Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
ашық дереккөз
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Жеке мәселесіне қатысты есіктен-есікке сабылып, заңнан әділдік таппағандар қоғамнан қолдау іздеп, редакция жағалайтыны белгілі. «Заңнан әділдік таппадым» деп газетіміздің редакциясына қайырылған тұрғынның бірі – Қойшыбай Амандосов. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін аталған ақсақалды Жамбыл ауданының Тастөбе ауылындағы үйіне іздеп бардық. Айтуынша, 1982-1989 жылдар аралығында бұрынғы Бесжылдық кеңшарында (қазіргі Шәкен Ниязбеков ауылы) сиыршы болып, одан кейін «Пионер» қой кеңшарының жылқысын баққан. Сөзіне сенсек, сол кезден бастап көрмеген құқайы жоқ. – Маған ұжымшар төрағасы Алпысбай Жұмаханов «59 бас жылқыны жеп қойды» деген жала жапты. А.Жұмаханов үстімнен жалған құжат жасаған. 1992 жылы шаруашылықтың орынбасары болып жүргенде бір қағазға қол қойдырып алған. Ол негізінде Алтай өлкесінен әкелінетін асылтұқымды жылқыға қатысты құжат болуы тиіс еді. Мен ол жылқыларды кеңшардың 200 жылқысына қосып бағуым керек болған. Бірақ жеме-жемге келгенде олар құжаты жоқ, ұрлықы 27 жылқыны әкелген. Оның Бішкектен әкелінгені туралы құжатын жасаған. Мен бағудан бас тарттым. Өйткені оны әкеліп жүрген А.Амеркенов деген азамат менің немере ағайыным еді. Дегенмен қарамағымдағы қораның (баз) жартысын кеңшар басшылығының ұйғарымы бойынша оларға бердім, ал сырттан келген әлгі жылқыны А.Амеркеновтің әкесі бақты. Ол жылқының жартысы өлді, өлгенінен қалған 12 бастай жылқыны бір баласы істі болып, әкесі сатып жіберді. Уақыт өте келе, мен «Пионер» өндірістік кооперативінен 64,1 гектар жер телімін алып, «Рүстем» шаруа қожалығы болып бөлініп шықтым. Осы тұста А.Жұмаханов сыртымнан «Қ.Амандосов кеңшардың жылқысын баққан жоқ, А.Амеркеновтің жылқысын баққан» деп құжат жасайды да, А.Амеркенов «59 жылқымды жеп қойды» деп үстімнен іс қозғатып, 1997 жылы 6 ай жазықсыз қамауда жаттым. А.Жұмаханов «Кеңшардың 29 жылқысын», А.Амеркенов «59 жылқымды бермей жүр» деп жала жапты. Ешкім тергеп-тексерген жоқ, кінәм жоқ болған соң босап шықтым, – деді ол. Қойшыбай Сейдәзімұлы істі қараған аудандық соттың сол кездегі судьясы Халипа Қосалиеваның шығарған шешімі арқылы иелігіндегі 64,1 гектар жеріне мүліктік тыйым салынғанына қапалы екенін айтты. – Менің атымнан қозғалған қылмыстық іс 2001 жылы тоқтады. 2003 жылы бір мәрте қатысқаным болмаса, үстімнен азаматтық іс менің қатысуымсыз бірнеше рет жүргізілді. Өмірде жоқ 59 бас жылқыға менен А.Амеркеновтің пайдасы үшін сот Х.Қосалиева 2 миллион 800 мың теңге өндіріп берді. Бұл кезде иелігімдегі 64,1 гектар жер мемлекеттен уақытша 49 жылға жалға берілген болатын. Осы жерімді 2012 жылы жекешелендірдім. Сөйтіп, сол жылы сататын болдым. Осылайша оны 500 мың теңгеге бағалап, Гүлмира Балғымбаеваның әкесі Ізбасардан 500 мың теңге алдым. Оған дейін А.Жұмаханов, И.Сатыбалдиева, Г.Балғымбаева жерімді «арестте тұр, соны шешіп береміз» деп 64,1 гектар жекеменшік жерімнің мемлекеттік актісін сеніміме кіріп, алдап алып алған еді. Бұл кезде А.Жұмахановпен арамыз жақсарған еді, өйткені жерімді жекешелендіріп алғаным үлкен олжа болатын. Бұл жер негізінен Көлқайнар ауылдық округіне (бұрынғы Куйбышев кеңшары) тиесілі. Өйткені бұл 1993 жылғы аудан әкімінің №795 шешімі болатын. Оның 1,2,3-тармақтары орындалмай қалғаны облыстық полиция департаменті арқылы анықталған. Өйткені іс аяқталмаған, жер картасы өзгертілмеген. Сол жерде А.Жұмаханов өзіне тиесілі емес жерді жеке басына пайдаланып, жеке тұлғаларға сатып отырған. Ол Көлқайнар ауылдық округінің жері болып саналады. Нақты айтқанда, бұл – осы уақытқа дейін барлығы Көлқайнар ауылдық округінде тіркеуде тұрған 350 гектар жер. Оның ішінде менің атыма берілген 42 гектар жер бар. Ал 22,1 гектарым ол жерден он шақырым қашықта орналасқан. А.Жұмаханов аталған 350 гектардағы 42 гектарымды Г.Балғымбаеваға сату үшін менің жерімнің мемлекеттік актісін қолына түсіру үшін әу баста осындай әрекет жасаған. Оны арада біраз жыл өткенде білдім. Жекеменшік жерімді сату ісіне қайта оралсақ, 2012 жылы соның қамымен жүргенде Г.Балғымбаеваның әкесі Ізбасар Балғымбаев: «Сөйлесетін сөзім бар, 500 мың теңгені нотариуске алып келші», – деді. Нотариус И.Сатыбалдиеваның кеңсесіне бардық. с жақсылыққа ниеттеліп жатқаннан кейін кеңсенің тағы бір бөлмесіне дастарқан жайылыпты. Ол жерден дәм татып, спиртті ішімдік іштік. Мен қызу едім. Сол жерде Г.Балғымбаева мен әкесі 500 мың теңгені алып, «Жерді сенен емес, А.Жұмахановтан сатып алдық» деп, «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы А.Жұмаханов пен өздерінің арасындағы келісімшартты көрсетті. Г.Балғымбаеваның күйеуі Амантай Қайшыбеков мені көлігіне мінгізіп алып, Аса өзеніне қарай алып барып, құлағымның түбінен тапанша атып, күш көрсетіп, «5 миллион теңге қарызбын» дегізіп қолхат жаздырып алды. Сөйтсем, Жұмаханов менің 42 гектар жерімнің қасынан Г.Балғымбаеваға «Сеңгірбай» шаруа қожалығына тиесілі 70 гектар жерді сатқан екен. Ол әлгі 350 гектар жердің ішіндегі жер болатын. Осылайша Г.Балғымбаева 42 гектар жерімді бүгінде менен сатып алғандай кейіпте жүр. Аудан әкімдігінің кінәсінен Г.Балғымбаеваға заңсыз өткен менің 42 гектар жерім мен аталған 70 гектар жер заңсыз біріктіріліп беріліп, ол 112 гектар жерді иеленіп отыр. Содан бері осы шындықты ашу үшін әділдік іздеп келемін. Аудандық прокуратура неге іс қозғамайды, аудандық полиция бөлімі неге осыған қатысты арыздарыма жауап бермейді? Мен әу баста азаматтық іс бойынша қылмыстық іс тоқтатылса да неге 2 миллион 800 мың теңге төледім, – деді Қ.Амандосов. Бастан өткен жағдайын баяндау барысында ол 64,1 гектар жекеменшік жерінің мемлекеттік актісін аты аталған азаматтардың «арестте тұр, соны шешіп береміз» деп алдап алып қойғаны туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне осыдан 5-6 жыл бұрын арызданғанын жеткізді. – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мәселемді қарау жөнінде облыстық полиция департаментіне жіберді. Олар бір айдан кейін аудандық полция бөліміне жолдады. Одан бөлек былтыр аудандық полиция бөліміне осы мәселенің жауабын алу үшін тағы арыздандым. Осы арызым бойынша аудандық полицияның тергеу бөлімінің бастығы Б.Биқожаев үнемі «Б.Ержанұлы есімді тергеуші сізге жауап береді» деп қайтарып жібереді. Осы мәселенің жауабын ала алмай жүрмін. Жапа шеккелі бері әділдік іздеумен келемін. Үкіметке де, Президенттің атына да, құзырлы органдарға да хат жазуды тоқтатпаймын. Мақсатым – әділдікке жету. Себебі маған істің ақ-қарасы керек. Мен аудандағы құзырлы органдардың берген жауаптарына қанағаттанбаймын, арыз жазудан шаршамаймын. Мені біреулер базадан шығарып тастапты. Бәсе, жазған арызым тиісті жерге жетпейді екен. 5 жыл зейнетақы ала алмай жүрдім. Осыдан 4 ай бұрын жаңадан құжат жасаттым. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сияқты тиісті мекемелерге барсам, менің зейнетақым заңды төленіп тұрған. Бірақ зейнетақыны қолыма енді алып жүрмін. Аталған жерім бұрын 49 жылға жалға алынғандықтан «Рүстем» шаруа қожалығын жауып, 2012 жылы «Амандос К» шаруа қожалығын ашқанмын. Осы күні жерім қайтадан өз атыма қайтарылып жатқан секілді. Өйткені қазір оның есебін тапсыру, салығын төлеу қамымен жүрмін. Бірақ оның мемлекеттік актісі жоқ, ол жерімді тартып алғандарда. А.Жұмаханов жауапқа тартылғанша, жерімді заңды түрде өзіме қайтарып алғанша әрекет ете беремін, – деді Қ.Амандосов. Қарияның қолындағы құжаттармен біз де танысып шықтық. Мәселен, 2001 жылы Жамбыл ауданы прокуратурасының кіші әділет кеңесшісі болған М.К.Тульбасиевтің Қ.Амандосовқа А.Амеркеновтің шағымына орай салық полициясы қаулысымен үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу аяқталғанда нәтижесімен танысуға құқығы бар екенін білдіртетін және 2002 жылы Сарыкемер аймақтық қаржы полициясына осы мекеме тергеушісі Т.Мылтықбаевтың әрекеті заңсыз екені, А.Амеркеновтің талабы бойынша қылмыстық іс қозғаудан облыстық прокуратураның пәрменімен бас тарту туралы Жамбыл ауданы прокуратурасының кіші әділет кеңесшісі М.К.Тульбасиевтің 2002 жылы жолдаған хаттар бар. Бірақ бұл «мүлде іс қозғалмасын» дегенді білдірмейді. Өйткені қылмыстық іс тоқтатылғанымен мұндай жағдайда азаматтық іс қозғала беретіні айдан анық. Десе де істің анық-қанығын зерделей түсу үшін Қ.Амандосовпен бірге Жамбыл ауданының Аса ауылына жол тарттық. Алдымен аудандық кірістер басқармасына бас сұқтық. Ондағы бас маман Бақыт Жұмаділовтің айтуынша, Қойшыбай Амандосовтың атындағы шаруа қожалық салық органына 2023 жылы тіркелген. Айтуынша, қожалық иелігінде жері бар-жоғын олар анықтай алмайды. Осы орайда біз «Жері жоқ болса да шаруа қожалық салық органына тіркеле бере ме?» деген сұраққа жауап алу үшін телефон арқылы Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі Олжас Отарға хабарластық. Ол салық органына «Kaspi Bank»-тің мобильді қосымшасы арқылы кез келген адам жерін тіркеп, мүлкі үшін тиісті кірістер мекемесіне декларация тапсырып, есебін өткізіп, оның салығын төлей беруге болатынын айтты. Жамбыл ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұлан Асылбековке жолығып, қарияның айтып жүрген 350 гектар жер телімі жайлы сұрадық. Оның айтуынша, қария осы іс бойынша талай мәселе көтерсе, шағымдарға лайықты жауап берілген және оның атында бүгінде ешқандай жайылым жер жоқ. – Жамбыл ауданы әкімдігінің тиісті қаулысы негізінде Гүлмира Балғымбаеваға шаруа қожалығын жүргізу үшін «Пионер» өндірістік кооперативінің жерінен көлемі 16 гектар жайылымдық, «Сеңгірбай» шаруа қожалығының жерінен көлемі 50 гектар жайылымдық жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы 49 жыл ұзақ мерзімге, «Пионер» өндірістік кооперативінің жерінен 8,9 гектар бөгде жер, көлемі 1 гектар құрылыс асты жер учаскелеріне жекеменшік құқығы берілген. Жамбыл ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 25 желтоқсандағы №620 қаулысын заңсыз деуге еш негіз жоқ. Жамбыл ауданы әкімінің 1993 жылғы 12 қазандағы №795 шешіміне сәйкес, бұрынғы «Куйбышев» совхозының есебіндегі көлемі 350 гектар жер учаскесі «Пионер» өндірістік кооперативіне (бұрынғы «Пионер» совхозы) берілген. Бұл жер бұрынғы «Куйбышев» совхозының жер үлескерлеріне тиесілі жерге жатпайды. Себебі жер үлестері 1995-1997 жылдары аралығында белгіленген. Жамбыл ауданы әкімшілігінің 2006 жылғы 4 шілдедегі №283 қаулысы бойынша, «Пионер» өндірістік кооперативіне жалпы көлемі 22843,40 гектар жер учаскелеріне тауарлы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 49 жыл мерзімге берілген. «Көделі» мал жайылымындағы көлемі 350 гектар жер учаскесі аталған жер учаскелеріне кіреді. «Пионер» өндірістік кооперативінің есебіндегі 22843,40 гектар жер учаскелері жер үлескерлерінің есебінен құралған. Жамбыл ауданы әкімінің 1998 жылғы 11 қарашадағы №359 шешімі негізінде Қ.Амандосовқа шаруа қожалығын жүргізу үшін «Пионер» өндірістік кооперативінің жерінен жалпы көлемі 64,1 гектар жайылымдық жер учаскелері, оның ішінде 22,1 гектар, 42 гектар тұрақты жер пайдалану құқығына берілген. Кейіннен Қ.Амандосовтың аудан әкіміне жазған өтінішіне сәйкес Жамбыл ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 29 мамырдағы №250 қаулысымен жалпы көлемі 64,1 гектар жер учаскелеріне жекеменшік құқығы берілді. Осы аталған жер учаскелерін Қ.Амандосов 2012 жылғы 5 қазандағы №3703 сатып алу-сату шарты негізінде Г.Балғымбаеваға сатқан. Бұл мәселе Жамбыл аудандық сотында қаралып, соттың 2018 жылғы 13 қыркүйектегі №3140-18-00-2/494 шешімімен талапкер Қ.Амандосовтың талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 23 қаңтардағы №3199-18-00-2а-1109 қаулысымен аппеляциялық шағымы да қанағаттандырусыз қалдырылған. Заңды күшіне енген 2018 жылғы аудандық соттың шешімі бар екенін ескере отырып, Қ.Амандосовтың өтініші қаралуға жатпайды деп есептейміз, – деді Ұ.Асылбеков. Бұдан кейін аудандық сот төрағасы Айгүл Шымырованың қабылдауында болдық. Айгүл Әбдірахымқызы бұған дейінгі Қ.Амандосовқа қатысты шыққан сот шешімдері заңды екенін жеткізді. Сондай-ақ сот тек дайын істерді қарайтынын, азаматтардан қандай да бір арыз келіп түссе, ол заңда көрсетілген тәртіппен дұрыс жазылмаса, кері қайтарылатынын, аудандық сотқа қазіргі уақытта А.Жұмахановқа да, Қ.Амандосовқа да қатысты қылмыстық іс келіп түспегенін айтты. Қай іске болмасын біржақты қарауға болмайды. Себебі әркімнің өз шындығы бар. Осыны ескере отырып, біз мақаланы жазу барысында бұрынғы «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы, қазір зейнеттегі Алпысбай Жұмахановпен де тілдестік. – Қ.Амандосов кезінде «Пионер» совхозының жылқысын бақты. Ұжымға жылқы қарыз болып, төлемей кетті. Одан кейін өзінің А.Амеркенов деген ағайындарымен бірігіп, олардың да жылқысын бақты, олармен де соттасты. Оның бір сөзіне сенуге болмайды, айтатыны 100 пайыз өтірік. Ол менімен 9 мәрте соттасып, барлығында жеңіліс тапқан адам. Кезінде ұжымнан бөлініп шығып, кейін ол жерді жекешелендіріп сатып жіберіпті. Олармен де соттасып жүрген. Менде өз-өзімді ақтап алатын құжаттар бар, – деді А.Жұмаханов. Қ.Амандосов «күш көрсетті» деген Амантай Қайшыбековке де жолықтық. Ол бұл туралы Қ.Амандосов сан мәрте тиісті орындарға арызданғанын, сатқан жерін даулап үш мәрте, яғни екі мәрте аудандық, бір мәрте облыстық сотта жеңілгенін айтты. Біз оның қолындағы сатып алу-сату келісімшартымен, соттың шығарған шешімі мен қаулыларына дейін таныстық. – Қойшыбай Амандосовтың сіздердің редакцияңызға түсірген шағымымен келіспеймін және оның сөздеріне толықтай қарсымын. Себебі шағым иесі, жерін сатушы Қ.Амандосов мал жайылымын (Көделі учаскесі) 2012 жылдың 5 қазан айында нотариус Б.Кенжебекованың куәландыруы арқылы сатып алу-сату туралы келісімшарт жасасқан. Онда 42,1 гектар жайылымдық жерге, 22 гектар шабындық жерге, аталған 42,1 гектар жердің үстінде орналасқан тұрғын үй мен кішігірім құрылыс, құдығына дейін (скважина) сатқан келісімшарты, міне, – деп құжатты алдымызға қойды. А.Қайшыбеков: «Қойшыбай Амандосов жалған ақпарат беріп отыр, ол Жамбыл ауданындағы «Пионер» өндірістік кооперативі жерінде орналасқан 64 гектар жер телімін Г.Балғымбаеваға сатқан Алпысбай Жұмаханов депті. Мен оның басына тапанша тақап, күш көрсетіп, «бес миллион теңге қарыз» деп қолхат жаздыратындай басбұзар емеспін. Ол келісімшарт Жамбыл облысының нотариалдық округінің нотариусы Б.Кенжебекованың қатысуымен заңды түрде жасалған. Қойшыбай Амандосовпен жерді сатып алу-сату шараларына кірісіп, 64,1 гектар жер телімінің құжаттарын рәсімдеу барысында кедергілер туындай бастады. Сол кезде анықталған бірінші мәселе, Қойшыбай Амандосов сол жылдары Асқар Амеркенов деген кісіге қомақты қаржы (ақша) берешегі болған екен. Соған байланысты Жамбыл ауданы сотының судьясы Х.А. Косалиева азамат А.Амеркеновтің талап арызын қарап шығып, Қойшыбай Амандосовтан жәбірленуші Амеркенов Асқарға 2 659 790 теңге залал келтірілгені туралы сот қаулысы шешімінің орындалуына ұйғарым шығарған. Жылдар, уақыттар өткен, бірақ Қойшыбай Амандосов соттың шешімін орындамаған. Сөйтіп, шыдамы таусылған Жамбыл ауданы территориялық учаскесінің аға сот орындаушысы И.Сатыбалдиеваның Қ.Амандосовтың атына рәсімделген 64,1 гектар 49 жылға уақытша берілген жер теліміне және «МТЗ-8» тракторына шектеулер (арест) қою туралы 2009 жылғы 14 шілдедегі қаулысы шыққан. Бұл сот орындаушының да қаулысының шешімі орындалмаған, – деді ол. Одан әрі сөзін жалғаған А.Қайшыбеков Қ.Амандосовтан жер сатып алудағы әңгімені сабақтай түсті. – Уақытты босқа өткізбейік деп, біз өз тарапымыздан Қойшыбай Амандосовпен келісіп, тиісті шешім қабылдадық. «А.Амеркеновпен адамша сөйлессек, келісімге келсек, қалай қарайсыз?» деген сұраққа Қойшыбай Амандосов сөзге келмей бірден келісті. Бұдан кейін қазір марқұм боп кеткен А.Амеркеновті біз іздеп тауып, онымен осы тақырып бойынша сөйлестік. «Көделі» учаскесіндегі орналасқан мал фермасын сатып алу туралы ниетімізді білдірдік. Бірақ А.Амеркенов бізге жағдайдың мән-жайын, қалай болғанын жақсылап түсіндірді, соңынан ол кісі азаматтық танытып: «Шешілмейтін мәселе жоқ, егер Қойшыбай Амандосов маған келтірген моральдік залалды төлеп берсе, мен шектеуден (арест) шығарып беруге дайынмын», – деп уәде берді. Жоғарыда айтып өткенімдей, екіжақты келісімшарты жүргізуде біраз жүйкемізді тоздырдық, соған қарамастан бір шешімге келдік-ау, әйтеуір. Келісілген шешімді баяндасам, Қойшыбай Амандосов азамат А.Амеркеновке келтірілген ақшалай залалды сомасы 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгені өндіріп беретін болды, әрине, біздің есебімізден. Соған үшжақты келісім жасастық, әлбетте, бұл туралы шешім сот орындаушы И.Сатыбалдиеваға да айтылды, ол кісі: «Егер өзара келіссеңдер, болады», – деді. Сонымен, 2012 жылдың 24 сәуірінде Қойшыбай Амандосов қайын атам Ізбасар Балғынбаевтан (марқұм боп кеткен) 1 500 000 теңге алды (қолхат беріп). А.Амеркеновтің қарызынан құтылуға және одан бөлек сатып алынған 42,1 гектар жайылымдық жер, 22 гектар шабындық жер, 42,1 гектар жердің үстінде орналасқан тұрғын үй мен кішігірім құрылыс, құдық (скважина) және 2 (екі) мал қорасы үшін 5 000 000 (бес миллион) теңге қолхат беріп алды. Ертесіне, яғни 2012 жылдың 25 сәуірінде Жамбыл ауданы территориялық учаскесінің аға сот орындаушысы И.Сатыбалдиеваның қызметтік кабинетінде арыз иесі А.Амеркенов, жауапкер Қойшыбай Амандосов және сатып алушы жағынан Г.Балғымбаева және куәгер ретінде менің қатысуыммен берешек ақшаны арыз иесі А.Амеркеновке беру, құжаттарды толтыру іс-шаралары өткізілді. Жан-жақты қолхат жазылып біткеннен кейін көшірмелері толтырылып, оған қол қойылып алынды. Іс-шаралар аяқталғаннан кейін аға сот орындаушы И.Сатыбалдиева шектеуден (арест) шығару туралы қаулы шығарып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберді. Міне, осы кедергі оңынан шешілгеннен кейін азамат Қ.Амандосов І.Балғымбаевқа арнайы келіп, үлкен рақметін айтып, қол алысқан адамның бірі болатын. Сол кездегі Қ.Амандосовтың «Көкем болмағанда күнім не болары белгісіз еді» дегенін мен де естігенмін. Сөйтіп, 2012 жылдың 29 мамырында №256 Жамбыл ауданы әкімінің қаулысы шыққан. Онда «Қойшыбай Амандосов 64,1 гектар жер телімдеріне жекеменшікке сатып алу құны 518 921 (бес жүз он сегіз мың тоғыз жүз жиырма бір) теңге төлесін» делінген. Осы көрсетілген қаржыны да біз төледік және жаңадан жасатқан 42 гектар және 22,1 гектар жер телімдерінің мемлекеттік жер актісіне де қаржыны біз төледік. Қойшыбай Амандосов жер телімін сатушы ретінде жалған мәліметтер берген. Себебі ол «Екі мал қора менікі» деген. Құжаттарды рәсімдеу кезінде мал қоралар Қойшыбай Амандосовтікі болмай шықты. Оның заңды тіркелген нақты иегерлері «Пионер» өндірістік кооперативі және «Сеңгірбай» шаруа қожалығы болып анықталды. «Пионер» өндірістік кооперативіне тиесілі мал қора 1 гектар жерімен 250 000 (екі жүз елу мың) теңгеге басшының шешімімен сатып алынды. Ақшасы шаруашылықтың кассасына құйылды. Растайтын құжаттар бар. «Сеңгірбай» шаруа қожалығына тиесілі тағы бір мал қора 100 000 (жүз мың) теңгеге сатып алынып, Г Балғымбаеваның атына рәсімделіп, әділет органдарына тіркеліп, мемлекетке 12 жыл бойы салық төленіп келеді. Ал Қ.Амандосовтың сөздері негізсіз, шындыққа жанаспайды. Осы мәселе бойынша Жамбыл ауданы сотының судьясы А.А.Дәуренбеков мырзаның төрағалық етуімен өткен отырыста 2018 жылдың 13 қыркүйегінде №3140-18-00-2/494 санды ұйғарым шыққан. Осы ұйғарымның 3-тармағында көрсетілгендей, «Тараптарға іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған жағдайда сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысан туралы және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейтіні түсіндірілсін» деген талап жазылған және осы сот отырысының нұсқасы видео түсірілімдермен тіркелген. Талап қоюшы Қойшыбай Амандосов Жамбыл облысы азаматтық істер жөніндегі сот алқасына 2018 жылдың 28 қарашасында істі қайта қарау туралы қайта талап арыз берген. 2019 жылдың 23 қаңтарында Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ашық сот мәжілісінде облыстық соттың залында апелляциалық шағыммен түскен азаматтық іс қайта қаралып, нақты Жамбыл облысы сотының қаулысы шыққан. Онда «Жамбыл аудандық сотының 2018 жылғы 13 қыркүйектегі шешімі өзгеріссіз қалдырылсын», «Талап қоюшы Қ.С.Амандосовтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылсын» делінген. Барлық құжаттар облыстық және аудандық соттың ұйғарымдары мен қаулылары қосымшада тіркелген. Қ.Амандосов көп жылдан бері менің атыма негізсіз, жалған өтірік деректермен жала жабуын тоқтатар емес, – деді Амантай Қайшыбеков. Бір білгеніміз, Қ.Амандосовтың Жамбыл аудандық полиция бөлімі мен А.Жұмаханов және басқа да тұлғаларға қатысты шағымын аудандық, облыстық прокуратура бірнеше мәрте қараған. Оның сот отырысында жалған жауап берген азаматтарға, полиция кызметкерлерінің әрекетіне қатысты және азаматтык соттың шешімімен келіспегені туралы секілді мәселелері зерделеніп, жауабы шағым иесіне жолданып отырған. Қ.Амандосовттың мағыналас талап арызы, уәждері бойынша шағымдарына облыс прокурорының қолымен бас тартылған. P.S: Тоқетерін айтқанда, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялык Заңының 24-бабының 8-тармағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 88-бабының 1-бөлігі 1-тармағы басшылыққа алынып, оған берілген жолданымдарда жаңа дәлелдер және жаңадан ашылған мән-жайлар келтірілмегендіктен, алдыңғы жолданымдарға түпкілікті жауаптар берілгендіктен шағымдарды қарау және әкімшілік рәсім жасау тоқтатылған екен. Біздің ұққанымыз, Қ.Амандосовтың шағымына қатысты мәселелер бұған дейін бірнеше мәрте тексеріліп, зерделенген. Егер Қ.Амандосовтың қандай да бір тың уәждер бойынша шағымы болса, құзырлы органдар тарапынан ескерусіз қалмайды деп сенеміз.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар