Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ҮШБАС» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНан үйренеріміз көп

«ҮШБАС» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНан үйренеріміз көп
ашық дереккөз
«ҮШБАС» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНан үйренеріміз көп
«Қыс – қатал сыншы» дейді қазақ. Әсіресе жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайтын шаруалар үшін малдың қыстан аман шығуы маңызды. Төрт түлікті ит-құс пен ұры-қарыдан қоруды айтпағанда, мал азығын молынан дайындап, қорасын жылы ұстаған шаруалар ғана қаңтардың қаһарлы қысы мен ақпанның ақырған аязында сыр бермейді. Жалпы Әулиеата өңірінің қысы шаруаға жайлы болғанымен таулы аймақта орналасқан елді мекендер үшін мал қыстату науқаны нағыз көзге көрінбейтін майдан. Өйткені мұндай елді мекендерде қыстай төрт түлік қолға қарап қалатыны белгілі. Таулы аймақта орналасқандықтан табиғаты ерекше, қысы қатты осындай елді мекеннің бірі – Сарысу ауданындағы Түркістан ауылдық округі. Ауылдық округтің орталығы – Әшір Бүркітбаев ауылы. Округ құрамына Арыстанды және Үшбас елді мекендері кіреді. Түркістан ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Жанысбек Арыстанбековтің айтуынша, Үшбаста 29 түтін, 186 тұрғын бар. Ауылдық округ бойынша 70 шаруа қожалық болса, оның 17-сі Үшбас ауылында. Заман ауанын ерте бастан түсініп, шаруашылыққа алғашқылардың бірі болып бет бұрған үшбастық тұрғынның бірі – «Үшбас» шаруа қожалығының төрағасы Тәуіржан Кемалов. Ол уақ мал санын 250-ден асырмайтынын, малды көбейтуге жер жағдайының табиғи ерекшелігі мұрша бермейтінін айтады. – Біздің ауылдың тарихы тым тереңде. Үлкен Қаратау мен Кіші Қаратау жоталарының арасына орналасқан «Көсегенің Көкжоны» – біз жайлап отырған тау бөктері. Негізі Үшбас осы Қаратаудың сілеміндегі біріне-бірі жалғасқан үш бөлек құзар шыңға қатысты қойылған жер атауы. Ілгеріде ұжымдастыру заманында аудан бойынша екі онжылдық мектептің бірі осы ауылдан ашылған. Жасы үлкендерден естуіміз бойынша, сол мектепте маңайдағы өзге колхоздың балалары білім алыпты. Кейіннен ол білім ошағы аудан орталығына көшірілген көрінеді. Ұжымшарлар ірілендіріліп, кеңшар болып қайта құрылып жатқанда ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов осында арнайы келіп, «Түркістан солай туған» деген көркем очерк жазған екен. Өзге де танымал тұлғалардың қаламына арқау болған біздің ауылдан елге белгілі талай талантты адамдар шыққан. Топырағына талай тұлғалардың табаны тиіп, табиғатына тамсанған. Біздің өңірде өзге аймақта өсе бермейтін өсімдіктер бар. Ол туралы кезінде түрлі ғылыми-зерттеу мақалалар да жарияланған. Алайда осындай шөбі шүйгін, ауасы саф, суы тұнық Үшбаста мыңғыртып мал ұстау қолайсыз. Шаруашылығымда 250 уақ мал мен бір үйір жылқы және 25 мүйізді ірі қара бар. Осының өзіне жылда 700-800 орама (рулон) шөп дайындаймын. Күн жылынып, мал өріске шыққанда мая-мая шөптен ары кетсе 50-60 қана орама қалады. Бұдан бөлек жыл он екі ай оншақты бұқа мен жылқыны бордақылап сатамыз. Жемшөпті молынан дайындауымызға мал бордақылаумен қатар, желтоқсан айының басынан наурыз айының ортасына дейін малдың қолға қарайтыны басты себеп. Қазір біздің ауылда қалыңдығы 1 метрге жететін қар жатыр. Күніне малға үш-төрт мезгіл шөп шашамыз. Осы қар наурыздың онынан кейін еріп, әз Наурыз мерекесіне таман қарайған жер біртіндеп көгеріп, сәуір мен мамыр айларында жер көкжелекке айналады. Мал осы кезде көкке тойынып, қоңданады. Ала жаздай түлігіміздің төлін жетілдіріп, күзге салым кәрі-құртаңы мен союға жарамдыларын сатып, 250 саулық пен 4-5 қошқар алып қаламын, қараша айының ортасында қошқарды қойға қосамыз. Өйтпесек болмайды, бірлі-жарым болса да қыста туған қозының ерте жетілгені де жақсы ғой. Дегенмен біз жақта малдың қыста төлдеуі басыңа тілеп алған бейнет болып есептеледі. Үшбастың ауа райы Жуалы ауданына ұқсас. Себебі бұл да таулы аймақ. Қазір мал қыстату науқаны сәтті өтуде. Енді мал төлдету науқанына дайындалып жатырмыз. Осы айдың онынан кейін саулықтар төлдей бастайды, сол кезде сақпан үшін екі адам жалдаймыз. Ал ала жаздай қойды балам екеуміз кезектесіп бағамыз, – деді Тәуіржан Құрманұлы. Шаруа қожалық иесі етті сиыр мен жылқыны арнайы Түркістан облысының «Қарабұлақ» базарынан сатып әкеліп байлайды екен. Бордақы құнанның біреуі 450 мың теңгеден саудаланса, екі жасқа дейінгі бұқалар жақында 380 мың теңгеден сатылыпты. Шаруа қожалық иелігінде 500 гектар жер болса, оның 200 гектарға жуығы егіс алқабы. Онда негізінен арпа-бидай және жоңышқа егіледі. – Шаруашылық 2000 жылдары құрылды. Содан бері мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан қамқорлықтан шет қалған жоқпын. Соның бірі – лизингке техника алу. Осы әдіспен жақын жылдарда «МТЗ-920» маркалы трактор сатып алғанмын. Жалпы шаруашылықта «КамАЗ», «Беларус-920», «ДТ-75» және егін оратын комбайн секілді өзге де техникалар соқа-сайманымен бар. Егін егу, оны орып-жинау, шөп шабу науқанында жыл сайын екі механизаторды ақысын келісіп, қосымша уақытша жұмысқа жалдаймыз. Техника өзімізден болғандықтан оларға айына 100 мың теңгенің көлемінде айлық төлеймін. Егін егу науқаны аяқталар тұста мал қырқу басталады. Одан кейін егінді баптау, оны шашпай-төкпей жинап алу қамымен жүреміз. Осындай қызу еңбек барысында қосымша адам күшіне жүгінуге тура келеді. Жылда шаруашылықта келісімді бағамен уақытша еңбек ететін мамандар бар. Шаруашылықпен айналысудың, мал ұстаудың өзіндік машақаты, бейнеті, соған сай ырзығы да бар. Жыл ішінде бір сәтке де дамыл таппайтын шаруашылық үшін маман тапшылығы қазіргі таңда өте өзекті мәселе. Ертеректе малшыны Қырғыз Республикасынан алып келетінмін. Есімде, үш мәрте отбасылы, екі мәрте салт адамды көрші мемлекеттен мал бағуға әкеліп жүрдім. Қазір балаларым ер жеткеннен кейін 250 бас малды өзіміз бағып, шаруашылық жұмысын шыр айналдырып отырмыз. Қыстауымыз Үшбас ауылынан жарты шақырым жерде, яғни ауыл іргесінде орналасқан. Ал жайлау ауылдан шамамен 20 шақырымдай қашықта, – деді Тәуіржан Кемалов. Отағасының қас-қабағын бағып, үйдің берекесін кіргізіп отырған өмірлік серігі Шолпан Қонысбекова шаруашылықта 12 сауын сиыр бар екенін сөз етті. Бұрын бие байлап, сабада сары қымыз сапырса, бұл істі 3-4 жылдан бері тоқтатыпты. Биыл қайтадан бие байлауды жоспарлап отыр екен. Малды ауылда әйел адамның да күйбең тірлігі ел жатар орынға дейін бітпейтіні белгілі. Оның ішінде ас-ауқат қамдау, үй тазалығымен айналысу, шаруа барысында пайдаланған кір-қоңды жуудың өзі оңай емес. Осындай қым-қуыт тірлік барысында уақыт тауып сиыр сауу, күбі пісіп, май шайқау да өз алдына машақаты көп жұмыс. – 12 сиыр бірінен кейін бірі бұзаулағанда су алғанша азанда, кешке екі мезгіл сауамын. Шелек-шелек сүтті пісіріп, айран ұйытамын. Қазан-қазан ірімшік қайнатып, қап-қап құрт жинаймын. Бұрын ағарған сатқанды ар санаушы едік, қазір келімді-кетімді кісінің қолына тегін құрт-май ұстатқанымыз болмаса, жалпы құрт-майды тегін таратуды қойдық. Сары майдың 1 келісін 3 мың теңгеден тұтынушылар үйден өздері келіп алып кетеді. Айран-сүттің 1 литрі 250 теңгеден сатылады. Құрт та, ірімшік те осылай саудаланады. Есесіне одан түскен қаржы үйдің керек-жарағына жұмсалады. Бойда қуат, қолымызда әл барда осы тектес әйелге тән іспен айналысуды тоқтатқан емеспін. Қарап отырған адамға ырыс-береке жуымайды, – деді Шолпан Мақұлбекқызы. Тәуіржан Кемалов ауылда жағдайы жоқ отбасыларға қол ұшын созып тұрады. Аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу жылы жақындағанда оқу құралдарын алып береді. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген осы. Жалпы еңбек ескерусіз қалмайды. Тәуіржан Кемалов ауданның ауылшаруашылық саласының өркендеуіне өз үлесін қосқаны үшін аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, ауылшаруашылығы бөлімінің Алғыс хат, Құрмет грамотасына ие болған. Былтыр ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолынан алыпты. Осыдан кейін біз «Қоғамда қой баққан адам құрметсіз қалмайды» деген ой түйдік. Нұрым СЫРҒАБАЕВ, Сарысу ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар