
Болашақ ғалым 1998 жылы Меркі ауданының Аспара ауылында дүниеге келген. 2016 жылы №2 Аспара орта мектебін үздіктер қатарында тәмамдап, сол жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына қабылданады. Жоғары оқу орнын 2020 жылы үздік дипломмен тәмамдап, сол жылы «Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру» бөліміне «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша грантқа оқуға түсті. Осылайша 2022 жылы педагогика ғылымдарының магистрі атанды.
Талапты жас университетте түрлі үйірмелер мен бірлестіктердің жұмысына да белсене қатысады. Сөзімізге дәлел келтірсек, Көркемжан қазақ әдебиетіне жаны құмар жастарды бір арнаға тоғыстырған «Жасын» әдеби-шығармашылық бірлестігінің координаторы, «Қазақстан Студенттері Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының университет бойынша төрайымы, Студенттік кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары, облыс әкімдігі жанынан құрылған жас ғалымдар кеңесінің және жас ақын-жазушылар кеңесінің мүшесі болады.
– Менің ғылым жолына келуіме ата-анамның қолдауы, ұстаздарымның бағыт-бағдары, ортам үлкен ықпал етті. Айрықша атап өткім келетін нәрсе, 2016 жылы университетке оқуға қабылданғаннан бастап «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Абдықадырова ғылыми дүниетанымымның кеңеюіне септігін тигізді. Ұстазымның жетекшілігімен өңірлік, республикалық, халықаралық ғылыми байқауларға қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткіздім, – дейді Көркемжан Бақытжанқызы.
Магистр дәрежесімен тоқтап қалмай, кейіпкеріміз ғылым жолында өзін шыңдау үшін академиялық білімнің үшінші сатысы – докторантурада оқығанды жөн көреді. Нақтырақ айтқанда, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша докторонтураға түседі. Бұйырса, санаулы айлардан кейін философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алады.
Қазір Көркемжан диссертациясын қорғауға дайындалып жүрген ізденуші. Қазақстандағы талаптарға сәйкес, ғылыми мақалаларын отандық басылымдарға жариялап, диссертациялық жұмысын антиплагиат тексерісінен өткізіп, «Scopus» базасына енетін шетелдік журналда жариялау бағытында да нақты қадамдар жасауда. Бұған қоса, халықаралық ғылыми конференциялардың екі пленарлық отырысында баяндама жасау талабы да ескерілген.
Отандық ғылымның көкжиегін кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан мол мүмкіндікті тиімді пайдаланған аруымыз Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларындағы университеттерде тәжірибеден, сондай-ақ өткен жылы Түркия мемлекетінің Болу қаласында орналасқан «Bolu Abant Izzet Baysal» университетінде докторанттың міндетті ғылыми тағылымдамасынан өтіпті. Сол сапарда шетелдік ғылыми консультант болып аталған оқу орнының тіл және әдебиет ғылымдарының докторы, доцент Мустафа Кундакчы бекітілген. Тағылымдама барысында Көркемжан профессор Фуат Сезгин атындағы кітапханаға барып, университеттің электрондық ресурстарын пайдалануды үйренген. Сонымен қатар докторант ғылыми тағылымдамадан өту жоспарына сәйкес, университет жанындағы түрік тілін оқыту және зерттеу орталығында Судан, Иран, Франция, Колумбия және Африка елдерінен келген студенттермен бірге түрік тілі курстарына қатысыпты. Бұған қоса Ғылым және жоғары білім министрлігінде іссапарда болып, тәжірибе жинақтайды, отандық ғалымдармен пікір алмасып, өз зерттеуіне қатысты сыни талдаулар жүргізуді меңгерген. Нәтижесінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хатын иеленген екен.
Осылайша ғылымға еркін қанат қаққан жас ғалым бүгінге дейін 15-ке жуық ғылыми мақаланың, 3 авторлық куәліктің, 1 оқу-әдістемелік құралдың авторы атанып үлгерген. Сондай-ақ шежіре кітабының техникалық редакторы ретінде жұмыс жүргізеді. Ғалымның пайымынша, жаратылыстану ғылымдарында нақты есеп шығарудың ортақ формуласы болса, әдебиетте ондай жалпылама үлгі жоқ. Себебі әдебиет – ұлттық болмысқа негізделген. Осы тұста «Көркем шығарманы талдауда қандай әдіс қолдану керек?» деген сұрақ туындайды. Осы мәселені зерттеу мақсатында жас ғалым өз жетекшілерімен бірлесіп, докторлық диссертациясының тақырыбын әдебиеттегі талдау формуласына арнаған. Қазір республиканың бірнеше өңірінде бұл бағыттағы әдістемелік жаңашылдықтар сынақтан өтіп, ұстаздар қауымының қызығушылығын тудырып отыр. Әсіресе «Көркем шығарманы талдаудың техникалық үлгісі» көпшілік тарапынан қолдау тапқан.
– Қазіргі таңда жеке авторлық құқықпен тіркелген 3 ғылыми әдістемеміз бар. Олар – «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы негізінде әзірленген «7QYR» мобильді қосымшасы, Бауыржан Момышұлы шығармашылығына арналған әдістемелік веб-сайт, 2024 жылы жарық көрген «Қазақ шешендік сөздерінің поэтикасы» атты ғылыми еңбек, – дейді жас ғалым.
Көркемжанның ғылыми-педагогикалық бағытта еңбек етіп жүргеніне биыл тоғыз жыл. Алғашында мұғалім болуды армандаған ол кейін педагог-зерттеушілік жолды таңдаған. Студенттік шақтан-ақ түрлі ғылыми байқауларға қатысып, республикалық және халықаралық деңгейде үздік нәтиже көрсетіп, жүлдегер атанған. «Үздік жас ғалым – 2021», «Жылдың үздік студенті», «Қазақстанның 100 үздік көшбасшы студенті» сынды марапаттарға ие болған. Сонымен бірге облыстың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, Президенттік шәкіртақы иегері. Бұған қоса, «Әулиеата үміті» жастар сыйлығының «Үздік жас ғалым» номинациясы бойынша жеңімпазы. 2023 жылдың соңында есімі «Әулиеата жастары» энциклопедиясына еніп, «Жыл студенті» атанған.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ