Анасы Гүлбаһар Ағыбаева математика пәнінің мұғалімі, ардагер-ұстаз, ҚР Білім беру саласының үздігі. Ақсана жастайынан әке-шешесінің үнемі айтатын «Қанша қиналсаң да ешқашан ешкімнің ала жібін аттама!» деген сөзін жадыдан шығарған емес. Ауданда басшылық қызметте жүргенде белгілі бір бағытқа бөлінген қаржының аяғы құрдымға кеткенде оны бюджетке кері қайтартуы да әрқашан шындықты ту етіп ұстаған қасиетінің дәлелі болса керек. Осындай шыншылдығы, табандылығы, адалдығы базбіреулердің арқасына аяздай батып, түрлі қорқытып-үркітулерді де бастан өткеріпті. Қай қызметке барса да артынан арыз жазып, соңынан шам алып түскендер болған екен. – 2010 жылы аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Сол уақытта Мойынқұм ауылындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, нысанды қабылдауым керек болды.
Бірақ жұмыс сапасыз атқарылуына байланысты мен тиісті құжатқа қол қоюдан бас тарттым. Сырттан көптеген қорқытулар да, қомақты қаржы ұсыну да болып жатты. Бірақ мен әділдік үшін мердігер компанияны сотқа беріп, ауданымыздың тарихында болмаған жағдайды дәлелдеп бердім. Анығын айтқанда, сол сотта жеңіп шығып, ауданның бюджетіне 4 миллион 300 мың теңге қайтарттым. Дәл осындай әңгіме 2014 жылы да қайталанды. Білім бөлімінен кейін аудан орталығында орналасқан «Балбөбек» балабақшасында меңгеруші болып қызмет атқардым. Ол жерде де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тағы мердігерлерді сотқа беруіме тура келді. Сөйтіп, тағы да ауданның бюджетіне 4 миллион 200 мың теңгені кері қайтартқыздым. Сол жылдары осындай қаржы өте қомақты болып есептелетін. Негізі «Балбөбек» балабақшасында көптеген жиһазды өзіміз қолдан жасап пайдаландық. Жатын төсектер мен отыратын орындықтарға дейін өзіміз жасағанбыз, – деді кейіпкеріміз. Біз мақалада әңгімені неге бірден осы мәселеден бастағанымызға тоқтала кеткеніміз жөн шығар.
Өйткені Ақсана Жамбылқызының өмірбаянымен танысу барысында оның бір кездері қызметте сатылап өскенін, одан біртіндеп төмендегенін байқадық. Оның себебін сұрағанымызда осындай жауапқа қанығып, аңтарылып қалғанымыз да рас. Дегенмен оның адалдығы мен азаматтығына іштей разы болдық. – Уақытында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің екі бірдей факультетін аяқтап, қолыма орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі және экономист мамандығы бойынша диплом алдым. Еңбек жолымды 1997 жылы Мойынқұм ауылындағы «Еңбекші» шаруа қожалығында есепші-экономист болып бастадым. 2000-2004 жылдары «Ақбақай» тау-кен комбинаты» акционерлік қоғамында контролер, қоймашы және ауысым шебері болып еңбек еттім. Осы ұжымда жүргенімде көпті көрген жасы үлкендерден өмірлік тәжірибе жинақтадым. Бір жыл Шу қаласындағы Макаренко атындағы орта мектептің тәлімгері болып жұмыс істегенімде де директор Наталья Филатовадан үйренгенім көп болды. Ол Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектепке директор болып тағайындалғаннан кейін мені өзіне орынбасар етіп шақырды. Осы мекемеде 2005-2009 жылдар аралығында директордың орынбасары болып жұмыс істедім. Сол кезде аталған білім ошағында қазақ тілі мен әдебиеті пәніне арналған кабинет жоқ еді.
Осы істі қолға алып, бір кабинеттің ашылуына ықпал еттім. Сол кездері осы пән мұғалімдері болып еңбек еткен Ләззат Ахметова мен Күлман Тойғұлиеваның қуанышында шек болмағаны әлі есімде. Бұдан кейін Шу аудандық білім бөлімінің әдіскері болып аз ғана уақыт еңбек етіп, 2010 жылға дейін аталған білім бөлімі басшысының орынбасары болып қызмет атқардым. Сол кездері мені Мойынқұм өңірінің азаматтары аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы қызметіне шақырды. Осы білім бөлімін екі жыл басқарғанда талай заңсыздықты көріп, өмірімді күреске арнауыма тура келді. Сол уақытта, яғни 2011-2013 жылдары Мойынқұм ауданының әкімі болып тағайындалған қазіргі Сенат депутаты Сәкен Арубаевқа аудандық білім бөлімінен кеткім келетінін айтып, екі мәрте алдына бардым. Ол кісі екінші мәрте барғанымда «ел қызмет сұрап, мазаны алса, сіз қызметтен кетемін дейсіз» деп ренжігендей болды. Шынымды айтсам, мен бұл кезде халықтың емес, қалтаның қамын ойлап түртпектейтіндерден шаршай бастаған едім.
Ол кісі мені орнымнан босатқанымен аудандағы «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі қызметіне жіберді. Ол жерде де нысанға жөндеу жұмысын жүргізу барысында заңсыздықтарды қалпына келтіре отырып, 2018 жылға дейін еңбек еттім. Одан кейін бір жылға жетер-жетпес уақыт аудандық ішкі саясат бөлімін басқардым. 2019-2021 жылдары аудандық «Балалар шығармашылық орталығының» директоры болдым. 2021-2023 жылдары «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы болдым. Өз еңбек жолымда мұғалімдік қызметтің барлық сатысынан өттім. Тәлімгерліктен аудандық білім бөлімінің басшысына дейін көтерілдім. Мемлекеттік қызметте де атыма кір келтірмеуді өмірлік ұстанымым еттім. 2023 жылдың тамыз айында Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылдық округінің әкімі болып сайландым.
Округте қазір 231 түтін, 1 503 тұрғын бар. Мен үшін өте маңызды дүниенің бірі, ол – қай жерде болсам да шындықты жасырмай айту, – деді Ақсана Жамбылқызы. Бір ұлына лайықты тәрбие берген асыл ана, бір ауылдың басшысы бүгінде аталған елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету қамымен жүр. Өйткені орталықтандырылған су жүйесінің тозығы жеткендіктен тұрғындарға ауызсу күніне бір сағат қана беріледі екен. Жалпы аталған ауыл тұрғындарының дені «Ақбақай» өндірісінде еңбек еткендіктен мұнда тұрмысы төмен отбасылар жоқтың қасы.
НҰРЫМ СЫРҒАБАЕВ