Каналдардың құрылысы талқыланды
«Қамданған қапы қалмайды». Бұл сөздің парқын жер емген шаруалардан артық ешкім білмес. Өйткені жомарт деген Жер-ана да ырзықты пенденің еткен бейнетіне қарай беретіні белгілі. Диқандар қауымының дала төсіндегі күйбең тірлігі жеңіл болмайтынын кеше Т.Рысқұлов ауданының шаруаларымен жүздескенде тағы бір ұғындық.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында ондағы тек шаруа қожалықтар ғана емес, кейбір ауылдық округ тұрғындары да тыным таппайтынын, үй ауласына бау-бақша дақылдарын егуде бағбандық деңгейге жеткенін аңғардық. Жалпы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға орналастырылатын болса, оның ішінде 134 мың 131 гектары Т.Рысқұлов ауданына тиесілі екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру және реконструкциялау бойынша түрлі жобаларға «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржы бөлінген болатын. Бүгінде аталған жобалардың орындалу барысы қандай деңгейде? Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты сараланды.«Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов, директордың кеңесшісі Хамит Биімбетов, жобаларды талдау және іске асыру бөлімінің жетекші инженері Әділет Қансеитов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев және салалық басқарма басшылары қатысқан жиында су нысандарындағы жөндеу-құрылыс жұмыстарын аяқтау мәселелері талқыланды.
Қазыбек Бедебаев облыс аудандарында «Еуропалық қайта құру және даму банкінің» ирригациялық каналдарды, су бұру жүйелері мен құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 34 нысанда жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.
– Жобаларды іске асыру барысында 34 жобаның 30-ын түзету бойынша бірқатар мәселелер анықталды. Оның ішінде 10 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынса, 4 жоба мемлекеттік сараптаманың қарауында, 1 жоба мемлекеттік сараптаманың порталына енгізілуде, 12 жоба түзету барысында, 3 жоба түзету жұмысын қажет етпейді, – деді Қазыбек Қошқарбекұлы.
Сондай-ақ, филиал басшысы жұмысы тоқтап тұрған нысандар мен мердігерлер туралы айтып өтті.
– Вегетациялық кезеңде су беру үздіксіз жүргізілуі керек. Шаруалардың сұранысын қанағаттандыру маңызды. Өткен жылы вегетациялық кезең оңай болмағанын еске салды. Бұл жолы шаруалар қиындық көрмеуі үшін өткен қателіктермен жұмыс жасаңыздар, – деп ескертті облыс әкімі.
Нұржан Нұржігітов әрбір жауапты мердігермен әр нысанның мәселесін жеке талқылап, мерзімінде орындалмау себептерін тыңдап, міндеттемелерді тез арада жүзеге асыруды тапсырды.
Аймақ басшысы барлық жұмыстар жыл соңына дейін кем дегенде 90 пайызға аяқталуы тиіс екендігін айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиында су қоймаларының толуы, суармалы судың берілу мәселесі де қаралды.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов жауын-шашынның жиі түсуінің нәтижесінде шаруалардан әзірге ешқандай шағым жоқ екенін баяндады.
Қоймалардың толу деңгейі қазіргі таңда 85-90 пайызды құрайды.
Кеңестің қорытындысымен су қоймаларының қысқы-көктемгі мерзімдерге дайындығын бақылауда ұстау, «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы жасалып жатқан жобалардың түзету жұмыстарын жедел аяқтау, барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, вегетациялық кезеңге қажетті су қорын қалыптастыру, қолда бар су қорын тиімді әрі үнемді пайдалану мәселесі бойынша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Келесі мақала