Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Каналдар мен су қоймалары қалпына келсе, шаруа тарықпайды

Каналдар мен су қоймалары қалпына келсе, шаруа тарықпайды
ашық дереккөз
Каналдар мен су қоймалары қалпына келсе, шаруа тарықпайды
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте халықаралық даму банктері арқылы құрылысы жүргізілген каналдардың мәселелері талқыланды. Ирригациялық дренаждар жүйесін жетілдіру жобасының 3-фазасымен жөндеуге облысымыздың 5 ауданындағы каналдар жоспарланған. Бұл бағдарламамен қалпына келтіру жоспарланған 183 нысанның 80-і Шу ауданына тиесілі болса, 16-сы – Сарысу, 34-і – Т.Рысқұлов, 41-і – Талас, 12-сі – Мойынқұм ауданында. Ал ауыл шаруашылығы дақылдары биыл 756 мың гектарға орналастырылған. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Е.Жиенқұловтың айтуынша, биылғы суару маусымына су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізілген. Вегетациялық кезеңге облыста орналасқан ірі 9 қоймада орташа 90,3 пайыз су, одан бөлек облыста орналасқан 105 кіші су қоймаларында 72,3 пайыз су жиналыпты. Шаруашылықтардың сұранысына сәйкес егіс алқаптарына су күнделікті беріліп отыр екен. Басқосуда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің жол картасымен таныстырып, күтілетін нәтижелерді баяндады. – Су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру жол картасы аясында «Қазсушар» РМК тарапынан 183 нысанды ИДЖЖЖ-3 бағдарламасына енгізу жоспарланған. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан бағдарламаға қосымша 122 нысанды енгізу жоспарлануда. Нәтижесінде 305 нысан жөндеуден өтіп, 85 мың гектар суармалы алқаптың мелиоративтік жағдайы жақсарып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есеге ұлғайып, өнім жыл сайын 33,8 миллиард теңгеге артады деп күтілуде. ИДЖЖЖ-3 (ПУИД-3) бағдарламасына ұсынылып отырған 183 нысанның 123-і республикалық меншікте, 58-і коммуналдық және екеуі жекеменшік теңгерімінде. Бүгінгі күні республикалық меншіктегі 123 нысанның 115-і коммуналдық меншікке берілуде. Су ресурстары комитетінің келісімі алынып, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің келісімі күтілуде. Айта кететін мәселе – Мойынқұм ауданындағы жеке меншіктегі 2 нысанды коммуналдық меншікке беру мәселесін шешу қажет. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген жағдайда 1240 шақырым болатын 183 нысан жөнделіп, 63,3 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарып, 31,3 мың гектар жердің сумен қамтамасыз ету деңгейі артып, 31,9 мың гектар жер қайта айналымға енеді. Шу ауданы аумағында бағдарламаға сәйкес 3 каналдың жүйесінде орналасқан 80 нысан қалпына келтіріліп, 505,4 шақырым суландыру жүйесі жөнделеді. Нәтижесінде 11 061 гектар суармалы жер қайта іске қосылады. Бүгінгі күнге, коммуналдық меншікке берілген 35 нысанға облыс әкімдігі тарапынан жұмыс жобасы әзірленді, енді мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу ғана қалып отыр. Мойынқұм ауданы аумағында бағдарламаға сәйкес Шу өзені бойындағы 12 нысан қалпына келтіріліп, 237,5 шақырым суландыру жүйесі жөнделеді. Нәтижесінде 6 320 гектар суармалы жер қайта айналымға енеді. Сарысу ауданы аумағында бағдарламаға сәйкес Шабақты және Бүркітті өзені бойындағы 16 нысан қалпына келтіріліп, 93,4 шақырым суландыру жүйесі жөнделу арқылы 629 шақырым суармалы жер қайта айналымға енеді. Т.Рысқұлов ауданы аумағында бағдарламаға сәйкес 34 нысан (15 канал, 19 ұңғыма) қалпына келтіріліп, 155,7 шақырым суландыру жүйесі жөнделеді. Соның арқасында 4 670 шақырым суармалы жер қайта айналымға қосылады. Талас ауданы аумағында бағдарламаға сәйкес Талас, Аса, Көктал және Тамды өзендері бойында орналасқан 41 нысан қалпына келтіріліп, 244,8 шақырым суландыру жүйесі жөнделеді. Соның есебінен 9 317 шақырым суармалы жер қайта айналымға енеді, – деді Қазыбек Қошқарбекұлы. «Жамбыл су қоймалары» мекемесі директорының орынбасары Бауыржан Ибрагимовтың айтуынша, мекеме теңгерімінде 104 су қоймасы бар. – «Жамбыл-Жуалы» аудандық бөлімшесіне қарасты – 27, Байзақ аудандық бөлімшесінде – 28, «Талас-Сарысу» аудандық бөлімшесінде – 13, «Меркі-Т.Рысқұлов» аудандық бөлімшесінде – 28, «Қордай-Шу-Мойынқұм» аудандық бөлімшесінде 8 су қоймалары бар. Биыл апатты жағдайда тұрған 6 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мекеменің өз күшімен 11 су қоймасы ағымдағы жөндеуден өтті. Жаңадан салынатын 8 су қоймаға «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді, оның қорытындысы алдағы 10 тамызға дайындалуда. Мекеме теңгеріміндегі 10 су қоймаға көпфакторлы зерделеу жұмыстары мемлекеттік сатып алу тәсілімен порталға берілді. Қазіргі таңда «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» су қоймаларын салуға жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге 36,8 миллион теңге бөлінді. Бүгінде ол жобалау құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Алдағы жылы құрылысы басталатын болды. Қысқы-көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын мекеме қызметкерлері тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл бойынша жергілікті аудан әкімдіктерімен және басқа да тиісті мекемелермен тығыз байланыста жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, мекеме тарапынан жылда аудан әкімдіктерімен бірлесіп, хабарласу сызбасы бекітіледі және барлық су қоймаларында кезекшілік ұйымдастырылады. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс аумағында орналасқан мекеменің теңгеріміндегі су қоймаларына тазалау жұмыстары жүргізіліп, ашып-жабу қақпалары майланып, қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Мерзімдік су деңгейінің көтерілуіне орай, су реттеу жұмыстары қатаң түрде қадағаланады, – деді Бауыржан Ибрагимов. Кеңес отырысында қаралған мәселе жан-жақты талқыланып, орындалған және алда атқаруға жоспарланған істер пысықталғаннан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов: – Ең бастысы – аудандардағы шаруалар су тапшылығына ұрынбауы керек. Бар суды беруге кедергісін тигізетін каналдар қайта қалпына келтірілуі тиіс. Әлгінде айтылған 183 каналдың жұмыстарын жеделдетіп жүргізгеніміз жөн. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетімен бірлесе бұған дейін де нәтижелі жұмыстар жүргіздік, әлі де жүзеге асырылатын іс жетерлік. Басқосуымызға келіп қатысқан комитет төрағасы Нұрлан Алдамжаров пен «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасовқа рақмет. Облысымызға жиі келіп тұрыңыздар. Жоспарланған жұмыстарды бірлесіп аяқтайық. Елге қызмет көрсетіп, халықтың алғысын алайық, – деп жауаптыларды өңіріміздің асыраушы саласына қажетті тіршілік нәрін жеткілікті ету істеріне күш салуға назар аудартты. Айта кетейік, облысымызда жалпы жерасты суының көлемі 1,7 миллиард текше метрді құрайды, оның ішінде тәулігіне қайта қалпына келетін 4,4 миллион текше метр су қоры бар. Бұл ретте 120 күн вегетациялық кезеңде 535 миллион текше метр су көлемін пайдалануға болады. Осыған байланысты, су тапшылығы бар аудандар жерасты суы қорын толығымен пайдалану мақсатында 2022-2024 жылдары 646 ұңғыма қазуды қолға алып отыр. Қамар ҚАРАСАЕВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар