Мерейлі мерекеге орай ұйымдастырылған жиынды аймақ басшысы құттықтау сөзбен ашып, әйелдердің қоғамдағы орны маңызды екеніне тоқталды. – Көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өздеріңізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздерді және облыстағы бүкіл әйел-аналарды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі кездесуге түрлі салада қызмет етіп, еңбек адамының жарқын үлгісін көрсетіп жүрген нәзікжандылар қатысып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ана мен бала қамқорлығына ерекше назар аударуда. Оған елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы негіз бола алады.
Облыс бойынша 100 жастан асқан және биыл 100-ге келетін 36 әже болса, оның ең үлкені 109 жастағы Байзақ ауданының тұрғыны Райхан Шомаева. Ардақты аналарымыздың дүниеге сәби әкеліп, жас ұрпақ тәрбиелеудегі өлшеусіз қызметін біз ерекше құрметтейміз. Өздеріңізге белгілі, «Анаға тағзым» орталығы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының құрамына қосылды. Сөйтіп облыстық отбасын қолдау орталығына айналды. Бүгінгі таңда осы іспеттес отбасын қолдау орталықтарын Байзақ, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында ашу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар өңірдің басқа да аудандарында жалғасын табады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан соң «Дарын» лицей-интернатының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Айдарбекова сөз алып, білім саласында келелі істер атқарылып жатқанын айтты. Ал облыстық сот судьясы Гүлнар Асылбекова елімізде мемлекеттік қызметте жүрген қыз-келіншектердің саны жыл санап артып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Қордайлық жеке кәсіпкер Тоты Сәрсенбаева мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, ауданнан құс фермасын ашып, еңбегінің жемісін көріп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ меркілік кәсіпкер «Мұрат және К» шаруа қожалығының басшысы Асит Арықбаева кезінде талай ауырпашылықты бастан өткергенін, табандылығының арқасында қазіргі уақытта беделді кәсіпкерлердің біріне айналып отырғанын әңгімеледі.
Таластық «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана Оксана Лобанованың ұлтқа, Отанға деген сүйіспеншілікке толы сөздері көңіл қуантты. Басқосуда облысымызға танымал жас ақын Алина Айдаралы аналарға әдемі жыр арнады. Аймақ басшысы кеш соңында бірқатар белсенді әйелге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан келген құттықтау хатты табыстады. Атап айтқанда, облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» заңды тұлғалар бірлестігі аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, «Жастар мүгедектер одағы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әйгерім Дәулетбаева, белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаева Мемлекет басшысының құттықтау хатымен марапатталды.
Ақтоты Жаңабай
2026 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 12 ЖАҢА СУҚОЙМА САЛЫНАДЫ
Ұқсас жаңалықтар
Үкімет қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды
- авторAR-AY
- 25 қыркүйек, 2024