– Киіктерді ату қазір тоқтатылды. Отандық ғалымдармен және халықаралық ұйымдармен ақылдасып, кеңескеннен кейін осындай шешім қабылдадық. Оның үстіне қысқы уақытта табиғи жағдайларға байланысты аң аулау қиындады. Қарлы боран мен аязға байланысты аң аулау мүмкін емес. Сол үшін де 10 ақпаннан бері киіктердің санын азайту науқаны тоқтады, – деді министр. Сонымен бірге министр мамыр айында санақ жүргізілетінін айтты. Сол кезде киіктердің саны нақты қаншаға өскенін анықтауға болады.
– Осы жылдың мамыр айында тексеріс жүргізіп, санақ өткізіп, киіктің нақты санын анықтаймыз. Болжам бойынша өсім 40 пайызды құрайды. Солайша барлығы 2,5-2,6 миллионға жетеді деп болжап отырмыз. Ал жалпы киік санын реттеу барысында еліміздегі киіктер саны 42 мыңға азайды, – деді ведомство басшысы.
Министр 10 ақпаннан кейін киік аулауға заңмен тыйым салынғанын, яғни атқан адам жауапкершілікке тартылатынын айтты. Одан бері де он күннен асты. Егер киік көрсе қару кезенуге болмайтынын осы тұста аң аулауға қызығушылығы бар өңір тұрғындарына ескерткіміз келеді. Еске сала кетсек, мамандар 2023 жылдың күзінде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді деп болжаған. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін екені де айтылды. Саны 1,9 миллионға жеткен киік 2022 жылы Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстанда егіс алқаптарын таптаған.
Шамамен 122 мың гектар егіс алқаптарына 12 миллиард шығын келген. Осы орайда Голливуд актері Леонардо Ди-Каприоның өзінің әлеуметтік парақшасында Қазақстанды ақбөкендер санын көбейтудегі жетістігімен құттықтағанын айта кеткен жөн. Актер бірінші жануарларды қорғаудағы жетістіктеріне тоқталды. Ол құрып кету қаупі төнген киіктердің «Қызыл кітап» тізіміне «критикалық қауіп төнген» санатынан «қауіп төнуге жақын» санатына ауысқанын жазған. – Бұл бұрын-соңды болмаған қалпына келтіру шарасы негізінде Қазақстандағы ақбөкен популяциясы жақсы сақталғанын көрсетеді. 2005 жылы 48 000-ға дейін азайып кеткен бұл жануардың түрі қазір жабайы табиғатта 1,9 миллионнан астам санға дейін жеткен.
Қазақстан Үкіметін бұл жетістігімен құттықтаймыз! Қазақстан билігі браконьерлікпен күрес жөніндегі бастамаға және құқық қорғау органдары мен жаңа қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлді. Бұл – табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы бірлескен күш-жігерге негізделген табиғатты қорғау саласындағы шынайы табыстың тамаша үлгісі,– деп жазды атақты актер. Үкімет киік санын қолдан азайтуды «қарал» тәсілі бойынша жүргізе алмағандықтан атуға рұқсат берді. Ерлан Нысанбаев жаңбыр жиі жауып, қолайсыздық тудырғаны себепті «қарал» тәсілін жүзеге асыру қиындағанын айтты. Сол себепті де аулауға рұқсат етілген.
Осыған дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орманшаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің «CITES» конвенциясына сәйкес киік мүйізін сатуға тыйым салынғанын, Қазақстанның мүйізді экспортқа, дәрі-дәрмек мақсатында шығара алмайтынын айтқан. Ол тыйым мерзімі аяқталғанша киік мүйіздері арнайы мемлекеттік кәсіпорындарда сақталатынын, өте қымбат киік мүйіздерін сақтау тиісті органдардың бақылауымен жүзеге асырылатынын мәлімдеген.
Ал ауланған ақбөкеннің шикі еті қала базарларына да шығуы мүмкін екендігі айтылды. Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев кәсіпорындар ауысымына 1000-ға дейін мал союға дайын екенін жеткізген еді. Осылайша екі айдың ішінде кәсіпорындар 120 мың ақбөкеннің етін өндіріске жіберуге тиіс болған. Ал ақбөкендерді ұстап, сойып, зауытқа өткізумен орманшаруашылығы қызметкерлері айналысатыны айтылған еді. Біз осы жұмыстардың әу баста құрылған жоспардан ауытқымай орындалғанына сенгіміз келеді.
Ақтоты Жаңабай
ШӘМШІДЕН ҚАЛҒАН БІР БЕЛГІ
Ұқсас жаңалықтар
Келесі жылы да су шаруашылығы мамандарының еңбекақысын көтеруді жалғастырамыз - министр
- авторAR-AY
- 27 қыркүйек, 2024
Қазақстан мен Қытай су тасқынымен бірлесіп күресу жөнінде келісімге келді
- авторAR-AY
- 26 қыркүйек, 2024