Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ШӘМШІДЕН ҚАЛҒАН БІР БЕЛГІ

ШӘМШІДЕН ҚАЛҒАН БІР БЕЛГІ
Ашық дереккөз
Рухани құндылықтың аясы кең ұғым ғой. Біреу үшін жиған-терген дүниесі немесе бір қымбат естеліктері рухани құндылық саналса, енді бір адамдар үшін атадан қалған асыл мұралар сол құндылық қатарында. Дәл сол сияқты ұлы адамдардың қасында жүріп, олардың әңгімесін тыңдаған адамдардың да айтары кейінгі ұрпаққа рухани байлық болып есептеледі. Қазақта Шәмші Қалдаяқов деген аса көрнекті талантты композитор болған. Міне, бұл жолғы әңгіме сол біртуар талант иесінен қалған бір естелік туралы болмақ.

  Әңгімемізді ерлі-зайыпты Әби (Абибулла) Төлеуов пен Сара Жаңатай қызының естеліктерінен бастағанды жөн көріп отырмыз. Біз бұл жайында Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның өрт сөндіру инспекторы болып жұмыс істейтін Әби Төлеуовтен сұрап едік, жары Сарамен Шәмшінің арасында туыстық қарым-қатынас бар екенін айтты. – 1985 жылы Сара Жаңатайқызына үйленіп, Жамбыл қаласындағы Сүлейменов көшесінде пәтер жалдап тұрдық. Сара технологиялық институтта оқитын. Бір күні Шәмші ағамыз біздің пәтерді тауып келіп тұр. Олай болатын себебі де жоқ емес еді. Сөзімді осы жерде шежіреден бастап кетуге тура келеді. Домбай (Арыстанбай) ұрпақтары – Қалдаяқ, Ділдакүл, Төрекелді.

Осы Төрекелді ата мен Мереке ападан: Әбдіқайыр, Серікбай атты 2 ұл, Мәкен, Мәрия, Аманкүл, Алтын атты 4 қыз тарайды. Менің сүйіп алған сүйіктім Сара – Аманкүлдің қызы. Сонда Шәмші нағашы ағасы, Сара оған жиен болып келеді. Ол кісінің үйге тіке келісі де сол нағашылығынан. Сонымен не керек, танысып жатырмыз. Үстінде – плащы, аяғында – етігі, қарапайым киінген композитор ағамызды көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Ол кісі үйге жайғасқаннан кейін дастарқан басында шайды орысшалап құйып отырдық. Ары қымсынып, бері қымсынып, ақыры бір шөлмектің мойнын қылтитып едім, отты жанарымен жалт қарап: «Қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан!» деген рас екен.

Бұрын аздап ішкенмін. Мұны қойғаныма 11 жыл болды. Сен де ішпе!» – деді. Міне, осылайша басталған таныстығымыз кейін ағалы-бауыр араластыққа ұласты. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, үнемі Шәкеңнің «Жигулиімен» көшіп-қонып жүретінбіз. Пәтерді де Шәмші аға тауып беретін. Суханбаев көшесіндегі 2- бұрылыста, орыстың пәтерінде тұрдық. Мені «Химпромға» жұмысқа тұрғызды. «Химпром» зауытының бас директоры, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Атабаев деген үлкен ел азаматына Шәкең кіріп жүріп орналастырды. Шымкенттің технологиялық институтын бітірген жас маманмын. Зауыт іші күні-түні көк ала түтін. «Шыда, Құдай қаласа, бір жылда пәтер аласың!» дейтін Шәкең. Зауытта бар-жоғы 3 ай ғана істеп, жұмыстан шығып кеттім. Сол заманда ПОШ (первичная обработка шерсти) зауытының дүрілдеп тұрған шағы. Директоры Ержігітов деген жігіт болатын.

Осы зауытқа кіргізіп еді, жұмыс істей алмадым. Шәкең жүгіріп жүріп МАИ-ға кіргізбек болып еді, ол қызметтен өзім бас тарттым. Ол кісі маған көмектесіп жүргенімен өзінің де жырғаған жағдайы жоқ еді. Өзі де бір үй тұрғызсам деп армандаумен өмірден өтті. Өмірден өтерін білді ме екен кім білсін, досы Илья Гашизовқа аманат айтып кетіпті. Әңгіме былай: Бір жылдары Жалпақтөбе ауылында запастағы милиция майоры Илья Гашизовтың әке-шешесінің үйінің бір бөлмесінде Шәкең уақытша тұрып, келіп-кетіп жүрген. Гашизовтардың ұл-қыздарының ағалары сияқты болып, жақсы қарым-қатынаста болған. «Үй тұрғызамын» деген әрекеті қаржының жетіспеушілігінен ұзақ жылдарға созылып кетіп, ақыр аяғында бітпей қалған.

Өмірінің соңғы кезеңінде дертке шалдығып, Шәуілдірден Алматыға қайтып бара жатқанда Жамбыл қаласының маңындағы Жалпақтөбе ауылындағы аяқталмай қалып бара жатқан үй-жайына соғады.Сол кезде Илья ағаны жанына шақырып алып: – Илья, тағдыр жазып, азды-көпті уақыт ағалы-інілі болып араластық. Ата-аналарыңыздың мейірім-шапағатын көрдім. Сол үшін де Гашизовтар әулетіне алғысымды білдіремін. Мен Алматыға емделуге кетіп бара жатырмын. Науқасым асқынып барады. Киелі Әулиеата жеріне енді қайтып оралу-оралмауым бір Жаратқанға ғана мәлім, – дейді. Сонда Илья: – О не дегеніңіз, жамандық шақырмаңыз, бәрі жақсы болып кетеді. Ол жақта мықты дәрігерлер бар. Жазылып шығуыңызға тілектеспіз! Әлі балаларыңыз Әбілқасым мен Мұхтардың тойларында билейтін боламыз, – дейді. Сол кезде Шәмші: – Илья, менің саған айтар аманатым бар. Сол аманатымды «Орындаймын!» деп уәде бересің, – дейді. – Болды, Шәмші аға, бірауыз сөзіңіз ғой. Орындаймын аманатыңызды! – Рақмет! Олай болса – тыңда! Мына үлкен үйдің іргетасын қалатып жатқанда тас өңдейтін бір танысыма өтініш айтып, «Болашақ қазақ жастарына аманат» жаздыртып алып келіп, сол жолдауымды іргетас астына бастыртып жіберіп едім. Мені бір замандарда халқым іздейтін болады.

Осы аманатымды көзіңнің тірісінде мені іздеген азаматтарға жеткізерсің. – Ойбай, Шәке, ең болмаса қай тұста жасырғаныңызды айтсаңызшы, біліп жүрейін. – Жоқ, айтпаймын. Қазір уақыты келген жоқ. Бөгде біреулердің қазып әкетуі де мүмкін, – деп табыстаған екен. Оны кейін Илья Гашизов өзі ауырып жатқан кезде жаман аурудан жазылмасын сезген болуы керек, мені шақырып алды да маған табыстады. Мен енді осыны саған табыстап кетейін деп Әбекең сөзін ары қарай жалғады. – Құрманбек, інім. Мен бұл дүниелік емеспін. «Шәмші атамды зерттеймін» деп жүргеніңде екеуміз ағалы-інілі болып кетіп едік.

Саған Шәмші атаңның маған табыстап кеткен аманатын жеткізгім келеді. Шәкеңнің үлкен үйінің іргетасының астында «Қазақ жастарына жолдау» қалып барады. Мүмкін болса, соны тауып алыңдар. Мен Шәкеңнің аманатын орындадым, – деп аманатты жеткізіп, көп ұзамай өзі де бақилық болып кетті. Мен сонда Әбекеңнен Шәмшінің үй іргесіне көмген жолдауының дәл қай жерде екенін сұрағанымда нақтысын білмейтінін айтты. Мейлі, қалай болмасын «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, Әби мен Сараның өмірінде Шәмшіден қалған естелік көп екені анық. Біз сол естеліктердің бірімен бөлісуді Сарадан сұрағанымызда бір күрсініп алып, әңгімесін былай жалғады. – Ағамыздың жанына біздің үйсіз-күйсіз, баспанасыз жүргеніміз аяздай бататын көрінеді. Бір күні «Мен сендерге пәтер іздеп тауып беремін» деп көлігіне мінгізіп алды.

Содан көше-көшеге түсіп алып жүріп келеді. Тоқтай қалып «Сендерге квартиранттар керек емес пе?» деп айқай салады. Біз күйеуім екеуміз ұялып, артқы орындыққа тығылып қаламыз. Әйтеуір, бір Фанина деген орыс кемпірдің бір бөлмесінде тұрдық.

Ол кезде пәтерақы – 50 сом. Шәмші айына 25 сомнан 2 айға алдын ала төлеп тастады. Сол жерде (теміржол маңында) Ворошилов көшесінде 1986-1989 жылдары тұрдық. 1989 жылы қыркүйек айында ұлымыз Еркебұланды босандым. 1991 жылдың аяғында «Садовая» көшесінде өзбек әйелдің үйінде тұрып жатқанбыз. Апақ-сапақта Шәмші аға келе қалды. Ет астық. Етті жей алмады. Баламызды қолына ұстатып едік, ол: «Баланы көтере алмаймын ғой», – деді. Алдына дәрілерін қатар-қатар қойып ішіп отырды. Содан соң: «Мен қазір «Дунгановкаға», үйіме барамын, онда менің архивім бар», – деді. Әби ілесіп кетті. «Балалы әйелді көлігіме отырғызсам қолым дірілдейді» деп мені алмай қойды.

Үйге келгеннен кейін Әби: «Шәкең машинасына бір қорап кітап, жазу-сызу, ноталарды, тағы да басқа заттарды тиеді», – деді. Біз Шәмші ағаны шығарып салған соң үйге келсек, кіреберісте басындағы киіп жүрген көк тақиясы қалып қойыпты. Төбесінде кішкене ғана шашағы бар еді. Бұл тақияны кейіннен Шымкенттегі Ережеп деген баскиім шебері Әбидің басына шақтап қайта тігіп берді, – деп есіне алды Сара. Мінеки, Шәмшіден қалған бір естеліктің жағдайы осылай еді.

Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы, «Қазақ вальсінің королі» болған адамның артынан әлі де неше түрлі аңыз-әңгімелер айтылатыны ақиқат. Оның тақиясының өзі де бара-бара құнды жәдігерге айналады. Егер де Тараз қаласы маңындағы Жалпақтөбе ауылында тірісінде-ақ әннің піріне айналған Шәмшіге арнап «Шәмші Қалдаяқов мұражайы» салынып жатса, бұл тақияның да сол жерден өз орнын табатынына сенеміз!

Құрманбек Оңалбеков, М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университеті әскери кафедрасының оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар