БАСПАНА АЛУ ЖЕҢІЛДЕЙ ТҮСТІ
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 18 сәуірден бастап жалға берілетін тұрғын үй ақысын субсидиялау бағдарламасына өтініштер қабылдана бастады. Алғашқы қатысушылар SMS хабарлама арқылы «Отбасы Банкіне» өтініш беруге арнайы шақырту алды. Бүгінде платформа іске қосылған сәттен бастап үміткерлердің 3227 өтініші мақұлданды, оның ішінде Жамбыл облысына 160-ы тиесілі.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде «Отбасы Банк» директорының орынбасары Талғат Жақсылықов айтты. Айта кету керек, өтініштер қабылданып, өңделетін платформа бірегей, оның Қазақстанда баламасы жоқ.
– Өтініштер онлайн режимде оtbasybank.kz порталында жолданады. Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады. Атап айтсақ, 1 және 2-топтағы мүгедектер; мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар; көпбалалы отбасылар. Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Биыл азаматтарымызды қолдауға 50 миллиард теңге қарастырылған. Жаңа бағдарлама шамамен 70 000 адамды қамтымақ, олар жалдау ақысының 50 пайызын алады. Қазақстандықтар қысқа мерзімде, кезексіз өтінім берулері үшін біз бүкіл процесті онлайн режимге аудардық, – деп түсіндірді Талғат Қалдыбекұлы.
Өзге де талаптарды сақтау маңызды. Мәселен, субсидия алу үшін үміткердің өз депозиті және ол «Отбасы Банк» клиенті болуы шарт. Ол болашақта баспана алу үшін ашылады, оны кезекте тұрған адам жалдау төлемдері тоқтатылғаннан кейін сатып ала алады. Бұл клиенттің қаражатын үнемдеуге өз үлесін қосады.
Тағы да айта кетер жайт, «Отбасы Банк» жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады.
Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салады.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала