Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЖАҢАТАС-ҚАРАТАУ-ТАРАЗ» БАҒЫТЫНДАҒЫ ПОЙЫЗ ТҰРАҚТЫ ҚАТЫНАП ТҰРСА...

«ЖАҢАТАС-ҚАРАТАУ-ТАРАЗ» БАҒЫТЫНДАҒЫ ПОЙЫЗ  ТҰРАҚТЫ ҚАТЫНАП ТҰРСА...
ашық дереккөз
«ЖАҢАТАС-ҚАРАТАУ-ТАРАЗ» БАҒЫТЫНДАҒЫ ПОЙЫЗ ТҰРАҚТЫ ҚАТЫНАП ТҰРСА...
Кезінде өркендеген өндірісі арқылы елімізге әйгілі болған Қаратау қаласында 30 жылға жуық өмір сүріп келемін. Шаһарымыз тоқсаныншы жылдары құлдырап, күнкөріс қиындағанда тұрғындар біртіндеп жан-жаққа көше бастады. Сонда да сүйікті қаламды тастап кете алмадым. Сол бір күрделі кезеңде Қаратау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер қараусыз қалғандықтан қаңғыбастардың мекеніне айналғаны күні бүгінгідей көз алдымда. Десе де Қаратау қаласы жыл өткен сайын дамып, қайта құлпырып келеді. Қараусыз қалған үйлер жөнделіп, сәулеті келіскен жаңа нысандар бой көтеруде. Жаңа жұмыс орындары ашылғаннан кейін халық саны да арта бастады. Қаратауда тіршілік қазаны қайта қайнап, екінші тынысы ашылды дегенмен шешімін күтіп тұрған мәселелер де баршылық. Әсіресе тұрғындарды қолжетімді көлік қатынасымен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Бұрын «Жаңатас-Қаратау-Тараз» бағытындағы пойыз Алматы қаласына дейін қатынайтын. Бірнеше жылдан бері пойыз тек қыс мезгілінде ғана қатынайтындай болды. Бағасы қолжетімді. Бар болғаны Тараз қаласына 590 теңгеге жетіп алатынбыз. Негізі коронавирус індетіне дейін қоғамдық көлік те үздіксіз жүріп тұрды. Таңғы 06:00-ден кешкі 18:00-ге дейін тоқтаусыз тұрғындарды Тараз қаласына тасымалдайтын. Карантин кезінде тыйым салынып, қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатты. Тек такси жүргізушілері ғана діттеген жерімізге апарып, алып келіп жүрді. Дәурені жүріп тұрған соң такси қызметін ұсынып, нәпақа тауып жүргендер бағаны шарықтатып жіберді. Бұрын баға 800-1 000 теңге болса, карантиннен кейін 1 500-2 000 теңгеге бір-ақ жетті. Пандемия аяқталса да пойыз, қоғамдық көлік қатынасы қалпына келмеді. Аз уақыт ішінде «InDriver» такси қызметі ғана қалды. Такси жүргізушілері қарлы, боранды күндері бағаны тіпті өсіріп жіберіп, қалтаңды қағып алады. Отбасын асырап отырған жүргізушілерді де кінәлай алмайсың. Бірақ олар ұсынған қымбат бағаны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан барлық Қаратау қаласы тұрғындарының атынан «Жаңатас-Қаратау-Тараз» бағытындағы пойыз тек қыс мезгілінде ғана емес, жыл он екі ай тоқтаусыз қатынап тұрса деген тілегімді жеткізгім келеді.

Алима ЖҰМАБАЕВА, Қаратау қаласының тұрғыны

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар