр Ембердиева, қай - қайсысы да жаман болған жоқ. Әрбірін қолынан жетектеп жүріп тәрбиеледі. Тараздағы жас журналистерге деген еңбегі ұшан-теңіз.
Болат аға журналистиканың бір буынын толық тәрбиелеп шықты. Олардың арасында фотограф та, ақын да, журналист те, қаламгер де бар. Барлығы Болаттың бешпетінен, «Ар-Ай» басылымының қазанынан қайнап шықты. Сан қырлы жастардың шығармашылығын ғана емес, шеберлігін де шыңдай білді. Кейде маған біреулер «Мықты түсіріпсіз, мықты фотографсыз ғой» деп жатса, менің ондай дәрежеге жетуім бірінші Алланың, сосын Болат ағаның, осы «Ар-Ай» газетінің арқасы. Егер сол кезде суреттерімді жыртып, алдыма лақтырып жіберіп, түсіндірмегенде сол деңгейде қалып қалар ма едім, кім білсін?
Бір күні Болат аға маған «Алтынбек, осы жерде тапжылмай, аянбай 5 жыл жұмыс істесең, бес жылдан кейін осы жұмыс саған қызмет етеді» деді. Ал осы газеттің ашылуына тікелей ықпал еткен Масат Берік аға «Жақсының қасында жүрсең шарапаты тиеді, жақсы жерге ұйықтасаң жақсы түс көресің, осы жерде жүрсең жаман болмайсың» деп айтатын. Сол кезде ол кісілер менің қазіргі жасымда екен, қазір сол кісілердің жасына жетіп, тіпті асып барамыз. Небір қызықтар өтті. Ешқайсысы ұмытылмайды. «Ар-Ай» газетінің қашанда айы оңынан болсын! «Ақ жол» секілді ғасырдан асып, аймақтың ақпарат айдынында көзі тірі шежіреге айналсын!
Алтынбек ҚАРТАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар газетінің фототілшісі