Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарымыз жалындап жүрсін десек...

Жастарымыз жалындап жүрсін десек...
ашық дереккөз
Жастарымыз жалындап жүрсін десек...
Қай кезеңді алып қарасаң да қоғамның қозғаушы күші – жастар. Демек, бүгінгі күн де, ертең де, болашақ та жастардың қолында. Сондықтан жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше. Біршама уақыт бұрын елімізде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» тұжырымдама бекітілген болатын. Осы заңнамалық құжат бүгінде жастар мәселесін шешетін негізгі құжат болып, қызмет етіп келеді.
Жамбылдық жастар да мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді қолданып, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Облыстағы белсенді жастар қай салада болмасын үздік атанып, республикаға, тіпті әлемге танылып жүр. Білім аламын, кәсіп бастаймын деушілерге де мүмкіндік мол. Басқасын былай қойғанда, облысымыз өңірлер арасында алғашқылардың бірі болып аймақ жастарына жеңілдетілген несиемен баспана беруді қолға алғаны да  көп жайтты аңғартып тұр.
Жастар саясаты басты назарда десек те облыста осы бір буын өкілдеріне қатысты шешімі кезек күттірмейтін мәселелер жетерлік. Солардың ең өзектісі – өңірдегі белсенді жастар ұйымдарының басын бір арнаға тоғыстыратын еңселі орталықтың болмауы.
Алайда облыста жастар бас қосатын нысан мүлде болмаған деп кесіп айтқанымыз жөн болмас. Осыдан 3-4 жыл бұрын Тараз қаласының қақ ортасында жастарға арналған «Qabilet» орталығы пайдалануға берілген болатын. Аталған нысан екі үлкен залдан тұрған. Бірі – Жастарға қызмет көрсету орталығы болса, екіншісі – Волонтер жылы аясында ашылған «ASYL MURA» фронт-офисі.
Сол уақытта жастарға қызмет көрсету орталығында өрендердің жаңа идеялары мен жобаларына қолдау көрсетіліп, олардың демалатын әрі білімін жетілдіретін, пікір алмасатын, жан-жақты қолдауға барлық мүмкіндіктер жасайтын ортақ шаңырақтары болады деп күтілген. Мұндағы «ASYL MURA» фронт-офисі өңіріміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауда волонтерлерді жұмылдыратын және оларға  қолдау көрсететін әдіснамалық орталық ретінде 1 000 еріктіні кәсіби гид ретінде даярлайды деп те көзделген еді. Алайда аталған орталықтың ғұмыры ұзаққа созылмады. Біраз уақыт қаңырап тұрған нысан бүгінде жастар көңіл көтеретін «Vstrecha» атты караоке-бар ретінде қайта ашылды.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, аталған орталық әуелден-ақ жеке кәсіпкерге тиесілі болған. Кейіннен оны жастар біраз уақыт жалға алып, пайдаланған көрінеді.
Жалпы облыста үкіметтік емес 18 жастар ұйымы жүйелі жұмыс атқаруда. Тарқатып айтсақ, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатына, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне, «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығына» топтасқан жастар жаңашыл көзқарастарымен, батыл қадамдарымен өңірдің ілгерілеуіне өзіндік үлестерін қосып жүр. Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» қозғалысы, облыстық  «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы, «Jastar» дамыту орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің жұмыстары да көпке үлгі.
Сонымен қатар «Жамбыл облыстық жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігі, «Жайдарлы» Жастар КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің де жетістіктері мақтауға әбден лайық. Одан өзге облыста «Жібек жолы жастары» волонтерлік ұйымы, облыстық «Қазақстан волонтерлер лигасы» қоғамдық қоры, «Komek.Demeu.kz» қоғамдық қоры, «Жаса жастар» қоғамдық бірлестігі, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестіктері белсенділігімен көзге түсіп жүр. Әсіресе соңғы жылдарда облыста волонтерлер, пікірсайысшылар мен жайдарманшылар ұйымдарының жұмысы жанданғанын ерекше атап өту керек.
Жомарт Дүйсенұлының  сөзіне сүйенсек, өткен жылы аталған ұйымдар ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Алайда барлық бірлестіктердің тұрақты кеңсесі не мекемесі жоқ. Басқаша айтқанда, әр ұйым өз алдына бөлек әрекет етіп жүр.
 – Былтыр ұлттық пікірсайыс федерациясының облыстағы директоры, облыстық «Пікірсайыс қозғалысы» жобалық штабының төрағасы Дархан Өмірбековтің бастамасымен облыс дебатшылары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жыл соңында «Білімді ұрпақ – ел болашағы» атты оқушылар арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Оған қала мен аудандардан 160 топ, яғни 320 оқушы қатысты. Бұл дебат ойыны елімізде бұрын-соңды болмаған дода ретінде есте қалды. Себебі республикада ең ауқымды турнирге көп дегенде 102 топ жиналады. Ал біздің облыста 160 топ қатысып, еліміз бойынша рекорд орнатты. 
Өздеріңіз білетіндей, былтырдан бері аймақта «Jaidarman» жайдарлы жастар ойыны қайта жанданды. Өткен жылы «AULIEATA» ашық лигасын сәтті өткіздік. Республикалық «Jaidarman» ойындарына облыс атынан «Медиум» және «Жуалы» командалары қатысып, жақсы ойын көрсетті. Соңғысы финалдық ойында чемпиондыққа біртабан жақындап, маусымды бірінші орынмен аяқтады. Жеңімпаз командаға өз жобаларын жүзеге асыру үшін 15 миллион теңге табыс етілді. 
Облысымыздағы волонтер жастардың да қайырымдылық істерге қосқан еңбегі ерен. Ерікті жастардың бастамасымен көмекке зәру тұрғындарға арналған «Qamqor» әлеуметтік дүкені ашылған. Жыл бойына жұмыс істейтін орыннан әркім өзіне керек дүниелерін тегін алып кетуге болады. Қуантарлығы, кәсіпкерлердің көмегінің арқасында дүкенде бұрын пайдаланылмаған жаңа тауарлар қойылған. 
Өңір жастарының жетістігін айта берсең мақалаға емес, бір кітапқа жүк болары анық. Белсенді жастарымыз спорт, мәдениет, өнер, тағы да басқа  қай салада болмасын тек алдыңғы қатардан көрініп жүргеніне бәріміз куәміз. Өткен жылы Аслан Шымбергенов бастаған аймақ спортшылары облыс мерейін асырып,  толағай табысқа қол жеткізді. 
Алайда көкейімізде жүрген мәселелер де жоқ емес. Жамбылды жаһанға танытып жүрген осындай белсенді жастарымыздың басын бір арнаға тоғыстыратын шаңырақтың жоқтығы жанымызға батады. Облыс орталығынан сәні мен сәулеті келіскен «Жастар сарайы» ашылса деген тілегіміз бар, – дейді Жомарт Дүйсенұлы.
Басқарма басшысының орынды ұсынысы көпшіліктің қалауы екені шындық.  Жақында газетіміздің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен өткен кездесуде осы мәселені көтеріп, әлі күнге жастарға арналған бір ғимараттың салынбағанына қынжылатынын жеткізді.
– Еліміздің көптеген өңірінде жастардың бас қосып, тың идеяларын іске асыратын еңселі ғимараттар бар. Өкінішке қарай, бізде әлі бұл мәселе шешімін таппай отыр. Мәселен, облыстық жастар басқармасы әр ғимаратқа қоныс аударып, тұрақтай алмай келеді. Қалалық жастар ресурстық орталығының ғимараты да аядай ғана, әрі көз тартпайды. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын?» деген сөз тектен-тек айтылмаған. Сондықтан Тараз қаласында жастарға арналған бір орталық бой көтерсе, аймақ үшін үлкен абырой болар еді, –
деді Тұрсынбек Темірланұлы.
Қала әкімі де өз кезегінде бұл ұсынысты назарға алатынын айтқаны есте.
– Ұсыныс айтылған жерде қалмайды. Қазір қаланың орталығында бос жер болмай тұр. Алдағы уақытта А.Әйтиев көшесінің бойынан зәулім «Жастар сарайын» салатын боламыз. Алайда бұл жерде туындап тұрған аздаған мәселе бар. Ол нысан қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлердің иелігінде. Жуық арада кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, ғимаратты өзімізге аламыз. Осылайша бұрынғы  шарап зауытының орнында  жастарға арналған еңселі ғимарат  бой көтереді, – деп нақты жауап қайырды Б.Орынбеков.
Расында да көптеген облыста бірнеше жылдан бері «Жастар сарайы» жұмыс істеп келеді. Көрші өңірлердегі жастарға арналған орталық жалынды, шығармашыл жастардың өзара ой бөлісіп, жаңа жобаларын  жүзеге асыратын орынға айналып үлгерген. Мәселен, екі-үш жыл бұрын дәл осындай «Жастар сарайы» Жезқазған қаласында ашылған екен. Жезқазғандық жастардың игілігіне берілген үш қабатты заманауи ғимарат креативті, шығармашыл адамдарды қызықтыратын орын ретінде бағалы. Сарай ғимаратында балаларды ІТ технологияларға оқытатын тегін үйірмелер, дебат клубы, садақ ату, тоғызқұмалақ және шахмат секциялары жұмыс істейді. Сондай-ақ ғимаратта жас жезқазғандықтар бос уақыттарын тиімді өткізе алатын коворкинг-орталық бар. Орталықта туған қаласының  игілігі үшін креативті идеялар жүзеге асырылып, талантты адамдардың жаңа толқыны қалыптасып келеді. Жастар сарайы диалог алаңына, маңызды оқиғалар мен іс-шаралар өтетін орынға айналған.
Ал елордамыз – Астана қаласындағы «Жастар сарайы» 50 жыл бұрын салынған. Сол сәттен бастап ол – қаланың визит карточкасы. Орталық креативті жастар үшін өзіндік жаңа аймақ десек, еш қателеспейміз. Онда сурет галереялары, жастарға арналған коворкинг-орталықтар, перформансқа арналған аймақтар орналасқан.
Осындай орталықтар еліміздің бірқатар облысында шығармашыл жастардың қажетіне жарап тұр. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өз сөзінде тұрса, облыстың белсенді жастарының басын қосатын еңселі «Жастар сарайы» ғимараты бізде де есігін айқара ашатын күн алыс емес.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар