Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бағаны тұрақтандыру – басты міндет

Бағаны тұрақтандыру – басты міндет
ашық дереккөз
Бағаны тұрақтандыру – басты міндет
Қазір қоғамда талқыланып жатқан мәселелер жетерлік. Соның бірі – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне күнделікті тұтынатын қарапайым тұрмыстық тауарлар ауадай қажет болса, оның ішінде азық-түліктің рөлі басым. Азық-түліктің бағасы қолжетімсіз болған жағдайда тұрмыстың құты қашары анық. Бүгінгі таңда облыста азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдеріне қатысты бағалардың өсуіне жол бермеу жөніндегі шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері қаралды. Жиында алдымен облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Байқадам Дүйсенбаев баяндама жасады. Байқадам Еркінбекұлының айтуынша, департамент өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша заңсыз бағаны көтеру фактілерімен күресу жұмыстарын атқаруда. Департамент тарапынан Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары жоғары болуына байланысты шекті сауда үстемесінің жол берілетін мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда жолымен сатып алу бағасының он бес пайызынан аспауы бойынша тиісті іс-шаралар қабылданған. Атап айтқанда, ақпаратты тауар өндірушілердің, сауда субьектілерінің және жергілікті тұрғындардың назарына жеткізу үшін жадынамалар мен қоғамдық мониторинг жасау алгоритмі ұсынылған екен. – Жыл басынан бері департамент арқылы 6 тексеріс жүргізілді. Оның ішінде 3 кәсіпкер ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 2 көтерме бағамен сататын дүкенге 156 мың 910 теңге көлемінде айыппұл салынып, ҚР «Сауда саласын реттеу туралы» Заңының талабына сәйкес сауда үстемесін ретке келтіру туралы ұйғарым берілді. Аталған ұйғарымдардың талаптары көрсетілген мерзімде орындалды. Қалған бір өтініш бойынша фактілер анықталмады. Мәселен, биыл Шу ауданында 2 дүкенге тексеріс жүргізіліп, біріншісіне ескерту беріліп, екіншісіне айыппұл салынды. Қордай ауданында екі дүкенге тексеріс жүргізіліп, ескерту түріндегі әкімшілік шаралар қолданылды. Бұл шаралар Қордай аудандық қоғамдық кеңесі мүшесінің және Шу ауданының белсенді тұрғынының арыздары негізінде жүргізілді. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қоғамдық мониторинг жасау үшін тиісті алгоритм құрастырылды. Аталған алгоритмге сәйкес Тараз қаласында және әр ауданда қоғамдық мониторинг жасау үшін штабтар құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ондағы негізгі мақсат – облыс аумағындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін белгіленген мөлшерден асырып сату ықтималдылығы бар дүкендерді заңнамаға сәйкес жөнге келтіру. Штабқа қоғамдық кеңес мүшелерін, мәслихат депутаттарын, блогерлерді, қоғам белсенділерін, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін енгізу ұсынылды, – деді Б.Дүйсебаев. Баяндамашы өз сөзінде өңірлік комиссия шеңберінде облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында арадағы делдалдарды жою мен сауда үстемесін жөнсіз көтеріп отырған кәсіпкерлерге заңнамаға сәйкес тиісті іс-шаралар жүргізу жайын сөз етті. Осы істі атқару аясында 33 факті анықталыпты. Сондай-ақ департамент облыс аумағында сауда үстемесін жөнсіз көтеріп отырған кәсіпкерлерді анықтау мақсатында электрондық шот-фактураларға да мониторинг жүргізіп, тексеріс ашуға негіздеме алу үшін жоғарғы тұрған органға және экономикалық тергеп-тексеру департаментіне құжат жолдап отырады. Қазіргі таңда 26 материал жұмыс барысында өңделіп жатыр екен. Аппараттық кеңесте облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев та баяндама жасады. Басқарма басшысы соңғы бір апта ішінде 4 тауар түрінің бағасы көтерілгенін жеткізді. – Атап айтқанда, күріштің бағасы 441 теңгеден 443 теңгеге артса, сиыр етінің килограмы 2 362 теңгеден 2 375 теңгеге өсті. Сондай-ақ тауық жұмыртқасы 535 теңгеден 540 теңгеге, тұздалмаған сары май 3 520-дан 3 543 теңгеге өсіп отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 9 тауар түрінің бағасы жыл басынан бастап ұлғайды. Мысалы, нан 165 теңгеден 195 теңгеге, айран бағасы 362 теңгеден 366 теңгеге көтерілді. Сондай-ақ тұз (65-66 теңге), тауық еті (1 110-1 121 теңге) тауарларына да қатысты баға өсімі байқалады. Мұнымен қатар сүзбе тауары 1 805 теңгеден 1 816 теңгеге көтерілді. Сонымен бірге 3 тауар түрінің бағасы төмендегенін айтып өтуге болады. Нақтылап өтсем, қарақұмық жармасы 331 теңгеден 292 теңгеге, қант 396 теңгеден 376 теңгеге, күнбағыс сұйық майы 713 теңгеден 687 теңгеге төмендеп отыр. Бүгінгі күнде қант бағасының көтерілу мүмкіндігі жоғары. Қаңтар айының басында бір келі қанттың көтерме бағасы 290 теңге болса, қазіргі таңда 385 теңге тұрады. Осы наурыз айының соңына дейін қанттың көтерме бағасы 420 теңге болуы мүмкін, – деді А.Сейсебаев. Аспандияр Мұратәліұлы маусымаралық кезеңде көкөніс тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында форвардтық келісімшарт әдісі қолданылғанын тілге тиек етті. Көкөніс тауарларының бағаларына арнайы талдау жүргізіліпті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, картоптың бір келісі 145 теңге болып белгіленсе, дүкендердегі орта баға келісіне 130 теңгені құрайды. Форвардтық келісімшартта картоптың бағасы 100 теңге деп көрсетілген. Пияздың бағасы статистика бойынша 96 теңге болса, дүкендердегі орта баға 75 теңгені құраған. Бұл ретте форвардтық келісімшарт 90 теңгеге жасалған. Баға бойынша форвардты келісімшарт жаңартылуға жіберілген. Сәбіздің статистика бойынша бағасы 157 теңге болса, дүкендердегі орта баға 150 теңгені құрап отыр. Бұл ретте форвардтық келісімшарт 90 теңгеге жасалыпты. Қазіргі уақытта сәбізге ішінара интервенция жүргізілуде (20 тонна), қалған қор жаңартылуға жіберілмек. Қырыққабат бағасы статистика бойынша 139 теңгені құраса, дүкендердегі орта баға – 122 теңге, форвардтық келісімшартта оның бағасы 100 теңге болып белгіленген. Қырыққабатқа да ішінара интервенция жүргізілуде. Сондай-ақ басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына да талдау жүргізілген. Қарақұмық жармасы, күріш және 1-сортты бидай ұны тауарларына интервенция жүргізілген. Интервенция жүргізудің нәтижесінде осы тауарлардың статистикадағы бағасы бірқалыпты тұрақталыпты. А.Сейсебаев облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 9 тауарға форвардтық келісімшарт жасасу қажет болғандығы жөнінде де баяндады. – Бүгінгі күнде кестеде көрсетілген 7 тауар түрі бойынша қажеттіліктің 100 пайызын немесе одан көп қамтитын мөлшерде форвардтық келісімшарт жасалды. Ал қарақұмық жармасы бойынша қажеттіліктің 84 пайызы қамтылса, күнбағыс сұйық майы – 68 пайыз. Себебі аталған тауарлардың өзіндік бағасы төмендеуіне байланысты форвардтық келісімшарт жасасудың қажеттілігі болмады. Сонымен қатар биыл осы сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырмау бойынша сауда дүкендерімен және ауылшаруашылық тауар өндірушілермен меморандумға отыру бойынша жұмыстар қолға алынуда. Бұл ретте 1 145 сауда дүкені және 28 ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен меморандум жасалды, – деді Аспандияр Мұратәліұлы. Баяндамашылардың есебінен соң облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бағаны тұрақтандыру басты назарда болу керектігін айтып, жауаптыларға бірқатар міндет жүктеді. – Жыл басынан бері Қордай, Шу аудандарында ғана азық-түлік бағаларына сауда үстемесін арттырған кәсіпкерлерге шара қолданылған. Ал өзге аудандарда әлі де жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сол себепті де алдағы уақытта ірі сауда желілерінде азық-түлік бағасы бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуі шарт. Сауда орындарындағы делдалсыз өнімдерді өткізу жөніндегі тапсырманың сапалы орындалуы қадағалануы керек. Бағаның негізсіз өсуіне және үстемеақыны 15 пайыздық мөлшерден асырмау үшін арнайы құрылған мониторингтік топтардың жұмысы жандандырылуы тиіс. Қала және аудан әкімдері осы топтың жұмысын тікелей өздері бақылауға алуы қажет. Наурыз айының қорытындысы бойынша жұмыстарыңызды қарайтын боламыз. Әлеуметтік дүкендердің жұмысы қатаң бақылауға алынсын. Ірі сауда желілерінің азық-түлік тауарларын қолжетімді бағада ұстау және жергілікті отандық өнімді өндіруші кәсіпкерлердің өнімдерін арнайы сөрелерде сату ұйымдастырылсын, – деді Ербол Шырақпайұлы. Жиын соңында аймақ басшысы айтылған ұсыныстардың барлығы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынуын тапсырды. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар