Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Айналдым Қаратаудың тұлғасынан, қозысы биік болған құлжасынан»

«Айналдым Қаратаудың тұлғасынан, қозысы биік болған құлжасынан»
ашық дереккөз
«Айналдым Қаратаудың тұлғасынан, қозысы биік болған құлжасынан»
Жамбыл облысының 85 жылдығына және Жамбыл Жабаевтың туғанына 178 жыл толуына орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республика­лық ақындар айтысы өтті. Айтыс басталмас бұрын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Жамбылтану» бөлімі облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы болып қайта ашылды. Орталықтың ашылуына ақын, ҚР Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, зиялы қауым өкілдері қатысты. Орталықтың директоры болып айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков тағайындалды. Ал еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 ақын қатысқан сөз сайысына ақын, жыршы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев (төраға), жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқаман Сарин, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов, журналист, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт және айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков қазылық етті. Айтыскер ақын Өміржан Көпбосынов айтыстың сарапшысы болды. Айта кету керек, айтыстың бір ерекшелігі, әрбір сахнаға шыққан жұпқа биыл мерейтойы тойланатын ұлы тұлғаларымыздың аты арнайы тақырып ретінде ұсынылды. «Алатаудан, Арқадан, Ақындарым келіпсің» деп Жамбылдың өзі жырлағандай, арғы жағы батыстан, бергі жағы шығыстан келген ақындар сөз суретін салуда аянып қалған жоқ. Бірінші болып айтысты бастаған жерлесіміз Дархан Әбдіманат пен Ақтөбе облысының ақыны Нартай Тілеуқұлдың сөз додасына куә болған көпшілік екі ақынды да бөле-жармай тең қарап, қол соғып, қолпаштап отырды. Бірінші болып сөз бастаған Нартай Тілеуқұл өзінің осал қарсылас емес екенін бірден дәлелдеп: «Екі мың жыл бұрын да қала болған, Қарт Тараздың тарихы тереңдеп тұр. Батырың Байзақ пенен Бауыржандар, Ақының Жамбыл менен Кенен боп тұр. Алты құрлық таңғалған алты Алаштың, Тұлғасының көбісі сенен боп тұр. Бір Тараздың өзі-ақ бар қазақтың, Кім екенін әлемге дәлелдеп тұр», – деп, ел мен жерге қысқаша амандасып алған соң әріптесіне бұрылып, уақыт белдеуінің бір сағат артқа шегінгенін де әдемі әзілге тиек етті. Бір жағынан, әріптесінің бойындағы жайбасарлықты да қағытып: «Мен сен жайлы достарыңнан сұрағанда, Олар маған мынадай белгі берді. Ұйықтап қалып, кешігіп талай жерден, Деді ғой көп бұралаң жолды көрді. Уақыттың белдеуін де ауыстырып, Ағайын ол шешімің оңды болды. Сіздер жақта он екі болған кезде, Ақтөбемде болушы еді он бір енді. Уақыттың бір сағатқа шегінгені, Дарханның да қуанар орны болды. Екі сағат кешігіп жүруші едің, Бір сағат кешігетін болдың енді», – деп әдемі әзілмен тиісіп: «Тараздың театрында тұлғасы көп, Қырандай қанаттарын қомдайтұғын, Бекежан боп сақталған ел есінде, Асанәлі ағамды жөнді айтуым. Хандар мен батырлардың рөлін сомдап, Тұңғышбай ағамыз жүр алмай тыным. Осындай тұлғаларға жерлес болған, Дархан, сенсің дәстүрін жалғайтұғын. Бірақ сенің тарихи тұлғаларға, Келіңкіреп тұрған жоқ ондай түрің. Сақал мен мұртты алып кеп жапсырса да, Белгілі батырлардай толмайтының. Саған тек мультфильмге түсу керек, «Балапан» арнасына жолдайтұғын. Қаршадай бойыңмен тек жан екенсің, Қаңбақ шалдың рөлін сомдайтұғын», – деп қалжыңмен қағып өтті. Дархан да қаршығадай қырағылық танытып: «Дарханның көре сала жаңа түрін, Қаңбақ шал деп түсірдің дара құнын. Өзіңше бойымызды сөз етесің, Сенің де бойың жоқ қой оңатұғын. Батырлардың рөліне келмейсің деп, Осыған жетіпті ғой бар ақылың. Жақсылық Үшкемпіров бар емес пе, Алысқанын астына салатұғын. Сметов Елдостағы қаршадай ғой, Батыр деуге көңілің толатұғын. Боймен өлшеп отырған батырлықты, Мынаның қараңыздар шала түрін. Нартайым, ұмытпағын батырлықтың, Білекте емес, жүректе болатынын», – деп ұтымды жауап берді. Әрмен қарай ақындар халықтың әлеуметтік мәселелері туралы айтып, бірін-бірі жетелеп, көрерменнің де көңілін суытпай жақсы айтыс жасады. Сондай-ақ «Қазынасын алсақ та жерден қазып, Қанышты жерден қазып ала алмаймыз» деген сияқты әдемі сөз тіркестерімен өздеріне берілген тақырыпты да жақсы қаузап, халықтың зор ықыласына бөленді. Мұнан кейін екінші жұп болып сахнаға көтерілген жерлесіміз Дидар Апбасов пен Әсем Ереженің де айтысы халықты үйіріп алып кетіп, қыз бен жігіт арасындағы тамаша бір сөз өрнегін көрсетті. Әсем азулы айтыскер екеніне қарамастан, Дидарды бірде желпіндіріп, бірде қолдап, оның әріптес ретінде мүлт кеткен жерлерін түзеп отырды. Екі ақын өздеріне берілген тақырыпты да назардан тыс қалдырмай жырлады. Айтыстың үшінші жұбы болып ел алдына шыққан маңғыстаулық Жанболат Әлиев пен жерлесіміз Алина Айдаралының айтысы да көрерменнің көңілін күлкімен жіпсіткен қазақы әзілге толы болды. Бұдан кейін төртінші болып сахнаға көтерілген жұп – сонау Мағжанның ауылынан маңмаңгер жырын үкілеп алып келген Жарқын Жұпархан мен жерлесіміз Алтынкүл Қасымбекова болды. Екі ақын да көптен бері ширығып, шаршы топты аңсаған жүйріктей бауырынан жарап, бабында тұрған сөз зергерлері екенін дәлелдеді. Оның үстіне қайны мен жеңгенің арасындағы жарасымды әзілге құрылған екі ақынның айтысы жоғары дәрежедегі сөз барымтасы болды. «Қызырлы Қызылжардан дұғай сәлем, Қызыр қонған Тараздың қаласына», – деп сөз бастаған Жарқынның жалынына жалын қосқан Алтынгүл Қасымбекова көне қазақы сарынның әуенімен: «Қызылжардан қиқулап қайным келді, Қанатымен кесердей айдын көлді», – деп естіген жүректі елжіретіп, тыңдаған елді толқытты. Қайны мен жеңгенің көңілді айтысынан кейін сахнаға көтерілген қарағандылық Мұхтар Әділ мен шулық ақын Ғабит Есдәулетовтің айтысы да сарыны мен сапасы бөлек сөз барымтасы болды. Павлодар қаласынан келген Аспанбек Шұғатаев пен жерлесіміз Қанат Мырзахан да ойы да, сойы да бөлек айтыс жасады. Айтысты бастаған Қанат Мырзахан: «Кешегі Бауыржан мен Шерхандарым, Қазақтың қайтпас қайсар қас ұлдары. Ешкім жасай алған жоқ ер Қайраттың, Ерлігін жиырма бір жасындағы. Әкім Тарази мен Әшімовтің, Аз емес бағындырған асулары. Жүз жылда жүзін туып тастапсың ғой, Біртуар тұлғалардың ғасырдағы. Жеріңнің үсті түгіл, асты байлық, Бар әлі ашылмаған-ашылғаны. Қордайдың граниті мен оған дәлел, Фосфорың Қаратаудың тасындағы. Ақбақайдан шығатын алтыныңа, Бар әлем таңданысын жасырмады. Бақайыңның астында алтын жатса, Тәжің қандай болды екен басыңдағы?» – деп, ел мен жерін емірене жырына арқау еткен ол қарсыласына бұрылып: «Екеумізді қосқан қазылардың, Біздерге көзқарасы тең себебі. Аспан менен қанатта байланыс бар, Табиғаттың бөлінбес бөлшегі еді. Қанатымен қалықтап құс ұшпаса, Аспанда аласарып теңселеді. Себебі аспанның да биіктігі, Қыранның қанатымен өлшенеді», – деп жүйелі сөз айтып, Аспанбектің жақында жарық көрген кітабына арнайы тоқталып өтті. «Кітабыңның сөзінен суреті көп», деп кезегін бергені сол еді, «азаннан шапса, кешке озған, ылдидан салса, төске озған» тұлпардай Аспанбек де есесін жібермей: «Мен кітап жазсам сен сияқты қанатты қауырсын қып, Қауырсынды қалам қып мәнерлеп ек. Ал сен болсаң қасыма келіп алып, Теңеу айтып отырсың әлемде жоқ. Бұған салса аспанның биіктігін, Қыранның қанатымен дәлелдемек. Сен өйтіп Таразымды төмендетпе, Бұл елге қос тізерлеп әлем келед(і). Қаратауға Аспанбек былай тұрсын, Аспанның өзі иіліп сәлем беред(і)», – деп, ары қарай да «Айналдым Қаратаудың тұлғасынан, қозысы биік болған құлжасынан» деп сөзбен сурет салды. Табан астында тапқан Қанаттың: «Қызылдар феодал, бай ұлы деп, Қаралап ұлы Абайды сөкпеп пе еді? Пушкинде бай болған деп Ілияс атам, Абайды ақтап, жаланы беттетпеді. Бейімбет әрбір жазған шығармада, Қазақтың тағдырын сөз етпеп пе еді? Ұлтшыл деп кінә тағып, темір торға, Тоғытты НКБД көкбеттері. Қолдан келген қорлықтың бәрін жасап, Тексіздер ұрып-соғып теппеп пе еді? Ажалы көш бастаған нарларымның, Құмалақтай бір оқтан жетпеп пе еді? Жалшыдай қызмет қылып қазағына, Тамшыдай қысқа өмірі текке өтпеді. Өздерінің көздері жұмылса да, Халықтың көзін ашып кетпеп пе еді?» – деген сияқты тіркестеріне ел риза болып, шын пейілден Қанаттың тілеулесі болып отырды. Аспанбектің: «Аспан-жерді ақтарып тастасаң да, Бауыржандай баһадүр табылмайды. Отан деп отқа түсе салғаныңмен, Оқтың ізі орденмен жабылмайды», – деген сияқты сүйектен өтетін шумақтары көрерменнің көңілін желпінтіп, қол ұрғыза берді. Әсіресе маржан болып түскен шумақтардың ішінде Қанаттың: «Тарихтан бір деректі келтірейін, Мың тоғыз жүз қырық бес жылы дейді. Жиында отыр екен Жамбыл жәкем, Аузына қаратып қырық үйді. Бір баланы көріп қап, «бұл кім?» десе, Жансүгіров Ілиястың ұлы дейді. Маңдайынан сипап сонда Жамбыл атам, Сенің әкең тектінің бірі дейді. Ол кезде «халық жауы» баласына, Ешкімнің қас-қабағы жібімейді. Жетімге мейірімін төккендігі, Тұлғасын одан сайын ірілейді. Артында жақсы ісі мен сөзі қалған, Жамбылды ел ақындықтың шыңы дейді. Жетімнің маңдайынан сипаған қол, Жер астында жатса да шірімейді», – деген шумақтары шынында да көрерменнің өне бойына тоқ ұрғандай әсер еткені анық. Мұнан кейін сахнаға желкені желге керілген кемедей болып жерлесіміз Есет Досалы мен Батыс Қазақстан облысының тумасы Мейірман Шәкенов шықты. Бұл айтыс көрерменді күлкіге қарық қылды. Көңілді айтыстың озық үлгісін көрсеткен қос ақынға қазылар да, халық та ризашылығын білдірді. Айтыстың соңғы жұбы болған жерлесіміз Айтбек Тұрсынбаев пен Шымкент қаласының ақыны Аян Ниязбектің де сөз сайысы көрерменнің есінде көпке дейін ұмытылмай жүретіндей болды. Сөз барымтасының нәтижесінде бас жүлдеге тігілген 1,5 миллион теңгені жерлесіміз Қанат Мырзахан жеңіп алды. Жүлдені облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев табыстады. Ал павлодарлық Аспанбек Шұғатаев І орынға лайық деп танылып, 1 миллион теңгеге ие болды. Жерлесіміз Дархан Әбдіманатқа ІІ орын бұйырды. Жас ақынға 750 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал ІІІ орын Алтынкүл Қасымбекова мен Абай облысының намысын қорғаған Әсем Ережеқызына бұйырды. Қос ақын 350 мың теңгеден қанжығалады. Сондай-ақ ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің арнайы жүлдесін адалдықты жырлаған ақын Мейірман Шәкенов иеленді. Айтысқа қатысқан барлық ақын алғыс хатпен және 200 мың теңге сыйақымен марапатталды. Шапағат ӘБДІР
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар