Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сәнді әрі шариғатқа сай киімдер

Сәнді әрі шариғатқа сай киімдер
ашық дереккөз
Сәнді әрі шариғатқа сай киімдер
Қыз баланың шашын көрсетпеуі ежелден келе жатқан дәстүр. Бұл бір жағынан тазалықтың белгісі болса, екінші жағынан мұсылман әйелдеріне парыз етілген. Кезінде орамалдың орнына тұрмыс құрмаған қыздар бөрік немесе тақия киген. Бертін келе ислам дінінің қоғамдағы орнына қарай, нәзік жандылардың көбі арнайы мұсылмандық хиджабтар мен орамалдар тағатын болды. Сонымен қатар арнайы ұзын етекті, заманауи стильге сай көйлектер де сәнге айналған. Мұндай көйлектер күнделікті тұрмыста да ыңғайлы болып келеді. Қазіргі таңда арнайы той көйлегін осындай үлгіде тіктіру де сәнге енген. Хиджаб тәрізді фатаның сыртынан арнайы таспен безендірілген тәж кисеңіз нағыз ханшайым болып шыға келесіз. Түрлі брендтегі киімдер арасында мұсылман қыздарына арналған киімдерді тігу бәсекеге айналғандай. Бірі мерекелік кештердегі киімдерді шығарса, бірі талапқа сай, ықшамдап, спорттық үлгідегі киімдерді сатылымға қойған. Таразда да мұсылман тауарларын саудалайтындар аз емес. Солардың бірі – орамалды арулардың сұранысын өтеп, мұсылман тауарларын сатумен айналысып жүрген Райхан Тоқбергенова. Кейіпкеріміз 2015 жылы имандылық жолына түсіп, 2016 жылдан бастап мешіттен діни білім ала бастаған. Он берекенің тоғызы саудада дегенді естіп, Жаратушының қалауымен өз кәсібін ашуды ойға алады. Ол үш жыл бұрын өзі мақсат еткен ойын жүзеге асырыпты. – Мұсылманның әр ісі ниетіне қарай бастау алады. Берекелі ризыққа ие болғыңыз келсе, ең алдымен жақсы ниетте болыңыз және әр істі сондай ізгі оймен бастаған жөн. Бір тірлікті бастауға ниеттеніп, жасағалы отырған ісіңізге Алла Тағала разы бола ма, соған көз жеткізіңіз. Шынайы ниетпен жасалған әр амалымыз бізді Алланың разылығына қауыштырады. Сонымен қатар адал іспен айналысқан адамға сауап жазылады. Сондай-ақ адал еңбек ақыретіңе де пайдалы. Мен де ұзақ ойлана келе Алланың қалауымен сауабы мол іспен айналысқанды жөн санадым. Жаңадан намаз бастаған, дін жолында жүрген исі мұсылмандарға, қыз-келіншектерге арналған мұсылман тауарларын сатуды қолға алдым. Кәсібімді енді бастаған уақыттарда дүкенім «Ауыл Береке» базарында орналасқан болатын. Күн суық, үйде күйеуім мен балаларым да бар. Сауда да онша жүре қоймады. Осыны байқаған отағасы «Сені өзім де асырай аламын» денсаулығыңды күт, қыстың күні аязда сыз жерде отырғаның жарамас» деді. Ақылына көндім. Бірақ кейін күн жылынған соң «Жайлау» шағынауданындағы «Anatrade» сауда маркетінен өз дүкенімді қайта аштым. Шүкір деймін, сатылым жаман емес, – дейді ол. Райхан Бақытжанқызы өзге кәсіпкерлер секілді бәсекелестіктен қорықпайды. Керісінше сауда сонысымен қызық, бәсекелестік адамды жігерлендіруші фактор деп есептейді. Райханның дүкенінің төңірегіндегі сауда дүңгіршектері де мұсылман тауарларына арналған. – Келген тұтынушы іздеген затын таба алмаса, келесі дүкенге бас сұғып,керегін сатып ала алады. Қыздармен ойласып бірімізде жоқ тауарды, біріміз алып қоямыз. Сонда клиент бір келгенде ойындағының барлығын бірге алып кете алады. Қыздармен арамызда ешқандай да алауыздық, көре алмаушылық деген арам ой жоқ. Қайта біріміз-бірімізге демеу болып, жанашырлық танытып жүреміз, – дейді ол. Райханның дүкенінен қыз-келіншектерге арналған сәнді орамалдар, заманауи әрі шариғаттың талаптарына сай көйлектер, өзге киімдер, аксессуарлар, ер мен әйелге арналған намаз жиынтықтары және өзге де тауарларды таба аласыз. Тұтынушылардың дүкен жайлы да, иесі жайлы да пікірі жоғары. Кәсіпкер келіншектің саудасының қызып беруіне жол ашқан – «Instagram» әлеуметтік желісі. Кәсібін жаңадан бастағанда барлық хабарландырулар мен жарнамалар осы желі арқылы жүргізілген. Дүкеніндегі тұтынушыларының басым бөлігі саудагерді «Instagram» (muslim_collection_taraz) парақшасы арқылы танығандар. Жаңа түскен тауар, акция, жасалатын басқа да түрлі жеңілдіктермен клиенттері парақша арқылы танысып отырады. Кейіпкеріміздің өзі кәсібін енді қолға алғанда әлеуметтік желінің көмегі көп болғанын айтты. Қазір жаныңа не керектінің бәрін «Instagram» парақшасы арқылы табатын болдық. Райханның да кәсібі желінің арқасында жүрді, дүкені парақша арқылы танылды. – Парақшамды ашқанда әлеуметтік желінің берген мүмкіндігі зор болды. Иншалла табысқа жетермін деп ниеттенген едім. Жаратушы қалауыма жеткізді, – дейді кәсіпкер. Кәсіпкер келіншектің дүкеніне келушілердің қатары көп. Оның үстіне көп тапсырысты парақша арқылы қабылдайды. Қазақстанның әр аймағынан тапсырыс беріп жатады. Өзге қалаларға тауарды пошта арқылы жеткізіп берсе, облыс ішінде онлайн такси қызметін пайдаланады. Алланың әр адамға өлшеп берген ырзық несібесі бар. Сондықтан ақыл-ойыңды дүние жаулап алғаны, өз биігіңе жету үшін біреуді аяқтан шалу – мұсылманға жат қылық. Бұл кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы. Бір пендеге жетерлік табысқа кенеліп жүрсе де отбасындағы әйел рөлін, ұл-қыздарына көңіл бөлуді ұмытқан емес. Пайдасынан бұрын сауабын ойлаған саудагердің жоспарлары аз емес. Жақын уақыттарда жеке брендімен мұсылман тауарларын шығаруды ойлап жүр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар