Жаңалықтар
68 баланың өмірін қиған шәрбат: Өзбекстанда қауіпті дәріні сатқандарға үкім шықты
- author AR-AY
- 27 ақпан, 2024
- 194
68 баланың өмірін қиған шәрбат: Өзбекстанда қауіпті дәріні сатқандарға үкім шықты
Ташкент қалалық қылмыстық соты «Док-1 Макс» препараты төңірегіндегі іс бойынша айыпталушыларға үкім шығарды, деп хабарлайды Arainfo тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Өзбекстан Жоғарғы сотының мәліметінше, іске төрағалық етуші судья Муса Юсупов Фармацевтика саласын дамыту агенттігінің бұрынғы басшысы Сардор Кариевті кінәлі деп таныды. Оған ӨР Қылмыстық кодексінің 186-3-бабы 4-бөлігінің «а» және «б» тармақтары бойынша (құрамында адам өліміне әкеп соққан күшті әсер ететін компоненттері бар дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу тәртібін бұзу) және 209-баптың 2-бөлігінің «а» тармағына сай үкім шығарылды.
Оның 2 жыл 6 ай мерзімге мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеу құқығы шектеліп, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза мерзімін есептеу 2023 жылдың 24 қаңтарынан (қамауға алынған күн) басталады.
Оның орынбасарлары Амирхон Азимов пен Нодирбек Мусаев 2 жыл 6 ай ішінде мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан айырылып, 16 жылға сотталды.
Ал Quramax Medikal ЖШҚ директоры болған Үндістан азаматы Рагвендра Пратарға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сот үкіміне сәйкес, айыпталушылар аталған дәрінінің салдарынан көз жұмған 68 бала мен ауыр хәлде жатқан 4 баланың отбасына 1 млрд сум (35,9 млн теңге) өтемақы төлеуі тиіс.
Ал денсаулық жағдайы орташа деп бағаланған жәбірленушілерге 500 млн сум (17,9 млн теңге), сауығып шыққан 8 балаға 200 млн сумнан (7,1 млн теңге) беріледі.
Еске салайық, 2022 жылы желтоқсанда Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі «Док-1 Макс» препаратын қабылдаған 18 баланың көз жұмғанын растайтын тексеру нәтижесін жариялады.
Атап айтқанда, Дәрілік заттарды сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығының қорытындысына сәйкес, «Док-1 Макс» шәрбаты белгіленген талаптарға сай болмай шыққан. Кейін оны сатуға уақытша тыйым салды.
Араға бірнеше күн салып, Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (МҚҚ) балалардың тұмауға қарсы үнді дәрісінен кейін көз жұму оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады.
Қоса кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Өзбекстанда балалардың өліміне себеп болған «Док-1 Макс» препаратының елімізде сатылмайтынын мәлім еткен болатын.
Келесі мақала