Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ – Ессіздің Ермегі

ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ – Ессіздің Ермегі
ашық дереккөз
ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ – Ессіздің Ермегі
Жыл санап жастардың электронды темекіге әуестеніп бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр. Жақсыны үйрену қиын, ал жаманды оңай меңгеріп алуға болады. Дегенмен жаман нәрсеге еліктеймін деп денсаулықты қалай құртып алғанымызды байқамай қаламыз. Қазір кез келген дүкенде вейп түрлі дәмдермен сатылып жатады. Балалар қызығып алса, ересектер темекіні қою үшін вейпті қолданады. Алайда вейп – жаман әдеттен арылудың ең тиімсіз жолы. Әсіресе дене бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін электронды темекі аса қауіпті. Вейптің құрамында формальдегид сынды химиялық зат болады. Мұндай қоспалар кейін бауырға жиналып, аурулардың пайда болуына себепкер болады. Ең маңыздысы, қауіпті қоспалар тек вейпті қолданып жатқан адамға ғана емес, сонымен қатар жанында отырған кісіге де аллергия тудырады. Шылымның денсаулыққа әсерін зерттейтін Лондондағы орталықтың маманы Аманда Сэнфорд электронды темекінің құрамында да никотин бар екенін дәлелдеген. Бірақ вейп қорапшасының сыртында никотин мөлшері жазылса да құрамында никотиннің жоғары болатыны анықталған. Және түтінсіз темекіні шығару үшін тағы қандай қосылыстарды қосқаны белгісіз. Сондықтан да вейптің зияны ұшан-теңіз. Одан шыққан будың құрамында не бар екенін біле бермейміз. Сол себепті көрінген нәрсені қолданғанша, болашақты уайымдап, денсаулықты күткен жөн. Біз организмімізге немқұрайдылықпен қарағандықтан өз өмірімізді өзіміз қысқартамыз. Денсаулық мәңгі емес. Ол да күндердің күнінде қолдау мен көмекке зәру болады. Адам өз денсаулығын күтпесе, басқалар мүлдем көмектесе алмайды. Вейпті дүкеннен ақшаға сатып алады. Алайда денсаулыққа қауіп төнгенде ақшамен оны қайтарып алу мүмкіндігі өте төмен. Ақша денсаулықтың қасында ешқандай рөл ойнамайды. Сол үшін денсаулық әрдайым басты байлық болып қалады. Дертке шалдыққанша денсаулықтың қадірін ешкім білмейді. Қаншама ауруға денсаулықтың төтеп беруі мүмкін емес. Ішіп-жеп жатқан тағамға мән беріп, денсаулықты ойлау керек. Бір қуантарлығы, жас ұрпақтың өмірін қорғау үшін еліміз вейптерге тыйым салды. Жақында Парламент Мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң жобасында темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары қарастырылған. Оған сәйкес енді елімізде вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. Жаңа норма бойынша, вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Дәлірек айтқанда, вейпті сатқаны үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу, әкеліп, таратқаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар осы заң аясында медициналық қызметкерлерге емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай емдеудің оңтайлы әдістерін таңдау мүмкіндігін беру үшін медициналық көмек көрсету кезіндегі міндетті клиникалық хаттамаларды қолдану алынып тасталады. Жастарымыз әр жылтырағанға алданбай, өзіндік дұрыс ой-түсінік қалыптастыру қажет. Жасөспірімдер үлкенді тыңдаса жаман болмайды. Үлкендер де өз кезегінде денсаулықты күтіңдер деп кеңес беріп жатады. Болашақ тек денсаулығың жақсы болған кезде ғана жарқын. Келешектің кемел болуы үшін деннің сау болуы маңызды. Арақ ішіп, темекі шеккен адам денсаулығының түбіне жетеді. Жаманға ермей, ақылды, сау ұрпақ болуға тиіспіз. Абат ДӘУЛЕТОВ, Жамбыл жоғарғы медициналық колледжінің оқытушысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар