Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕСКІРГЕН ЖЕДЕЛСАТЫЛАР ЕЛДІҢ ЕСІН ШЫҒАРДЫ

ЕСКІРГЕН ЖЕДЕЛСАТЫЛАР ЕЛДІҢ ЕСІН ШЫҒАРДЫ
ашық дереккөз
ЕСКІРГЕН ЖЕДЕЛСАТЫЛАР ЕЛДІҢ ЕСІН ШЫҒАРДЫ
Жыл өткен сайын шаһарда еңселі ғимараттар көбейіп, тиісінше тұрғындардың жеделсатыға деген қажеттілігі де арта түсуде. Әрине, зейнет жасындағы, аяғы ауыр немесе балалы тұрғындар үшін жоғарғы қабатқа шаршамай көтерілген тамаша-ақ. Дегенмен бүгінде кейбір ғимараттардағы жеделсатылардың тозығы жеткен. Тіпті тұрғындар жеделсатыны қолданудан қорқады десек, артық айтқандық емес. Себебі ескірген жеделсатылар жиі істен шығады. Осыған орай тұрғындар тарапынан да айтылатын шағым көп. Жеделсатының жиі істен шығуына байланысты қарттардың апталап үйден шықпайтын кездері де болады. Тіпті облыс әкімдігінің басқармалары мен емхана сияқты мемлекеттік мекемелерде жиі-жиі істен шығады. Мәселен, №5 қалалық емханада ұзақ уақыт жеделсаты жұмыс істемей қалып, көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Шыдамы шегіне жеткен халық әлеуметтік желілерге арыз-шағымын жазуға мәжбүр болды. – Тараз қаласындағы №5 емхананың жұмысына көңілім толмайды. Атап айтқанда, мекеменің жеделсатысы бұзылып тұрғанына біршама уақыт болды. Алайда емхана басшылығы ешбір әрекет жасайтын емес. Жеделсатының қосылмай тұрғанына екі айдан асты. Мемлекеттік емхана болса да осындай мәселелердің назардан тыс қалып жататынына күйінесің. Негізі басшылар бұл мәселе туралы тиісті тарапқа шағымданған екен. Бірақ мәселе шешілмепті. Емхана басшылығы бірінші қабатта қарттарға, мүгедектерге қызмет көрсететін бөлмелер бар екенін айтады. Иә, оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ жеделсатыға зәру өзге де емделушілер жетіп артылады ғой. Жүкті әйелдерге баспалдақпен көтеріліп, төмен түсу оңай емес. Осы мәселені қарауыңызды сұраймыз, – делінген «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «taraz_v_obektive» парақшасында жарияланған жазбада. Жауаптылардың сөзіне сенсек, емханада қазіргі уақытта жөндеуден өткен жеделсаты кедергісіз жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ өткен жылы Абай даңғылы, №159а мекенжайында орналасқан 12 қабаттық тұрғын үйдің де жеделсатысы бірнеше ай бойы жұмыс істемей, тұрғындарды әбігерге салғаны елдің есінде. 80 пәтерлі тұрғын үйде көпбалалы отбасылар мен қариялар көп тұрады. Тұрғындар жеделсаты бұзыла бергеннен кейін төменге түсе бермес үшін азық-түлікті артығымен алатын болған. – Шықсақ, түсе алмай, түссек, көтеріле алмайтын жағдайға жеттік. Әсіресе қарияларға қатты қиын болды. Өзім де зейнеткермін, төменге түсуім де, жоғарғы қабатқа шығуым да қиын. Жеделсаты бұзылған соң далаға екі-үш күнде бір-ақ шығып жүрдік. Жалпы жеделсаты «жыры» былтыр ғана туындаған жоқ. Жылдар бойы есімізді алып бітті. Жарайды, біз жиі істен шығатынына үйреніп қалдық. Бірақ сырқаты жанын сыздатқан қаншама зейнеткер үйде отыруға мәжбүр. Ең өкініштісі, жедел жәрдем дер кезінде жеткенімен жеделсаты барлық уақытта жоғары көтерілуге дайын емес. Талап-арызымызды кімге барып айтсақ та бәрі бекер болды. Жеделсатыны жөндейтін маман таппай әбден сабылдық. Әрине, қала әкімдігі құрылғыны жаңартып берді ғой. Бірақ әлі де «жеделсаты қашан істемей қалар екен?» деген уайыммен өмір сүріп жатырмыз, – дейді қала тұрғыны Алтынкүл Жұмабаева. Сыртқа шығып, күнделікті шаруаларымен айналысуы мұң болған көпқабатты үйде тұратындардың кейбірі пәтерлерін сатып құтылғысы келеді. – Жоғарғы қабатқа мініп-түсу зейнет жасындағы адамға оңай емес. Жеделсатысы істейтін жақсы үй болса, пәтерімді сатқым келеді. Барынша ертерек құтылғым келіп жүр. Мұндай үйде тұра алмаймын. Себебі қанша жерден жөндеуден өтті десең де күндердің күнінде қайталанатыны сөзсіз, – дейді Абай даңғылы, №159 үйдің тұрғыны Манат Түлекқызы. Сол секілді Қазыбек би көшесі, №141 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде 27 жылдан бері тұрып келе жатқан Александр Рудчуктың айтуынша, осы мәселе мұндағы тұрғындардың да бас ауруына айналған. Өткен жылы ауыстырылған жеделсатының тоз-тозы шыққаны өз алдына, пайдалану мерзімі де әлдеқашан өтіп кеткен екен. – Бұрынғы жеделсаты жаңасына қарағанда өте шулы болатын. Әрі соңғы уақыттарда жиі бұзылатын еді. Айлап жұмыс істемей тұрған кездері де болды. Соңғы бірнеше жылда жиі істен шыға бастады. Бір жолы жеделсаты қабаттар арасында кептеліп қалғанда ішінде қалған көршілер 2 сағатқа дейін шыға алмай отырды, – дейді А.Рудчук. Жалпы шаһарда көппәтерлі тұрғын үйлерде 58 жеделсаты болса, 29-ы Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастар бөлімінің теңгерімінде екен. 29 жеделсатының 27-сінің әбден тозығы жеткен. Ескі жабдық жиі істен шығады. Тұрғындарды алаңдатқан мәселеге қала әкімдігі атүсті қарамай, өткен жылдан бастап тиісті жұмыстарды қолға алған. Нәтижесінде жыл басынан бері 6 жеделсаты ауыстырылыпты. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Асанәлі Түкебаевтың айтуынша, өткен жылы қала әкімдігі теңгеріміндегі 29 жеделсатыға техникалық қызмет көрсетуді «ASIA GLOBAL LIFT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Ал қала әкімдігінің теңгеріміне алынбағандарына қызмет көрсету өнеркәсіптік қауіпсіздік органымен аттестациядан өткен мердігерлермен шарт негізінде жүзеге асырылады екен. – Осы тұста ерекше атап өтерлігі, бөлім теңгеріміндегі жеделсатылар Беларуссиядағы «МогилевЛифтМаш» зауытынан шыққан және қазіргі таңда өндірістен алынып тасталған ескі үлгілер. Олардың пайдалануға берілген мерзімі – 2009-2010 жылдар аралығы. Жалпы қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Тозығы жеткендерін ауыстыруға әкімдік тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Былтыр 88,2 миллион теңгеге 6 жеделсатыны «ТаразЛифтСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары ауыстырып берген. Ал биыл – 10, 2025 жылы 11 жеделсатыны ауыстыру жоспарда бар, – дейді А.Түкебаев. Ал «ТаразЛифтСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дмитрий Комаров компания биылдың өзінде 4 үйге жеделсаты орнатып, тағы 2 үйде ескіні бұзу (демонтаж) жұмыстарын жүрігізгенін айтады. – Бұрын жеделсатыда 7 киловаттық қозғалтқыш тұрса, қазір 3,5 киловаттық жетілдірілген түрін қойдық. Соған қарамастан 450 келіге дейін салмақты еркін көтереді. Біз орнатқан жеделсатыға 1 жыл кепілдік береміз, – дейді Д.Комаров. Жаңадан орнатылғандарында қауіпсіздікке барынша мән берілген. Ішінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы құрылғылар бар. Мысалы, тростары үзіліп кетсе, жеделсаты тез тоқтайды. Бірден құрылғының бұзылғаны жөнінде датчикпен хабарлама беріледі. Сондай-ақ арнайы телефон орнатылған. Ішінде адамдар қалып қалған кезде батырмасын басса, бірден операторға түседі де 20 минуттың ішінде көмек келеді. Сондай-ақ Асанәлі Әбдімүтәліпұлы қала әкімдігіне қарамайтын жеделсатылары бар өзге де көппәтерлі тұрғын үйлер кондоминиум нысаны ретінде тіркелгенін жеткізді. Бұл үйлерде кондоминиум қатысушыларының құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ ортақ мүлікті күтіп ұстау және басқару мәселелері тұрғын үй қатынастары туралы заңның ережелерімен реттеледі. Яғни пәтер иелері ғимараттың жеделсатылары кіретін ортақ мүлкінің сақталуына және пайдалану қауіпсіздігіне үлес қосуға, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету шығындарына қатысуға міндетті. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, Тараз қаласында жеделсатыны жөндеу және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын 5 компания бар. Сондықтан маман тапшылығы жоқ деп есептейді. Қазір Тараз қаласында биіктігі 12 қабатқа дейінгі көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл шаһарда 71 көпқабатты үй салу жоспарлануда. Алайда осы үйлердің болашақ тұрғындары қазірдің өзінде «ол үйлердің жеделсатысының жағдайы қандай болар екен?» деп алаңдайды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар