Сембек салған сергелдең
Бұл оқиға өзі ойламаған жерден басталып кетті. Мен ол кезде қазіргі «Jambyl» Жамбыл облыстық телеарнасының бас редакторы-директордың орынбасары болатынмын. Күнделікті телеарнаның сапырылысқан жұмысы. Сол жылдары Президенттің күн сайын болмаса да апта сайын бір үндеуі, болмаса жарлығы шығып жататын. Ақпарат құралдары сол шараларды насихаттауда сүрнігіп жататынбыз. Әсіресе Астанадан аптасына тікелей эфирлер жиі ұйымдастырылып, оған облыстық телеарналар да үн қосатынбыз. Сол 2005 жылдың қоңыр күзінде кәсіпкерлердің жұмысына тексеруді азайту мақсатында тоғыз айға мораторий жариялау туралы ұсыныс түсіп, сол шараға арнайы тікелей эфир ұйымдастыру керек деген бұйрық берілді. Мұндағы мақсат – мораторий жариялауға қолдау білдіру үшін жергілікті кәсіпкерлер тікелей эфир арқылы Президентке көмектесіңіз деген сарында өтініштерін жеткізулері керек. Мемлекет басшысымен болған тікелей эфирді «Қазақстан» телеарнасындағы «Жаңалықтар» бөлімінің директоры Ғалым Боқаш жүргізетін болып бекітілген еді. Эфирді ұйымдастыру аймақтағы телерадио компанияларына жүктелгенмен өтініш білдіретін кәсіпкерді табу және байланысқа шығуын қадағалау сол кездегі «Қазақстан» ұлттық арнасының аймақтардағы меншікті тілшілеріне тапсырылды. Ол тұста ұлттық арнаның біздің облыстағы меншікті тілшісі Бақытжан Әлімқұлов, яғни менің «Советскийім» болатын.
Сөйтіп, ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Біз эфирді, студияны береміз. Эфирге қатысушы кейіпкерлер кадрде көрінбейді. Өтінішін тек телефон арқылы айтады. Әйтсе де эфирге кәсібі жайлы әңгімелеп, өз ойын еркін жеткізетін кәсіпкер табу оңай шаруа болмады. Кәсіпкерлер іскер азаматтар болғанмен сөзге шорқақ келеді ғой. Сол кезеңде өзінің шағын кәсібі бар (қазір облысқа танымал кәсіпкер) Сембек деген азамат әзер дегенде тікелей эфирге шығуға келісіпті.
Әне-міне дегенше мораторий жариялауға арналған тікелей эфир күні де келіп жетті. Тікелей эфир кешкі сағат 20:00-де басталатын болып белгіленді. Облыстық арнаның жұмысы кешкі жаңалықтардан соң аяқталады. Жұмыс аяғы жақындағанда менің кабинетіме «Тараз» триосының жігіттері Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов, Берік Қалиев және облыстық қазақ драма театрының сол кездегі директоры Құрманғазы Демешов келді. «Жұмыс аяғы, бір жерге барып шаршағанымызды басып демалайық» деген ұсыныстарын айтты. Мен Бақытжан Әлімқұловты шақырдым да «мынау кабинет, мынау телефон» деп аманаттап, шығып кеттім. «Сарыарқа» кафесіне келіп шөлімізді басамыз дегенше бір сағаттай өтіп кетіпті. Бір кезде ұялы телефоным безілдеп қоя берсін. Қарасам, «Советский»: «Ойбай, Асеке, масқара болып жатырмын, менің тікелей эфирге шығуыма он минут-ақ қалды. Сенген Сембегіміз жоқ, телефон шалсам, өшіріп тастаған. Тездетіп келіп, бір амалын тауып құтқармасаң құрыдым», – деп абдырап тұр. Мен дереу жігіттерге мән-жайды айтып, «Жұмысқа барып бір нәрсе ойластырайық» деп бәрін шұбатып телеарнадағы кабинетіме алып келдім. Келсек, Бақытжан шоқайып жалғыз өзі отыр. Сембек түгіл, сайтан да жоқ. Телефон соқсақ, «байланыс аясынан тыс жерде» деген хабарламадағы қатын қақсап тұр. «Енді қайттік?» деп бір-бірімізге қараймыз. Байқаймын, ешкімнен қайран жоқ. Құрманғазыға «Давай, сен Сембек болып сөйле» дейміз. Ол азарда-безер, «Менің даусымды танып қояды, сөйлемеймін» деп кабинеттен шыға қашты. Берікке «Сен айт» десем, «Мен не айтамын, өлең айтып бермесем» деп әзілге шаптырды. Уақыт болса зымырап барады. Ортадағы байланыстағы телефонист қыздар қайта-қайта қоңырау шалып «Дайынсыздар ма?» деп алқымнан алып жатыр.
«Советскийге» қарасам, өң де жоқ, сұр да жоқ, тілі байланып қалған. «Нартәуекел! Қайдан шықса, одан шықсын, өзім шығамын эфирге» дедім. Ондағы ойым – күндіз Қордайдан Сағатбек деген досым келіп, тірлігінің оңбай жүргенін айтып жыларман болып кеткен. Соны негізге алып, Сағатбек болып сөйлейін деп шештім. Ол идея қаңғалақтап басыма қайдан келе қалғанын білмеймін, әйтеуір, «Советскийді» мына қиыншылықтан құтқару керек деген ойдан туған болу керек. Негізі бұл тікелей эфирдің мақсаты кәсіпкерлерге жұмыстарын жандандыру үшін бақылаушы органдар тарапынан жүргізілетін тексеруді біраз уақытқа шектеу болатын. Ұмытпасам, салық, өрт сөндіру, прокуратура, СЭС сияқты тексеруші органдарға тоқтам жасап, тоғыз айға мораторий жариялау керек деген ұсыныс түскен болатын. Соны іске асыру үшін бүкіл республика бойынша осы тікелей эфир ұйымдастырылған еді. Енді аяғы мынандай ойран ботқа болып жатыр...
Ойымды жинақтаймын дегенше тікелей эфирге қосты да жіберді. Ар жақтан Президент аппаратындағы эфирге жауапты бір жігіт «Тараз, Тараз, дайынсыздар ма?» деді. Бақытжан «Ассалаумалейкум, дайынбыз» деп телефонды маған ұстата салды. Қызықтың көкесі сонда басталды. Монитордан көріп отырмын, ортадағы дөңгелек үстелде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі отыр. Диктор «Нұрсұлтан Әбішұлы, тікелей эфирде Тараз» деді. Президент «Ай, тараздықтар, қалайсыңдар?» дегенде «Ассалаумағалейкум, Нұраға» дедім. Аузыма бірінші түскен сөз сол болды.
– Ал елде не жаңалық бар, айта бер.
Нұраға, мен Қордайдан, Сағатбек Көкімбаев деген ініңіз боламын, – деуім мұң екен, Президент:
– Оу, қордайлықтар, қалай, жағдайларың жақсы ма?
– Жағдайымыз жақсы, Нұраға, тек менің аздаған шағын кәсіпкерлік тіршілігім бар еді. Кәсіпкерлік болғанда шағын мини автобусым бар, сонымен Тараз бен Қордай арасында жолаушылар тасып, нәпақа тауып жүрмін. Тек кейінгі кезде сол автобусты жол бойы тексеретіндер көбейіп кетті. Тапқанымның біраз бөлігін соларға беріп мазам кетті.
– Кім олар тексеріп, жүргізбей жатқан?
– Құқық қорғау қызметкерлері.
– Сонда олардың қайсысы?
Құдай-ау, аузыма сонда «МАИ» деген сөз түспей, «прокуратура» деген сөз қаңғып келіп түсіп кетпесі бар ма? Сонда Президент:
– Оу, олар жолдың бойында не істеп жүр? Жарайды, бұл мәселені арнайы қызмет орнына тапсырамын. Алаңдамай жұмысыңды атқара бер. Тағы не мәселе бар? – демесін бе? Сонда есімді әрең жиып: «Рақмет, қалғанының бәрі дұрыс», – деп телефонды қоя салдым.
Телефонды қойған соң жан-жағымдағыларға қарасам, бәрінің сұрлары біртүрлі өзгеріп кеткен. Көздері шекелеріне шығып тұр. Түрлерінен түр жоқ. Өлі тыныштық. Бірінші болып Құрманғазы: «Біттік, құримыз. Кеңкең (Ол кезде Кеңесбек Демешов облыс әкімінің орынбасары) өлтіретін болды», – деді. Ағасын неге айтқанын түсінбедім. Асылхан «Қой, кетейік» деді. Сол-ақ екен, тап қазір келіп осы жерден біреу ұстап әкететіндей бәріміз дүрлігіп кабинеттен шыға жөнелдік. Далбасалап қайтадан шұбап «Сарыарқаға» бардық. Енді «Советский» қасымызда. Оған Астанадан қалта телефонына Ғалым Боқаш байланысқа шығып «бәрі дұрыс болды, маладес» депті. Ол мәз. Қойшы, әйтеуір анадай жағдайдан кейін ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып, үйді-үйімізге қайттық.
Үйге келген соң да маза қашты. Ойлаймын да таңғаламын. Сембек бауырым неге телефонын өшіреді, неге үнсіз қалды? Тым болмаса ертерек «мен қатыса алмаймын» десе болады ғой. Айналып келгенде тікелей эфир де сол кәсіпкерлердің мүддесі үшін жасалынып жатқан тірліктер емес пе? Егер мораторий жарияланып кетсе, жұмыстарын тоғыз ай бойына емін-еркін, алаңсыз атқара берер еді ғой деп әр нәрсені ойлап жатып көзім ілініп кетіпті.
Бір кезде телефонның шырылынан оянып кеттім. Соткам безілдеп жатыр. Қарасам таңғы бес. Көтерсем ар жағынан Қордайдағы баяғы Сағатбек досымның даусы құмығып шығады. «Әй, Асқарбек, амансың ба? Қайдасың?» дейді. Мен «Үйдемін, не болды құлқынсәріден, тыныштық па?» деймін. Сағатбегім «Құрысын, мен кеше Тараздан түнгі екіде келсем, есік алдында әскери формадағы адамдар күтіп алып, КГБ-ға дедектетіп ала жөнелді. Сонан соң «Назарбаевқа не туралы айттың? Ол не деді?» дейді. Мен «Ешқандай Назарбаевпен сөйлескенім жоқ, сендер не айтып тұрсыңдар, түк түсініп тұрған жоқпын» дедім. Олар «Сен тікелей эфир арқылы Президентке «Менің машинамды Тараз бен Қордайдың арасында жүргізбейді, ұстай береді. Айыппұл салады, ұстайтын прокуратураның қызметкерлері депсің» деп маған әңгіменің нобайын айтты. Сонда барып саған айтып, шағымданғаным есіме түсті. Ақыр аяғында екеуміздің арамызда болған әңгімені айтып беруге мәжбүр болдым. Досым, сен оған ренжіме. Мен айтпасам да олар бәрін біліп отыр екен. Егер шындықты айтпасаң екеуіңе де қиын болады деді. Ренжімеші, жарай ма?» деп досым ағынан жарылды.
Қысқасы, Сағатбекті үш сағат қинап, тергеп-тексеріп, ешқайда кетпейсің деп таңға таяу босатыпты. Ол шыға салып маған хабарласып тұрған беті екен. Мен іштей үрейленіп тұрсам да білдірмегенсіп «Еш уайымдама, ештеңе болмайды» дедім. «Астаналықтар рақмет деп жатыр» деп жұбатқансыдым. Бірақ өзім мына хабардан соң кәдімгідей үрейленіп қалдым. Содан кейін қайдан көзім ілінсін. Құдай-ау, прокурор деген сөз қалай ғана аузыма түсіп кетті, неге албасты басып телефонға бардым? «Советскийді» жұмыстан қумақ тұрмақ, неге жер аударып жібермейді? Қатардағы журналист болсам жарайды, оу, білдей бір телеарнаның бас редакторы, директордың орынбасарымын. Ертең Астанадағы телерадиокорпарацияның басшылары естісе масқара болатын болдық қой деп өзімнің жер-жебіріме жетіп жатып таңды атырдым-ау, әйтеуір. Айтпақшы, бұл жағдайдан телеарнаның директоры Бекет Момынқұлов тіпті бейхабар.
Таңғы оразамды ашпастан, яғни сағат таңғы сегіз болар-болмастан жұмысқа келдім. «Мені де КГБ-ның адамдары күтіп тұрған шығар, күтіп тұрса, журналистер мен телеарна қызметкерлері келмей тұрып алып кетсе дұрыс болар» деген арам ой санамды сілкілейді. Жоқ, келсем жұмыс тып-тыныш. Есік алдындағы күзетшіден «Тыныштық па, не болып жатыр?» деп сұрасам, ол «Бәрі дұрыс, басеке» деп жайбарақат шәйін ішіп отыр. «Ух» деп кабинетіме көтерілдім. Кірсем, бөлме кешегі тым-тырақай безіп шыққан қалпында шашылып жатыр. Телефонның тұтқасы терезенің алдында тұр. Орнына қояйын десем ар жағынан «Ә, келдің бе?» деп біреу ұстап алатындай, қолым дір-дір етеді. Ақыры тұтқаны қорқасоқтап қойдым-ау. Кабинетте жалғыз өзім қозғалмастан, есікті іштен жауып алып отырдым. Ары қарай не істеу керек, қандай әрекет жасау керек, кімге хабарлассам болады? Басым түк істемей қалды. Сөйтіп отырғанда есік тарсылдай жөнелді, созалаңдап барып аштым, «Советский» тұр. Мұндай жыным ұстамасы бар ма, «Кетші бар» деп есікті жабайын десем, табалдырыққа аяғын қойып, жібермей тұрып алды. Кері бұрылып, орныма отырдым. Байқаймын, ол да ұйықтамаған, оның да өңі оңып тұрған жоқ.
Не керек, сағат тоғызда лездеме өтті, ешқандай артық-ауыс әңгіме болған жоқ. Лездемеден соң Бекет кабинетке кіріп, түсірілімдер жайлы тапсырмалар айтып кетіп қалды. Байқаймын, кешегі жағдайдан хабарсыз. Түске дейін алаңдап отырдым, бірақ ешқандай хабар, телефоннан қоңырау шалу жоқ. Прокуротура жақ та тым-тырыс. Шынымды айтсам, таң-тамаша болдым. Әдетте мұндай нәрсе «ЧП» болу керек қой. Жоғарғы деңгейде айтылған негізсіз әңгіме бұлай жайбарақат, тым-тырыс өтіп кетеді дегенге көңіл құрғыр еш сенер емес. Сенбейін десең түк болмағандай мамыражай күнделікті тіршілік жүріп жатыр. Өйтіп-бүйтіп кешті де батырдық-ау. Жұмыс аяғында «Советский» екеуміз «Сарыарқадағы» суатқа қайта барып, кешегі оқиғаны әбден жіліктеп, талдау жасап шықтық. Енді не де болса телеарнаның, кәсіпкерлердің мүддесі үшін, амал жоқ, осындай қадамға баруға мәжбүр болдық, басқадай жаман ойымыз болған жоқ деп айтамыз деп уәделесіп тарастық.
Келесі күні таңертең сағат 9:00-де жұмысқа келсем, кабинетімнің алдында облыстық прокуратураның бір қызметкері тұр. Бұл жігітті білемін, өйткені ай сайын келіп, телеарнадан, радиодан эфирден өткен хабарлардың анықтамасын алып тұратын. Бұрын жайраңдап келіп амандасатын інімнің түрі суық, ыздиып тұр. «Неге келгенімді білген шығарсыз?» деді. «Біліп тұрмын», дедім. «Онда кеттік. Айтпақшы, досыңызды да ерте жүріңіз», деді. Бақытжанды ертіп алып облыстық прокуратураға бардық. Бұрын жұмыс бабымен емін-еркін кіріп жүрген мекеме тастай тәртіпке көшкен. Кіреберісте қағаз, қалам, телефон, куәлік деген сияқты майда-шүйдеге дейін сыпырып алып қалды. Жоғары көтеріліп келеміз. Бұрыннан таныстар бар мекеме ғой, алдымыздан кездескен таныс қыз-жігіттер анадайдан көрмегенсіп айналып кетеді.
Не керек, бір-екі сағат ана кабинеттен мына кабинетке шақырып жүріп прокурордың бір орынбасары қабылдады-ау, әйтеуір. Қабағы сұсты, түрі ызғарлы, сұрағын да дүңк-дүңк дегізіп қояды. Таза «қылмыскер» болдық та шықтық. «Елбасын алдадыңдар, орысша айтқанда, Мемлекет басшысын «заблуждениеге» салдыңдар», дейді. Ол үшін арнайы бап бар дегенді де нығырлап қойды. Жан беру оңай ма, біз де қорғанып, өзіміздің жағдайымызды айтып ақталып бақтық. Бірақ мыналардың беті жаман сияқты, біздің айтқандарымызды құлақтарына қыстырып отырған жоқ.
– Бас прокуратурадан жарлық келді, егер айтқандарың расталмаса, онда шаруаларың бітті, – деп, жанымызды мұрнымыздың ұшына әкеп қойды. Екеуміз жанарымызбен жер шұқылап отырмыз. Менің оларға айтатыным сол баяғы: «Бөтен ойымыз болған жоқ, аузымызға абайсызда прокуратура атауы түсіп кетті. Президенттің мысы басты». Тікелей эфирде сөйлескенде, шынымен, айдаһардың аузында тұрған қоян сияқты болғаным рас. Телефонмен сөйлесіп тұрғанның өзінде буын-буының босап, тілің күрмеліп, не айтып, не қойғаныңды аңғармай, өзіңді жоғалтып алады екенсің. Басқаны қайдам, менде солай болды. Бәлкім, бұл өз атымнан емес, басқа адамның атынан сөйлеп тұрған соң солай болған шығар деп ойлаймын. Әйтеуір, төрт сағаттан соң түсініктеме жазып беріп, босап шықтық. Іс аяқталғанша ешқайда кетпейміз деп қолхат та бердік. Тергеуден шыққан соң мәңгіріп келе жатсақ, Қордайдағы баяғы Сағатбегім қоңырау шалып тұр. «Қалайсың? Мә, бізде рақат, бір МАИ жоламайды да, тоқтатпайды да. Көшедегі таксистер маған тоқтап тұрып рақметтерін айтып жатыр. Бұрын діңкілдейтін полицейлер қазір «мыңқ» етпейді. Арқамнан қағып, «Президентпен сөйлескен сен жүрек жұтқан екенсің» деп шығарып салып жатыр», –
дейді. Онымен сөйлесетін көңіл күй жоқ. «Кейін хабарласайықшы» дедім. Бәкең екеуміз қиналып келеміз. Енді қайтпек керек? Бірақ бір қызығы, ұжым болған оқиғадан бейхабар. Тіпті Бекет те білмейді-ау. Тікелей эфир жайлы бір әңгіме айтпайды. Әйтеуір тыныштық.
Содан ары ойлап, бері ойлап Қуатқа хабарласатын болдық. Сөйтсек, ол бәрін біліп отыр екен. «Жағдай көңіл көншітерлік емес» деді. Ол сол кезде Президент әкімшілігінде істейтін. Не қызмет атқаратыны есімде жоқ. Әйтеуір Ақ үйде. Соған қарағанда, оңай қызмет емес. Қуат кешкісін хабарласып, бір телефон нөмірін берді де «Осы азаматпен байланысыңдар, оған дейін Президенттен кешірім сұрап хат дайындаңдар, қайда жіберу керектігін ана жігіт айтады», деді. «Советскиймен» отыра қалып түнімен хат дайындадық. Обалы не керек, «кешірім сұрау» хатымыз жаман жазылмаған сияқты. Онда «Журналистика саласында жүрген барлық жылдарымызда тек елге адал қызмет етіп келеміз, мына кәсіпкерлерге жасап отырған қамқорлығыңыз, шын мәнінде, Қазақстандағы бизнесті алға жылжыту, дамыту жолындағы үлкен қолдау. Тек соны кейбір кәсіпкер ағайындар әлі де болса жете түсінбейді. Біздің де қателігіміз сол тікелей эфирге шақырған кәсіпкерімізді уақытында келтіре алмағанымыз болды. Дегенмен мемлекеттік үлкен маңызы бар мораторийге жамбылдық кәсіпкерлердің үн қоспауы біз үшін ұят нәрсе сияқты болып, келмеген кәсіпкер азаматтың орнына өзіміздің сөйлеуімізге тура келді. Кәсіпкерлердің жанайқайын, бізге шаққан мұңдарын өздері сөйлеуге бата алмағандықтан солардың атынан жеткіздік. Бірақ біздің қателігіміз бір ауыз сөзден кетті. Оны барлық азаматтық болмысымызбен мойындаймыз. Ол жерде прокуратура қызметкерлерінің ешқандай қатысы жоқ. Ол біздің сіздің алдыңызда сасқалақтап отырып жіберіп алған кешірілмес қателігіміз болды. Барлық жіберген қателігіміз үшін, аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, сізден және эфирде аттары нақақтан аталған облыстық прокуратура мекемесі және оның басшыларынан да кешірім сұраймыз» деп ағымыздан жарылдық. Міне, біздің жоғарыға жолдаған кешірім сұрау хатымыздың нобайы шамамен осылай болатын. Ертесінде Қуат айтқан Ақордадағы азаматпен хабарластық. Ол өзі бір жақсы жігіт екен, біздің әрекетімізді балалардың тентектігі сияқты қабылдаған ол әбден күлдіріп алып, «Хатты жазсаңыздар тез Астанаға жеткізіңіздер» деп тапсырма берді. Біз оны басқа жолын таппағандай, пойыздың жолсерігі арқылы жіберейікші деп өтіндік. Ол келісті және вокзалдан барып өзі алатын болды. Не деген қарапайымдылық, не деген азаматтық десеңізші. Сонымен хат Астанаға кетті, Ақордаға жетті.
Мұнда бізді күнде облыстық прокуратураға шақырады. Қоятындары бір сұрақ: «Неге МАИ-дың жұмысына бізді араластырып, Президентке шағым айтасыздар?». Әр жолы әр кабинетке апарып жазбаша жауап алады. Біз де айтқанымыздан қайтпаймыз, ең алғашқы берген жауапты қайталап жазып береміз. Сөйтіп, телеарна мен прокуратураның арасында екі аптадай сандалдық. Олар да шаршады ма, әйтеуір, «енді хабар өзімізден болады, ешқайда кетіп қалмаңдар, шақырғанда келіңдер» деп бостандық берді.
Екі күннің бірінде Астанаға Қуатқа телефон соғамыз. «Әлі тыныштық, уайымдамаңдар» деп жұбатып қояды. Бұл кезде тоғыз айға дейін кәсіпкерлерді тексеріп, мазаламау жөніндегі Президенттің Жарлығы шығып үлгерді. Телеарна арқылы кәсіпкерлердің Президентке рақмет айтып жатқан топтамаларын эфирден күнде береміз. Республикалық арналардан баяғы біздің «тікелей эфиріміз» екі-үш рет қайталанып беріліп жатты. Сол хабар эфирге шыққан сайын «өліп-тірілеміз». Сөйтіп жүргенде көңілді күпті қылған үшбу хабар да Астанадан жетті-ау. Қуат хабарласып: «Бәрі дұрыс шешілгендей болды. Ендігі мәселені жергілікті жердегі облыстық прокуратура шешеді, оларға да айтылды, тыныш отырыңдар. Не айтса, соған келісіңдер», – деп, көңілімізді бір демеп қойды.
Айтса айтқандай, көп ұзамай-ақ облыстық прокуратурадан келіңдер деген пәрмен келді. Жазған құлда шаршау жоқ деп «Советскиймен» сүйретіліп бардық. Бұл жолы бастықтың өзі қабылдады. Қорқақтап, арты қалай болар екен деп кірдік. Біз ойлағандай емес, бас прокурор жылы жымиғандай болып қабылдады. Қол беріп амандасты. Мұнысына ішіміз тіпті жылып сала берді. Отырған соң прокурор; «Асеке, менің не жазығым бар еді?» деп мен күтпеген сұрақ қойды. Қапелімде ондай сауал күтпеген басым абдырап қалдым да: «Қабеке, кессеңіз, міне бас, міне мойын», – деп, үстелге кәдімгі жаңғырыққа басымды қойғандай иілдім. Ана кісі: «Қойыңыз, басыңызды көтеріңіз», – деп жатыр. Осы оқиға болардың алдында менің «Заман қандай, заң қандай?» деген авторлық бағдарламам бойынша тікелей эфирде жарты сағат сұхбат өткізген болатынмын. Содан ба, әйтеуір, маған әжептәуір жақсы пейіл көрсетіп отыр.
Қойшы, сол жерде ұзақ әңгіме жүрді. Айыптау емес, болған оқиғаның қалай болғаны жайлы егжей-тегжейлі толық мәлімет алды.
Әңгіменің аяғы Астанадағы басшыларына қорытындысын беру керектігіне, бұл жайт қатардағы жағдай емес, прокуратура саласы үшін маңызды мәселе болып күн тәртібінде тұрғанына және нақтылы шара көрілуі қажет екендігіне тірелді. Қорытындысында Бақытжан Әлімқұлов, яғни «Советский» жұмыстан босатылатын болды. Ал маған қатаң сөгіс берілу керек деген шешім қабылданыпты. Келістік, келіспей қайда барамыз? Негізі біз жазаның бұдан да зорын күткенбіз, бірақ осындай жеңіл жазамен құтылдық қой. Сол кездегі облыстың бас прокурорына рақмет. Ол кісінің орнында басқа адам болғанда бұл жағдай өзгеше реңк алып кетер ме еді, кім білсін?! Түсінігі мол азамат ретінде, біздің де әрекетімізге оң көзқарас танытқаны анық.
Бұл жерде «Советскийге» байланысты бір гәп бар еді. Ол «Жамбыл» телеарнасының емес, «Қазақстан» ұлттық арнасының қызметкері, облыстағы меншікті тілші еді. Сондықтан да жұмыстан босату жөніндегі бұйрықты біз емес, олар шығару керек болатын. Ал ол жақтағылар бұл оқиғадан бейхабар. Тіпті «Советский» тікелей эфирде белсенділік танытып, кәсіпкер дайындағаны үшін Ақордадан ауызша алғысын да алып қойған. Осы жерде жоғарыдағы дирекцияда күтпеген жағдай болды. Зікіршілерге қатысы бар деген тұжырыммен (Ол кезде нақты солай айтылған жоқ, бірақ кейін белгілі болды ғой) «Қазақстан» ұлттық арнасының сол кездегі директорынан бастап, біраз адам жұмыстан шығып қалды. «Жаңалақтар» қызметінің басшысынан бастап, меншікті тілшілердің басым бөлігі, бір күнде 250 қызметкер қарсылық ретінде телерадиокорпорациядан кетті. Оның ішінде Бақытжан да бар.
Ал мен қатаң сөгіс арқалап қызметімде қалдым. Сонда деймін-ау, Сембектің немқұрайдылығына таңғалдым. Болған жайдың бәрін біліп жүрді. Тым болмаса «Әй, жігіттер, қиын болған екен, менің бір білместігімнен осындай күйге түстіңдер-ау, айып етпеңдер» демегеніне қынжыламын. Әлі күнге дейін мен де ол кісіге бірауыз емеурін білдірген емеспін. Енді ғана жазып отырмын.
Сонымен аяғы не болды дейсіздер ғой. Біз жаза арқалаған бір жарым айдан соң Тәуелсіздік күні келді. Тәуелсіздік мерекесіне орай рақымшылыққа іліндік. Айтпақшы, оны да айтқан прокурордың өзі еді. «Советский» досымды өзімізге бір бос тұрған орынға қызметке қайта қабылдадық. Нақтырақ айтқанда, Жаңа жылдың алғашқы күндері Бақытжанға телефон соғып, Қаратау қаласына бір түсірілім жасап келуін сұрандым. Ол қолы бос болғандықтан бас тарта қойған жоқ. Бірден келісе кетті. Бірақ әншейінде тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап келетін Бақытжаным екі күн қарасын көрсете қоймады. Қалта телефонына кешке қарай хабарлассам, ол «Ұлттық арнаның бос жүрген тілшісі Қаратаудан тыңдап тұр», – дейді. «Ұлттық арнаңды білмеймін, қазіргі Жамбыл облыстық телерадио компаниясының комментаторы, журналист Бақытжан Советұлына хабарласып тұрмын», – дедім. Сөз мәнісін түсіне қойған «Советскиім»: «Болды, Ас-аға, ертең азанда жұмыста боламын, хабарыңызды зыңдай етіп түсте өткізіп беремін», – деді. Маған да сол керек. «Уф» деп телефонды қоя салдым. Ол да айтқан уәдесінде тұрып, әкімшілік тапсырмасымен барған сюжетті арнайы хабарымен қоса түске де, кешке де өткізіп берді. Ал енді сарабдал сақа сарбазды қалай қабылдамасқа? Бекет те бәлсінген жоқ. Мен Бақытжан үшін алдын ала жұмысқа алу жөніндегі өтінішке қол қойып, дайындап қойған болатынмын. Келген бойда оны Бақытжанның қолына ұстата салдым. Сөйткен Бәкең қазір «Жамбыл» радиосының жетекшісі. Әлі күнге дейін телеарна мен жергілікті радионың ауыр жүгін арқалап келеді. Негізі таза адам, әулие ғой. Адам баласына зияны жоқ. Бұны осындай дәрежеге жеткізген де сол адалдығы мен тазалығы. Бұл оқиғаны жазудағы мақсатым – «абайлап жүріп, анық басудың» маңызын ұқтыру. Ойланбай істеген істің ақыры сау басыңды сергелдеңге салатыны белгілі. Құдайыңдай сенген кейбір адамдардың уәдеге тұрақсыздығы, немқұрайдылығын ашып көрсететін де уақыт жеткен сияқты. Екінші жағынан, саған еш қатысы жоқ кейбір лауазымды азаматтардың қиналғанда қол ұшын бергеніне және олардың қандай дәрежелі қызметте жүрсе де адамдық болмысының өзгермейтіндігіне, яғни ұлы Абай атамыз айтқандай, «Толық адам» қалпында қалатындығына қалай сүйсінбессің. Міне, бар ойым осы, тек соны айтқым келді. Өткінші өмірде бір-бірімізге артық сөз айтпай, бір-бірімізді сатпай, қайта жамандығымыз болса жасырып, жақсылығымызды асырып, сыйласып өткенге не жетсін!
Асқарбек СЕЙІЛХАН, Қазақстанның Құрметті журналисі
Келесі мақала