Осы орайда салада құрылыс қарқын алып, нәтижесінде өңірімізде жыл санап мәдениет нысандарының қатары артып келе жатқанын атап өткеніміз жөн. 2022 жылы өңірде 3 нысанның құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда облыс бойынша 200 клуб халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы бірнеше клуб ғимаратына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеуді қажет ететін 14 клуб бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалды. Жалпы облыстық халық шығармашылық орталығы өңірдегі мәдениет үйлері мен клубтардың қызметін зерделеу, талдау, үйлестіру, әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдары мен үйірмелерге әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету жұмыстарын атқарады.
Сонымен қатар елді мекендердегі өнерге бейім, тасада қалған тума таланттарды анықтау, таныту, қолдау көрсету мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде түрлі конкурстар, фестиваль, айтыс, мүшәйра, көрме, тағы басқа байқауларды ұдайы өткізіп келеді. Өткен жылы да жоспарға сәйкес ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ, «Халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдары арасында «Өнер көзі – халықта» атты облыстық фестиваль өтті.
Өнер ұжымдарына Әбдімомын Желдібаев бастаған бірқатар өнер және мәдениет саласының өкілі қазылық етті. Фестивальға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 35 ұжым қатысып, үш күн бойы өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар орталықтың ұйымдастыруымен өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай дәстүрлі түрде жыл сайын «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысы өтіп келеді. «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі-клуб – 2023» облыстық байқауы да жоғары деңгейде өтті. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың бүгінгі жағдайына мән беріп, ауыл-аймақтардың өнерге деген ықыласын, ұлт мәдениетіне деген ілтипатын байқататын байқау кестеге сәйкес әр аудандағы ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарды қамтыды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеп, мерейін үстем ету мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен «Мәдениет – асыл қазынам» атты аудандардың мәдениет күндері бірнеше айға созылып, жыл соңында мәресіне жетті.
Мәдени-көпшілік шараны арнайы құрылған сарапшылар мен қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде үздік өнер көрсеткен Меркі және Мойынқұм аудандары III орынға ие болса, II орынға Қордай ауданы лайық деп табылды. Ал Шу ауданы I орынды жеңіп алды. Қордай ауданына автокөлік, Шу ауданына шағын автобус берілді. Мұнан бөлек облысымыздағы мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардағы балалар үйірмелеріне қатысушылардың шеберліктерін шыңдап, оларға жан-жақты қолдау көрсету, рухани, адамгершілік және шығармашылық дамуын қалыптастыру мақсатында алғаш рет «Бала АRТ» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Бес номинация бойынша барлығы 5 000-ға жуық қатысушы бағын сынады. Өнерге деген ықыласы мен қызығушылығы жоғары талантты балалар ұлттық аспаптарда ойнап, әннен шашу шашты. Түрлі ұлт өкілдерінің биімен сахнаны көркемдеп, күмбірлеген күйімен көрермендерді тәнті етті.
Сондай-ақ отандық классикалық музыка әлеміндегі танымал музыканттар мен белгілі әншілердің шығармашылығын насихаттау, жоғары орындаушылық шеберліктерін жергілікті жұртшылыққа дәріптеу мақсатында өткен «Күзгі әуен» классикалық өнер кешін әулиеаталықтар біршама уақыт ұмыта алмайтыны анық. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы, опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, танымал скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары Әсел Уашева, Айна Қалмағанбетова, Бахром Муминов сынды таланттар әлемнің және еліміздің классикалық туындыларын жанды дауыста орындады. Классикалық өнер кешін Шымкент қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрі сүйемелдеді. «Рухани қазына-2023» республикалық фестивалінің облыстық кезеңі аясында аудандардағы мәдениет үйлері мен клубтардың меңгерушілері, әдіскерлері үшін қыркүйек айында шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Шеберлік сағатына 375 қызметкер қатысып, облыстық кезеңге 70-ге жуық үміткер өтінім қалдырды. Облыстық іріктеуде кітапхана, музей, мәдени-демалыс ұйымдары арасынан 17 номинация бойынша сараланып алынған 39 қатысушы бақтарын сынады. Нәтижесінде 14 үміткер республикалық фестивальға жолдама алды. Астана қаласында өткен республикалық өнер бәйгесінен жерлестеріміз олжалы оралды.
Байзақ аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Жанар Қорғанбекова «Үздік креативті мәдени демалыс ойын-сауық жобасы» номинациясын жеңіп алса, Меркі ауданының Тәтті ауылдық клубының меңгерушісі Шарбану Жуасбекова «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үздік әлеуметтік мәдени жобасы» номинациясының жеңімпазы атанды. Іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқанымен көзге көрінбейтін техникалық қызметкерлерге арналған облыстық «Art-project» шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Астанадан шақырылған лекторлар шеберлік сағатында дыбыс, жарық, ЛЭД экран құрылғыларын заманауи бағытта игеру жолдарын түсіндірді. Биылғы жылдың жоспары да ауқымды. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысын, шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2024» жобасын, «Би әлемі» би ұжымдарының облыстық байқауын, «Көктем» классикалық өнер фестивалін, облыстық дәстүрлі әншілер конкурсын, Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма» әзіл-сықақ республикалық байқау-фестивалін, әуесқой балалар үйірмелерінің «Бала ART» облыстық байқауын, ауылдық клуб меңгерушілері арасындағы «АУЫЛ-CLUB» ART-тимбилдингін, «Халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының арасында «Өнер көзі – халықта» облыстық байқау-фестивалін және мәдениет қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг, шеберлік сағат, әдістемелік кеңес өткізу жоспарланып отыр. Орталық жылдық жоспарға сәйкес кейінгі ұрпаққа мәңгі өлмейтін әсерлі ән мен мағынасы терең шығармалар қалдырған біртуар талант иелерінің мәртебесін асқақтатар бірқатар кең көлемді іс-шара ұйымдастыруда. Әлі де талай таланттарды танытатын жобалар, байқауларды өткіземіз деп сенемін.
Ғани САДЫРБАЕВ, облыстық халық шығармашылығы
орталығының директоры