Қар суы қарбалас тудырмас үшін қапысыз дайындық керек
- author AR-AY
- 28 ақпан, 2024
- 160
Жалпы биыл облысымызда бұрнағы жылдарға қарағанда қар қалың түсті. Сондықтан қауіп те көп. Еріген қар суы көктемде қарбалас тудыруы мүмкін. Су тасқынының алдын алу үшін тиісті жұмыстар басталып, жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізген Руслан Нұрланұлы облыс әкімінің өкіміне сәйкес өңірдің аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне келтірілгенін алға тартты. Табиғат тосын мінез таныта қалған жағдайда қапы қалмас үшін 1 459 адам, 364 техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралдарынан тұратын күштер мен құралдар топтамасы, сонымен қатар 396 қабылдау пункті (мәдениет және білім беру объектілері), 32 шатыр, 890 төсек және 460 кереует дайындалыпты. Тамақтануға және арнайы техниканы тартуға 58 келісімшарт жасалып, 6 900 тонна инертті материалдар, 16 140 тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, 31 200 қап сатып алынған. «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында 364,7 шақырым канал мен арық, автомобиль және теміржолдардың астындағы 172 су өткізу құрылысы тазартылған.
– Облыс бойынша 1 739 шақырым канал, 1 794 шақырым арық, 428 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыс тазартылып, елді мекендердің айналасына үйінді дайындалды (10 шақырым). Барлық суқоймаларда тасқын сулар мен еріген суларды қабылдауға арналған қосымша көлемдер қарастырылған. Бүгінгі таңда суқоймалар пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс істеуде. 15-20 қаңтар аралығында гидротехникалық нысандарға (бөгеттер, суқоймалар, су тораптары) комиссиялық тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша 29 гидротехникалық нысанның жөндеуді қажет ететіні анықталды. Айта кетейік, облыс аумағында қауіпті 12 гидротехникалық нысан бар.
Олар бұзылған жағдайда 18 елді мекенді (82 341 тұрғын, 18 108 үй орналасқан) су басу қаупі бар. Аталған ГТҚ-да жергілікті құлақтандыру жүйесі жоқ екенін атап өту қажет, – дейді Руслан Нұрланұлы. Ал облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев өңіріміздегі суқоймалардың жай-күйі туралы баяндады. Басқармаға қарасты «Жамбыл суқоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 113 суқойма мен бөгет тіркелген. Суқоймалардың сыйымдылығы 136,6 миллион текше метрді құрайды. Бүгінгі күнге суқоймаларда 52,7 миллион текше метр су жинақталған (38,6 пайыз).
– «Жамбыл суқоймалары» мекемесі су тасқынының алдын алу бойынша қажетті іс-шараларды жүргізетін құрал-жабдықтармен қамтылған және онда 53 қызметкер жұмыс атқаруда. Мерзімдік су деңгейінің көтерілуіне байланысты қазіргі уақытта суқоймалардың техникалық жағдайы мен келіп-кетіп жатқан судың мөлшері мекеме қызметкерлерімен қатаң түрде қадағаланып отыр. Сондай-ақ суқоймаларды қалыпты жағдайда ұстау мақсатында жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, 2023 жылы мекеменің теңгеріміндегі суқоймаларға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 74,6 миллион теңге бөлініп, 13 суқойма жөнделді. 13 суқойманың төртеуіне мекеме жөндеу жұмыстарын өз күшімен жүргізді. 2024 жылға 9 суқойманы ағымдағы жөндеуге 39,7 миллион теңге қарастырылды, – деді О.Баққараев.
Дайындық жұмыстарының барысына қаныққан Ербол Шырақпайұлы кез келген қауіп төне қалған жағдайда халық қамсыз қалмас үшін құлақтандыру жүйесінің қажеттілігіне назар аударды. Руслан Нұрланұлының келтірген деректеріне сүйенсек, елді мекендерде 119 құлақтандыру жүйесі іске қосылған. Дегенмен әлі 573 құлақтандыру жүйесі қажет екен. Осы орайда аймақ басшысы құлақтандыру жүйесімен 100 пайыз қамту үшін арнайы Жол картасын дайындауды тапсырды.
Мұнан кейін Ербол Шырақпайұлы су басу қаупі бар елді мекендер бойынша аудан әкімдерінен атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сұрады. Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы су тасқынының алдын алу бойынша жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын мәлім етті. Жиын соңында Ербол Шырақпайұлы жауаптыларға кез келген табиғи құбылысқа дайын болуды тапсырды.
Талғат Нұрханов