«АҚЫРТАСҚА» АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТ
«Ақыртас» тарихи кешені – Қазақстан аумағындағы ең құпиялы да ежелгі ескерткіштердің бірі. Алыстан көрініп тұруы үшін тау алды төбеге төртбұрышты жобамен салынған тәрізді. «Ақыртасқа» жұрт назары ауған 140-150 жылдан бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонау патшалық Ресей тұсында басталған зерттеу жұмыстары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасып келеді. Қазақстан мен шетел ғалымдары, атап айтқанда француз, италиялық ғалымдармен біріккен зерттеу жұмыстары жүргізіліп, әуеден фототүсірілімдер жасалған.
«Ақыртас» – Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. VIII-XII ғасырларда салынған. Кешеннің қызыл тастан қаланған қабырғалары мен шашылып жатқан алып кесек тастары көрген жанды таңдандырмай қоймады.
«Ақыртас» құрылысы жайлы алғашқы деректі жазып қалдырған –Чан-Чунь. XIII ғасырдың басында өңірге келген қытай саяхатшысы саяхат күнделігінде: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп қызыға жазған екен. Ал 1864 жылы Әулиеата бекінісін Қоқан хандығынан тартып алған генерал Черняевтың отаршыл орыс әскерлерінің құрамында болған суретші М.Знаменский Ақыртаста болып, суреттерін салған. Сол кезден бастап-ақ кешеннің тарихи маңыздылығы жайында айтыла бастады. М.С.Знаменский «Ақыртастың» алыстан қарағандағы жалпы сұлбасын қағазға түсірумен шектелсе, одан кейінгі кезеңде кешенді В.А.Каллаур, П.И.Лерх, Д.И.Иванов, В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, Н.А.Аристов және Г.И.Пацевич тәрізді өлкетанушылар мен ғалымдар зерттеген.
Жалпы, кешеннің пайда болуының тағы бір нұсқасын 1967 жылы инженер Виктор Луппорт ұсынған. В.Луппорт «Ақыртас» пен Египеттегі Хеопс пен Хифрен пирамидаларының байланысы барын жазған. Мысалы, Мысырдағы ең әйгілі Хеопс пирамидасының, жалпы Гиза аңғарындағы барлық пирамидалардың соғылу тәсілі – ірі тастарды 100 метрден аса биіктікке құм-топырақтан жасалған жасанды үйіндінің көмегімен бөрене арқылы сүйреп шығарылған. Сол тәсіл «Ақыртас» құрылысында да еркін пайдаланылған. Сонымен қатар Виктор Луппорт: «Ақыртастың құрылысы орналасқан жерден 200 метр тереңдікте ежелгі өркениеттің бізге бергісіз храмы жатыр» деген, батыл болжам айтқан.
Кейбір деректерде қаланың аты нақты көрсетілген. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында Ақыртастың авторы Қуандық Шаған мен Көркембек деген дерек бар. Тарихшылардың жазуы бойынша шамамен 1315 жылы қазақ даласында бұрын-соңды болмаған жұт болып, қалада ешкім тұрақтамай, қала бос қалады. Таудағы үйілген топырақтың көмегімен бөгет жасап, оған қыш құбырларды тартқан. Бұл да құпиясы мол кешен жайлы айтылған деректердің бірі ғана.
Бүгінгі таңда «Ақыртас» құрылысының құпиясы әлем назарын өзіне аудартуда. «Ақыртас» өз заманының озық ғимараты болған. Екі мың жылдық тарихы бар Таразды бүкіл әлемге танытып, оның айналасында болған өркениетті де көрсете білген жөн. Сондықтан кешеннің сырын ашып, оның не үшін салынғанын толықтай түсіну үшін «Ақыртас» аймағына кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет.
Өткенімізді білмей алға жылжу мүмкін емес. Ғасырлар бойы бізге жеткен тарихи мәдени құндылықтарымызды зерттеуді тоқтатпауымыз керек. Кешен бүкіл Орта Азиядағы қайталанбас қазақстандық ортағасырлық сәулет ескерткіштерінің ерекше түрі болып қала бермек.
Гүлмарал ҚАМБАР, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының тарихшысы
Келесі мақала