Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңғырту жұмыстары жанданады

Жаңғырту жұмыстары жанданады
ашық дереккөз
Жаңғырту жұмыстары жанданады
Дауыл Бейсенқұлов, «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы: Ел өмірінде қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен қатар ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жыл ішінде көптеген өзгеріс жасалды. «АМАNАТ» партиясы саяси реформаларды жүзеге асыруға белсенділікпен атсалысуда. Әділетті Қазақстан құру жолында азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін біз халық өкілдерімен етене жұмыс істеп келеміз. Баршаға мәлім, облыста барлық деңгейдегі 210 депутаттық мандаттың 151-і «AMANAT» партиясының мүшелеріне тиесілі. Бұл елде партияға деген сенімнің барын көрсетіп отыр. Халықтың сенім мандатына ие болған және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ісіне белсене атсалысып келе жатқан мәслихат депутаттарына жоғары жауапкершілік жүктеледі. Партия фракциясы мүшелерінің алдында тұрған басты міндеттің бірі – Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында көзделгендей, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату. Осы ретте мәслихат депутаттары былтыр 416 қоғамдық қабылдау өткізіп, 1015 азаматтың өтініші қаралды. Онда көтерілген 618 мәселе оң шешімін тауып, 397 мәселе бойынша тиісті түсініктеме берілді. Депутаттар мен жергілікті атқарушы орган басшыларының тікелей сұхбаттасуын және өзара әріптестік іс-әрекетін қалыптастыру мақсатында былтырғы 29 қарашада мәслихат депутаттарының аймақтық форумы өткізілді. Байыпты басқосуда өңірдің өзекті мәселелері көтеріліп, облыс әкімдігі тарапынан тиісті жауаптар берілді. Есепті кезеңде партия құрамы оңтайландырылып, бастауыш партия ұйымдарының жұмысы жүйеленді. Бүгінде облыста «AMANAT»-тың 54 мыңнан астам мүшесі 266 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Шын мәнінде, олар – саяси ұйымымыздың негізі. Өткен жылы 1800 адам партия қатарына қосылды. Дегенмен партия мүшелерінің түрлі әлеуметтік топтар арасындағы үлес салмағына тұрақты түрде сараптама жасап, сапалық құрамын жақсартуымыз қажет. Атап айтсақ, партия облыстық ұйымының құрамында шағын және орта бизнес өкілдері 3,5 пайызды құраса, ауылшаруашылығы саласының еңбеккерлері 1,8 пайыз ғана болып отыр. Өткен жылы тамыз айында 55 бастауыш партия ұйымына жаңа төрағалар сайланды. Жалпы төрағалардың 28-і мәслихат депутаттары болса, 32-сі қоғамдық кеңес мүшелері. Бұл бастауыш партия ұйымдарының төрағалығына сапалы кадрлар келгендігін көрсетеді. Оңтайландыру жұмысының бір көрінісі – партия Орталық аппаратының ұйғарымымен мүшелік жарналардың 20 пайызын бастауыш партия ұйымдарына қайтару болды. Қайтарылған трансферт қаражаты есебінен бастауыш партия ұйымдары тарапынан түрлі форматтағы 2000-нан астам партиялық шараның ұйымдастырылуы олардың белсенділігінің артқандығын көрсетті. Өткен жылдың соңында барлық аумақтық филиалдарда бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына арнайы семинарлар өткізіліп, қатысушылардың ұсыныс-пікірлері Орталық аппаратқа жолданған болатын. Нәтижесінде трансферттерді бөлу жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізілді. Алдағы уақытта қаражат мүшелер саны 500-ден асатын ірі бастауыш партия ұйымдарына жеке карточкаларына, шағын бастауыш партия ұйымдарына 1 есепшотқа аудару туралы шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде бастауыш партия ұйымдарын ірілендіруге және жаңаша форматта маңызды ауқымды шараларды ұйымдастыруға септігін тигізетіні анық. Біздің алдымыздағы маңызды міндеттерің бірі – партияның 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасының орындалуын қатаң партиялық бақылауда ұстау. Жол картасымен жалпы 103 көрсеткіш белгіленген. 2023 жылға жоспарланған 98 көрсеткішінің 80-і немесе 81,6 пайызы орындалды, ал 18-і орындалуда. Сайлауалды бағдарлама аясында есепті жылы 38 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Биыл 43 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілмек. Сайлауалды уәделердің орындалу барысын жүйелі бақылап отыру мақсатында қазіргі уақытта 28 партиялық бақылау бекеті ашылған. Бұл тұрғыда құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақытылы берілуін бақылау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі халықпен арадағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін бірден-бір көпір болып отыр. Бүгінде облыста және барлық ауданда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері бар. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды тетігі. Былтыр 1070 қабылдау өткізіліп, 3 221 тұрғынның өтініші тыңдалды. Нәтижесінде 64 пайызы оң шешімін тауып, қалған 36 пайызы тиісті сала өкілдерімен заң аясында құқықтық кеңестермен толықтырылды. Партияны қайта жаңғырту бағдарламасы аясында шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қолжетімді мүмкіндіктер жасау, оларың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында республикалық мобильді қоғамдық қабылдау жұмысы басталған болатын. Онда 150-ге тарта ауыл тұрғыны бейінді мамандардан кеңес алды. Сонымен қатар өңірде қоғамдық қабылдауды кабинеттерде шектемей, партияның облыстық және аумақтық филиалдары 19 шалғай елді мекенде ұйымдастырды. Мәслихат депутаттары мен саяси кеңес мүшелерінің көшпелі қабылдауларында 757 азаматтың мәселесі тыңдалды. Тұрғындардың өтінішін қараумен қатар, халық игілігіне бағытталған жобаларды түсіндіру, насихаттау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. «Құқықтық көмек» жобасы аясында заңгер, адвокат, нотариус және медиаторлардың қатысуымен 81 қабылдау өтіп, 178 адамға тегін құқықтық кеңестер берілді. Алдағы уақытта қоғамдық қабылдаулар мен «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы қабылдауларға келген азаматтар мәселесінің оң шешілуіне бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Біз – қоғамның талап-тілегіне құрметпен қарап, оларға құлақ асатын партияның өкілдеріміз. Сондықтан өткен сайлауда халыққа берген уәделеріміздің орындалуын қадағалау – біз үшін өте маңызды. Бүгінде сайлау науқаны барысында сайлаушылардан түскен 838 аманат мен ұсыныстардың 694-і оң шешімін тапса, қалған 144-і орындалу барысында. Алдымыздағы тағы бір маңызды міндеттің бірі – аудан және ауыл әкімдерінің сайлауларын ашық әрі әділ бәсекелестік жолымен өткізу. Партия атынан кандидат ретінде белсенді азаматтық ұстанымы бар, тұрғындардың үдесінен шыға білетін азаматтарды ұсыну арқылы жеңіске жетуін қамтамасыз ету қажет. Қазіргі таңда облысымызда 142 ауылдық округтің әкімдері тікелей сайланды. Олардың 132-сі біздің партияның мүшелері. Сонымен қатар 2023 жылы алғаш рет аудан әкімдерін сайлау тетігі іске қосылып, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының халқы тікелей сайлау жолымен партиядан ұсынылған кандидаттарға дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Бұл ретте айта кететін мәселе, алдағы уақытта сайлау науқаны барысында кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы ауылдың проблемалық мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Біз әрқашан саяси бәсекелестік пен күреске дайын болуымыз керек. Сонымен қатар кандидаттың желілік кестесінде ауылдық округке кіретін барлық ауылдар, оның ішіндегі еңбек ұжымдары толық қамтылуы тиіс. «Есіктен есікке» акциясы аясында әрбір сайлаушыға дейін жетуіміз керек. Сонда ғана біз ауыл тұрғындарының толық сеніміне ие болып, жеңіске жетуге нық қадам жасаймыз. Саяси партияның негізгі міндеті – халықтың барлық құрамымен тиімді байланыс орнатып, кез келген аймақта пайдалы жұмыстың барысын үздіксіз үйлестіру. Осы мақсатта «AMANAT» партиясында «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Кітап-Аманат», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Құқықтық көмек», «Халыққа көмек», «Tomiris», «Qaisar», «ТазаLike», «Жастарға жұмыс», «Менің елім – менің тілім», «Жас саясаткерлер мектебі» жобалары іске асырылуда. Алдағы уақытта біз осы жобалардың өңірімізде сәтті жүргізілуін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін бізде барлық тетіктер қарастырылған. Енді негізгі партиялық жобаларға тоқтала кетсем, бүгінде банктен және микроқаржы ұйымдарынан алынған несиелер азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына кері әсерін тигізіп жатқаны баршаға мәлім. Бұл ретте партия мен Halyk Bank-тің өткен жылы басталған «Қарызсыз қоғам» атты бірлескен пилоттық жобасы өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Өткен жылдың өзінде облыс бойынша халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру курстарында 11 215 азамат тартылды. Оқу курстары барысында тұрғындар қаржылық мәселелерді шешуді, несиелерді азайтуды, қолма-қол ақшаны басқаруды және шығындарды оңтайландыруды жан-жақты меңгеріп шықты. Сондай-ақ жоба аясында жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге компанияның бюджетін қалыптастыру, салық есептілігі және қолданыстағы бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау бойынша қаржыландыру шарттарын тиімді пайдалану, бизнес-жоспар дайындау сынды 4000-ға жуық заңгерлік көмек көрсетілді. Айта кету керек, бұл жоба жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ерекше тоқталып, Үкіметке тың бастаманың ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасын облыста іске асыру жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспары – Жол картасы әзірленіп, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша кеңес беруді жүргізу мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобалық офисі ашылды. Сонымен қатар жобаға Қазақстанның басқа да екінші деңгейлі банктері атсалысатын болады. Тағы бір жағымды жаңалықтардың бірі, жобаның ауқымын кеңейту мақсатында келесі жылдан бастап қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылады. Нәтижесінде еліміздің барлық жоғары оқу орындарына, колледждеріне және мектептеріне «Қаржылық сауат» курсын енгізіп, 450 мың оқушы мен 100 мың студентті қаржылық сауат негіздеріне үйрету де жоспарланып отыр. Бұдан бөлек партия өткен жылы «Жер аманаты» және «Ауыл аманаты» жобаларын іске қосты. Нақты айтсақ, 2019 жылы өңірімізде бастау алған «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» пилоттық жобасы «AMANAT» партиясының қолдауына ие болып, Үкіметке республика деңгейінде іске асыру туралы ұсынғаны белгілі. Нәтижесінде аталмыш жоба атауын «Ауыл аманаты» деп өзгертті. «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында 2019-2023 жылдар аралығында өңірімізде жалпы сомасы 36,7 миллиард теңгеге 7 100 несие берілді. Жоба аясында өңірде ауылшаруашылығы кооперативтері құрылып, тұрғындар өзінің кәсібін дамытуда. Биыл жоба аясында республикалық бюджеттен 13,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Осы орайда жобаның 3 бағытына басымдық бере отыра қаржыландыру жоспарланып отыр. Олар – үй іргесіндегі жер учаскелерін тиімді пайдалану, ауыл сыртындағы егістік жерлерді тиімді пайдалану және жеке кәсіпкерлікті дамыту. Аталған қаражатқа өтінімдерді қабылдау алдағы сәуір айынан басталады. Іске асырылған жобалардың нәтижесі тұрғындар табысының артуына, өндірістің, салық көлемінің ұлғаюына оң әсерін тигізері анық. Жалпы жоба шеңберінде 153 ауылдық округтегі 109 мың аула қамтылады. Сәйкесінше 25 мыңнан астам жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркеліп, жылына 3,7 миллиард теңге бюджеттік түсім күтіліп отыр. Сондай-ақ 7 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. «Жер аманаты» жобасының да жемісі мол. Конституцияның алтыншы бабына енгізілген нормаға сәйкес, жер халыққа тиесілі. Мемлекет басшысы жерді мемлекет меншігіне қайтару міндетін қойды. Бұл ретте «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының қызметі жайылымдық жерлер тапшылығы проблемасын шешуге, пайдаланылмайтын және заңды бұза отырып берілген жерлерді қайтаруға ықпал етуде. Мәселен, осы бағыттағы кешенді жұмыстың арқасында 2022 жылы облыста 208,2 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде Сарысу ауданында комиссия ықпалымен 60 мың гектар жер қайтарылды. Ал былтыр өңірдегі 201,2 мың гектар жер қайтарылып, тұрғындардың қолжетімді пайдалануына берілді. Әрине, қайтарылған жерлер аумағы өте көлемді. Алайда өңірімізде жер жетіспеу мәселесі әлі де өзекті. Айта кетсем, мал санына шаққанда қажетті жайылымдық жер көлемі 164 мың гектардан асады. Биыл бекітілген жоспарға сәйкес өңірде 80 мың гектар жайылымдық жерлерді қайтару жоспарлануда. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 400-ден аса іс-шара өтті. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, өмір сүруге ынтасын арттыру бойынша олар жасаған қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, жұмыспен қамту үшін бос орындар жәрмеңкелері және тағы да басқа шаралар өткізілуде. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылым жақсарту – басты назарда. Осындай жандарға бейімделуі тиіс ғимараттарға тұрақты түрде зерделеу жүргізіледі. Биыл 270 нысанға зерделеу жүргізіліп, тиісті мекемелерге ұсыныстар берілді. Келесі мәселе – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында елімізде ана мен бала бақытты өмір сүруі үшін жағымды жағдай жасау, отбасы институтын дамыту. Бұл ретте сәтті жүргізіліп отырған «Бақытты отбасы» партиялық жобасын атап өткен жөн. Бүгінде белсенді әйел азаматшаларды қолдау мақсатында партия облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының кеңесші лауазымына «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, кәсіпкер Айман Ашимова бекітілді. Қазіргі уақытта әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін және атқарылатын шаруалардың басым бағыттарын айқындау бойынша жұмыс жоспары жасалып, аудандарда кездесулер өтуде. Жастармен жұмысты күшейту, олардың бастамаларына қолдау көрсету жайы да күн тәртібінен түспейді. «Жастар рухы» жастар қанатының құрамында облысымызда 11 аудандық, қалалық филиал жұмыс жасайды. Оларға 6 400 мүшесі бар 112 бөлімше біріктірілген. Өңірдегі 2 жоғары оқу орны мен 46 техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелердің 34-інде және облыс аумағындағы ірі кәсіпорындарда «Жастар рухы» жастар қанатының бөлімшелері тұрақты қызмет атқаруда. Облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері өткен жылдың қорытындысымен республикалық «Рухтастар» сыйлығының 2 номинациясын жеңіп алуы – біз үшін мақтаныш. Атап айтқанда, «Рухты белсенді» жүлдесін «Біз біргеміз» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Ерхан Мелдебек иеленсе, «Үздік әлеуметтік жоба» бойынша көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған Брайль қарпіндегі «Дәрігер реинкарнациясы» комикс жобасының авторы Мұхтарәлі Әбуәлінің мерейі үстем болды. Белсенді рухтастар тарапынан ұйымдас­ты­рылған «Қайсар» әскери-патриоттық жарысы мен «Сарбаз болғым келеді» акциялары жастар көңілінен шығуда. Акция аясында белсенді жастар мен оқушылардан жасақталған арнайы топтар әскери заставаларға экскурсияға барып, сарбаздардың бір күндік өмірімен танысып қайтса, «Қайсар» жарысы аясында 200-ге жуық мектеп оқушысы өзара мықтыны анықтады. Сондай-ақ республика көлемінде бастау алған «Ізгілік апталығы» өңірде жастардың ұйытқы болуымен жоғары деңгейде өтуде. «Жақсылық жасап жарысайық» ұранымен рухтастар ардагерлердің үйін қардан тазартып, тазалыққа жауапты еңбек адамдары мен желтоқсан айында жауған қалың қардың құрсауында жолда қалған азаматтарға ыстық шай, бәліштер ұсынып, халықтың алғысын алды. «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 820 ардагер мен қарт адамдарға қайырымдылық көмектер көрсетіп, үй шаруашылығына көмектесті. Сонымен қатар жуырда партияның қолдауымен республикалық деңгейдегі «AMANAT CUP» media futsal доп додасы Әулиеата өңірінде өтіп, республикамыздың медиа өкілдерінен кіл мықтылар іріктелген жұлдызды жарыста «Тараз пресс» командасы бас жүлдені иеленді. «AMANAT»-тықтар партияның ашықтығын айқындап, халықпен кері байланыс орнатуға жаңа қадамдар жасауда. Атап айтсақ, депутаттық фракция мүшелерінің жергілікті брифингтерін өткізу тәжірибеге енгізіліп, атқарған жұмыстарының есептері берілді. Былтыр партия жұмысы туралы әлеуметтік желілерде 100 мыңнан астам пост, басыламдарда 400-ден астам мақала жарияланды. Ақпараттық жұмыстың басты күші ретінде белсенді партия мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшыларынан 150 адамға жуық арнайы спикерлер пулы қалыптастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік желіде «Айтылды-орындалды» айдары іске қосылып,онда 350-ден астам пост жарияланды. «AMANAT» партиясының мақсаты айқын, міндеттері белгілі. Алдағы уақытта да барша партияластар жаңғырту ісіне белсенді қатысып, жұмыла жұмыс істей беретін болады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар