Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жат жерде от кешкендер

Жат жерде от кешкендер
Ашық дереккөз
Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына – 35 жыл. Ақиқатқа жүгінсек, біз үшін сол бір майдан мағынасыз соғыс еді. Бір емес, он жылға созылған соғысқа КСРО құрамындағы елдердің ішінде Қазақстаннан да 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тапса, 21-і хабар-ошарсыз кеткен еді. Ал аман қалғаны бүгінгі берекелі бейбіт күндердің шуақты шақтары мен сәулелі сәттерін тамашалап жатқан жайы бар.

 Атаулы датаға орай барлық өңірде концерттер мен фотокөрмелер өтіп, интернационалист-жауынгерлердің мектеп оқушыларымен кездесулері ұйымдастырылуда. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде де есте қаларлық мерейтойға арналған бірқатар іс-шара өтті. ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери қызметшілер соғысты бастан өткерген барша жауынгерлерге құрмет көрсетті. Алайда сарбаздар өз араларында жүрген, яғни әріптес «ауғандықтарға» ерекше назар аударады.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелеріндегі Ауған соғысына қатысқан әскери қызметшілер сол елде әскери борышын өтеген және әлі күнге дейін Қарулы Күштер қатарында еңбек етіп келеді. Қолбасшылық құрамында осындай он жауынгер бар. Тәжірибелі мамандар мен жауынгер-интернационалистер әртүрлі әскери бөлімдерде, мысалы, жөндеу-қалпына келтіру бөлімшелерінде, әскери техниканы қызметке қайтаруда өз жұмыстарын мінсіз атқаруда. «Ауғандықтардың» тәжірибесі әсіресе қауіпсіздік саласында сұранысқа ие.

Әскери анттарына адал жауынгерлердің қатарында Әріпжан Елубаев пен Бауыржан Атабеков те бар. Олар 63563 әскери бөлімінің ведомстволық әскерилендірілген күзетінің құрамында қызмет етіп келеді. Екі ардагер де бұрыннан запаста болғанымен жан қалауымен әскер қатарында қалып, еңбек жолдарын жалғастыруды жөн санады.

Соғыстың қақ ортасында болған сарбаздардың қаруды пайдалану тәжірибесі, ережелерді білу және әскери тәртіпті сақтау қасиеттері әскери қызметтегі басты артықшылықтары болды. Ауған жерінде 1979-1989 жылдар аралығында соғысты бастан өткерген барлық интернационалист-жауынгерлердің жүрегінде өшпес жара қалғаны айтпаса да белгілі. Әрбір «ауғандықтың» кеудесінде өз шындығы мен естелігі бар. Әріпжан Елубаевтың соғыстан оралғанына 41 жыл толды. Ол 1981 жылдың маусымынан 1983 жылдың маусымына дейін 11-батарея, 4-дивизия құрамында Ауғанстанда әскери борышын өтеді. Әріпжанның артиллериялық полкі Кабулда орналасыпты.

Сарбаз қызмет еткен бірінші жылы артиллериялық батареяда көлік тиеу машинасының жүргізушісі болса, екінші жылы БМ-21 Град жауынгерлік машинасын басқарды. – Ауғанстандағы қызметімнің ең есте қалған сәті – 1982 жылғы 13 ақпан. Дәл сол күн ауған жерінде қарсы алған бірінші туған күнім болатын. Қырсық шалғанда, бұл күні көлігіммен келе жатып, жол үстіне жасырылған минаны басып кеттік. Жарылыстан дүние шыркөбелек айналғанымен, бақытымызға орай, бәріміз аман қалдық. Оқиға да жарақатсыз аяқталды. Туған күнімде болған осы оқиға өмір бойы есімде қалып қойды. Мина жарылып, аман қалу – қайта туғанмен бірдей. Содан кейін достарым «туған күніңде қайта тірілдің» деп қалжыңдап, еселенген қуанышыммен шын жұректен құттықтады, – деп еске алады өткен шақты Әріпжан Әбуұлы.

Жауынгер 2000 жылдардың басында 63563 әскери бөлімінің командирі полковник Михаил Горышевтің ұсынысымен әскери бөлімнің ведомстволық күзет қызметіне жұмысқа орналасты. – Михаил Яковлевич Горышев те интернационалист-жауынгер, Ауғанстанда борышын өтеген. Ол маған қарулас жолдас ретінде жұмысқа орналасуға көмектескісі келді. Мен ойланбастан келістім. Менің ведомстволық қауіпсіздікте жұмыс істеп келе жатқаныма жиырма төрт жылдан асып барады. Қызметтік жолымды атқыш болып бастағанмын. Қазір 63563 әскери бөлімінің 2 ведомстволық күзет жасағының қарауыл бастығымын, – дейді Ә.Елубаев. Әріпжан Әбуұлы ұжымына сыйлы, ортасына абыройлы жан. Тағы бір кейіпкеріміз Бауыржан Атабеков те Әріпжан қызмет ететін әскери бөлімде. Алайда басқа ведомстволық күзет жасағында қызмет етеді.

Ол Ауғанстандағы әскери міндетін орындаумен қатар, ҚР Қарулы Күштерінде келісімшарт бойынша әскери борышын өтеген. Бауыржан соғыстан соң Тараз қаласындағы тікұшақ полкінде, кейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жөндеу бөлімінде қызмет етті. Әскери демалысқа шыққаннан кейін де әскерден қол үзгісі келмеді. Өйткені көп жылдар бойы әскери салада жанымен қызмет етіп, бұл жерден көптеген дос тапты. Олардың қатарында жерлесі, әріптесі Әріпжан Елубаев та бар. – Жалпы Әріпжан екеуміздің ортақ тұстарымыз көп. Ол да, мен де Аса ауылынан әскерге аттандық. Нақтырақ айтсам, Жамбыл аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім арқылы шақырылдық. Екеуміз де Кабулда болдық. Мен кейін қызметімді Баграмда жалғастырдым. Ал айырмашылығына келсек, Ауғанстандағы әскери борышымызды әрқайсысымыз бөлек-бөлек жылдарда атқарғанбыз, – дейді Б.Атабеков.

Әріпжан Елубаев әскерден туған ауылы Асаға оралғанда, одан төрт жас кіші Бауыржан Атабеков әлі он алты жасар бала еді. Бірақ зұлмат соғыс 1989 жылға дейін жалғасқандықтан Бауыржанға да Ауғанстанда от кешу тағдыры бұйырды. Кейіпкерміз 1985 жылдың қазанынан 1987 жылдың қарашасына дейін Ауғанстанда Баграм қаласында әскери борышын өтеген. БМП-2 барлау ротасының атқыш-операторы болған. Ол Ауғанстандағы соғыстан аман-есен оралды. Алайда майданнан жарақатсыз оралу ілуде бір болатын жайт. Бауыржан да осы азапты бастан өткерген. Снарядтан болған күшті жарылыс толқыны нәтижесінде оның миы шайқалған. Сондықтан әлі күнге дейін бір құлағы нашар естиді. Майданнан кейін сарбаздардың әрқайсысының жеке өмірі ел қызығарлықтай өрбіді. Әріпжан Елубаевтың қасында әрқашан өзінің адал жары Нұрила болады.

Үлгілі жанұя жақында 35 жылдық мерейтойын тойлады. Әріпжан мен Нұрила немерелерін бағып отырған өнегелі ата-әже. Атабековтер отбасы да ынтымағы мен бірлігі жарасқан мерейлі отбасылардың қатарында. Бауыржан мен оның жұбайы Фируза қазірдің өзінде тоғыз немере сүйіп отыр. Бақытты отағасы мен отанасы енді кенже ұлын үйлендіріп, тағы да балдай тәтті немерелердің қызығын көруді армандайды. Әріпжан Елубаев пен Бауыржан Атабеков ұрпақтарына бейбіт өмірді бағалауды үйретуді міндеті деп санайды. – Соғыстың сұмдығы әлі күнге есімізде. Зеңбіректер мен мылтықтың даусы құлағымыздан кетер емес. Атыс-шабыстан аулақ, бейбіт өмір сүру шын бақыт екенін біз жақсы түсінеміз.

Сондықтан қазіргі ұрпақ осы тыныштықтың қадіріне жете білсе деп тілейміз, – дейді «ауғандық» ардагерлер. Жерлестеріміз Ауғанстандағы интернационалдық борышын бірге атқарған барлық командирлері мен әріптестерінің есімдерін әлі күнге дейін ұмытпайды. Олар елге қаруластарымен байланысты үзбей араласып тұрады, жат жерде жанын қиғандарды қимастық сезіммен еске алады. Бұл жауынгерлер соғыс туралы егжей-тегжейлі сөйлескенді ұнатпайды. Бірақ олар қан майданның куәгерлері ретінде елімізді тыныштық жайлағанын, әрбір жанның амандығын тілейді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында бірге қызмет ететін жас әріптестері қос жауынгердің тілегін де, өздерін де қатты құрметтейді.

Соғысқа қатысқан, бейбіт өмірдің қадірін білетін адамдар олар үшін әрқашан ақылшы. – Барлық әскери қызметшілерімізбен бірге біз интернационалист-жауынгерлер Әріпжан Елубаев пен Бауыржан Атабековті ерекше құрметтейміз. Оларды кәсібилігі мен адами қасиеттері үшін бағалаймыз. Сұрапыл соғыс куәгерлерін үнемі жас жігіттерге үлгі етіп отырамыз. Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, барлығымен тіл табыса білген ағалар әскери бөлімнің ұжымы арасында айтарлықтай беделге ие, – деп атап өтті 63563 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Денис Скуридин. Отан алдындағы азаматтық міндетіне адал болып, әскери қызмет өткергеннен кейін де бұл сарбаздардың қызметте жүргенін жерлестері жоғары бағалайды.

Ақтоты Жаңабай 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар