Демократиялық қоғам құруға бет бұрған кез келген мемлекеттің Конституциясы халық пен мемлекет арасындағы өзара шарт болып табылып, қоғамдағы негізгі қатынастарды реттеуге бағытталады. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы – жаңа саяси-заңдық құжат. Негізгі Заңның мәндік жаңалығы, ең алдымен, оның барлық институттарының мазмұны мен нысанын нақты анықтайтын принциптерден көрініс табады. Еліміздің Конституциясына қазіргі уақытта қоғам өмірінен лайықты орнын тауып жатқан бұрынғыдан мүлдем өзге жаңа идеялар тән. Олар: мемлекеттік биліктің бөлінуін ұйғарушы халық билігі мен халық егемендігі, конституционализм, заңдылық және құқықтық мемлекет, адам және азаматтың табиғи, ешкім айыра алмайтын құқықтары мен бостандықтары, біртұтастық және ұлттардың даму еркіндігі; халықтар мен мемлекеттер арасындағы бейбітшіліктің нығаюы, халықаралық құқық принциптері мен нормаларын сақтау, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдум немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Қазір әлем күн санап өзгеріп жатыр. Халықтың талап-тілектері мен сұранысының да сипаты өзгеруде.
Жаһандану процестері қоғамдық қатынастардың жаңа форматын қалыптастырып отыр. Сол себептен де Президент еліміздің саяси жаңғыруын, билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастардың оңтайлы балансын, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның тиімді диалогын қалыптастыруды көздейтін саяси реформалар бағдарламасын ұсынды. Конституциялық реформаның негізгі бағыты ретінде биліктің барлық тармақтары арасындағы өкілеттіктер мен құзыреттердің барынша оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруды айтуымызға болады. Қазақстанның конституциялық құрылымын жүйелі трансформациялаудың рөлі мен маңызы өте зор. Бұл жерде оның жауапкершілігінің де салмағын есте ұстауымыз қажет. Конституцияға енгізілген өзгерістерді әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге толық негіз бар. Ықпалды Парламенттің, халық сайлаған мәслихаттардың, адамдарға есеп беретін Үкіметтің жұмыс істеуі үшін тиімді тетіктер іске қосылды. Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – саяси плюрализм мен бәсекелі демократиялық ортаны дамыту үшін қажетті жағдайлар қалыптастыратыны да күмәнсіз. Президент 2022 жылдың наурыз айында жасаған Жолдауында суперпрезиденттік басқару формасынан қуатты Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар президенттік басқару моделіне көшу қажеттігіне баса назар аударған болатын. Сол себептен де Конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі – Президенттің бірқатар өкілеттігін қысқарту болып табылады. Мәселен, Конституцияға ҚР Президентінің өз өкілеттігі кезеңінде саяси партияға мүше болмауы туралы норма енгізілген болатын.
Көптеген шет мемлекеттерде Президенттің кандидатурасын белгілі бір партия ұсынуы мүмкін, ал осы кандидатура Президент болғаннан соң өз өкілеттігі кезеңінде саяси партияға мүше бола алмайды. Бұл оның өзін ұсынған партияға басымдықтар бермеуін, саяси бейтараптығын қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шара болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатынын ескере отырып, Мемлекет басшысы Мемлекет басшысының жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметтерде, квазимемлекеттік құрылымдарда басшылық лауазымдарды иеленуіне конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсыныс айтты. Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Аталған заңдар шеңберінде саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін заңнамалық актілерге, сондай-ақ жердің, жер қойнауының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және басқа да табиғи ресурстардың Қазақстан халқына тиесілігі туралы конституциялық қағидатқа байланысты мәселелерге өзгерістер енгізілді. Қазақстандықтар көптен күткен келесі өзгеріс – 2022 жылғы 18 қарашада қабылданған және күшіне енген Конституциялық Сот туралы Заң. Конституциялық сот өз қызметін былтырғы 1 қаңтардан бастады. Президенттің Жоғары Сот Кеңесінің құрамын жасақтауға қатысты өкілеттіктері өзгереді.
Конституцияда белгіленген қолданыстағы тәртіпке сәйкес Жоғары сот кеңесінің құрамын, сондай-ақ Конституциялық кеңестің төрағасын Президент өзі тағайындайды. Енді Конституциялық соттың және Жоғары сот кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын Парламент Сенатының депутаттарына беру ұсынылды. Бұл ретте Жоғары сот кеңесінің құрамын қалыптастыру заңмен айқындалатын болады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Президенттің артық өкілеттіктерін алып тастау және әкімдер мен мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезінде көбірек дербестік беру арқылы «қолдан басқару» тәжірибесінен бас тарту қажеттігін атап өтті. Осы орайда «Конституциялық сот дегеніміз не?», «Оның республиканың басқа соттарынан айырмашылығы неде?» деген сұрақтардың туындауы заңдылық. Конституциялық сот сот жүйесіне кірмейді, бұл конституциялық қадағалаудың дербес органы және оның негізгі міндеті – кез келген деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру. Егер Конституциялық кеңеске мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың кейбір тобы ғана – Мемлекет басшысы, Парламент палаталарының төрағалары, Парламент палаталары депутаттары жалпы санының кемінде 1/5 бөлігі, соттар және басқалар жүгіне алатын болса, енді Қазақстан Республикасының азаматтары да Конституциялық сотқа жүгіне алады. Конституциялық соттың құрылуы, ең алдымен, азаматтардың әділет саласына деген сенімін едәуір нығайтатыны сөзсіз. Екіншіден, кез-келген азамат бере алатын жеке конституциялық шағым институтын енгізу ғана мемлекеттегі барлық үш биліктің іс-әрекеттерінің конституциялылығын бақылауды жалғыз, орталық соттың қолына береді. Үшіншіден, жеке конституциялық шағым белгілі бір талапкердің құқықтарын қорғаумен қатар Конституцияның үстемдігін қадағалау қызметін атқарады. Конституциялық сот жалпы юрисдикция соттарының шешімдеріне шағымданатын орган емес.
Сот шешімдеріне бұрынғыдай, яғни тиісті апелляциялық, кассациялық сатыларда шағым жасалуы мүмкін. Конституцияда айқындалған Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі айтарлықтай күшейтілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және оның өкілдерінің қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік белгіленеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі құқық қорғау институтын жоғары деңгейге көтереді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (немесе Омбудсмен) соңғы жылдары қоғам үшін өзінің жоғары маңыздылығын көрсеткенін атап өткен жөн. Қаңтардағы оқиғаларды тергеу кезеңінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл іс жүзінде алғашқы күннен бастап белсенді жұмысқа кірісті. Омбудсмен, беделді заңгерлер бастаған тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен өзара тығыз іс-қимыл жасап, өз ұстанымдарын ашық білдірді және қорғады. Нәтижесінде заңсыз үкімдердің тәуекелдерін едәуір төмендетуге қол жеткізілді. Енді Омбудсменнің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелсіздігі мен есеп бермейтіндігі, сондай-ақ оған ешкімнің тиіспеуі кепілдігі бекітілетін болады. Уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен реттеледі. Сондай-ақ Конституцияға енгізілетін түзетулер шеңберінде Парламенттің депутаттық корпусын жасақтау тәртібін, Парламенттің және оның Палаталарының заңдарды қабылдау және басқа да мәселелер жөніндегі құзыретін қайта қарау жүзеге асырылады. Түзетулерде заңдарды Парламент Мәжілісі қабылдайтыны, онда барлық депутаттар саяси бәсекелестік негізінде сайланатыны қарастырылған. Конституцияға Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау кезіндегідей жергілікті өкілетті органдарға сайлау кезінде де аралас сайлау жүйесіне көшуге қатысты тиісті өзгерістерден туындайтын түзетулер енгізілді.
Яғни Мәжіліске депутаттардың 30 пайызы бір мандаттық округтер бойынша, 70 пайызы бұрынғыдай партиялық тізімдер бойынша сайланатын болады. Өңірлер мәслихаттарына – 50 пайызы тізімдер бойынша, 50 пайызы бір мандаттық округтер бойынша, ал аудандық мәслихаттарға 100 пайыз бір мандаттық округтер бойынша сайланатын болады. Бұл азаматтардың бір мандатты аумақтық округтер бойынша өзін-өзі ұсыну арқылы сайлануына мүмкіндік береді. Конституцияда жарияланған халықтың жер мен оның қойнауына, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне және басқа да табиғи ресурстарға меншік құқығы туралы норма да бекітіледі. Бірақ бұл ретте Конституцияда бекітілген аталған норма қағидат сипатына ие екенін түсіну керек, ол біздің әрқайсысымызда жердің қандай да бір ауданына немесе жер қойнауы учаскесіне меншік құқығын туғызбайды, ол жерді, жер қойнауын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану Қазақстан халқының мүддесі үшін жүзеге асырылуы тиіс екенін айқындайды. Бүгінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін өңір (қала) мәслихаттарының барлық депутаттарының келісімін ала отырып баламалы негізде (кемінде екі кандидатура ұсыну арқылы) тағайындау жүзеге асырылуда. Бұл да әділеттілік принциптерін орнықтыру, осы саяси лауазымға барынша лайықты кандидатураны іріктеп алу мақсатында енгізілген норма болып табылады және ол білімі, кәсіби дайындығы мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары мамандарға саяси қызметтің тұтқасын ұстауға мүмкіндік берері анық. Президент Конституцияға өзгеріс енгізілгенге дейін Сенаттың 15 депутатын тағайындайтын болған.
Қазір Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде 5-еуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындайтындығы туралы норма енгізілді. Өз тұсында бұл өзгеріс президенттік ықпалды азайту мақсатында қолданылып отырған шаралардың бірі. Сондай-ақ Парламентке заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру және оны күшейту мақсатында бірқатар өкілеттік берілді. Мысалы, халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару тәртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады. Аталған заң жобалары қаралып жатқанда Үкімет заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілер қабылдауға құқылы.
Соңғы жылдары орын алған коронавирус пандемиясы, Қаңтар оқиғасы, түрлі төтенше жағдайлар осындай оқиғаларға жедел жауап қатуды шектейтін заң қабылдау ісіндегі бірқатар кемшіліктің бетін ашты. Конституцияға мұндай норманы енгізу заманымыздың түрлі тәуекелдеріне шұғыл ден қою қажеттілігінен туындап отырған шара деуімізге болады. Жалпы Ата заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға зер салсақ, сайып келгенде, барлық нормалар суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, президенттік республика моделіне көшуге, мемлекеттік билік функцияларын монополиясыздандыруға, халықтың мемлекеттік басқару ісіне араласуын кеңейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Бақытжан Смайылұлы, заңгер