Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отандық дрондар сынақтан өтті

Отандық дрондар сынақтан өтті
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Ең маңызды міндет – импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті азайтатын оқшаулаудың жоғары үлесі бар өндірістік циклді құру. Армия жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен, оның ішінде брондалған машиналармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және заманауи атыс қаруымен қамтамасыз етілуі керек», – деп атап өткен болатын.

 ҚР Қорғаныс министрлігі Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында түрлі іс-шаралар мен жобаларды қолға алған. Өткен аптада Тараз қаласындағы Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және жауынгерлік пайдалану оқу орталығында Жолдау жүктеген міндеттерді орындау мақсатында отандық өндірістегі ұшқышсыз ұшу аппараттары сынақтан өтті. Әскери басшылар отандық өнімді пайдалануды толығымен қолдайды. Біріншіден, бұл экономикалық тұрғыдан тиімді.

Екіншіден, отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейтуге мүмкіндік береді. ҚР Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшатын аппараттар жасау туралы өтінішіне еліміздің үш компаниясы жауап берген. Олардың бірі – «R&D». Аталмыш кәсіпорын еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің бір бөлігі. Сондай-ақ «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны ретінде танымал. Ал астаналық «Bet Sky» мен алматылық «Taharka Technologies» ұйымы дербес жұмыс істейді. Әскери дрондардың сапасын және олардың ҚР Қорғаныс министрлігінің техникалық талаптарына сәйкестігін бағалау үшін комиссия құрылды. Оның құрамына түрлі әскери мамандар кірді.

Комиссия жұмысын ҚР Қарулы Күштер Бас штабының ұшқышсыз ұшу аппараттарының жүйелерін әзірлеу және қолдану департаментінің офицерлері басқарды. Барлық ұшу техникасы заманауи бейнебақылау құралдарымен, датчиктермен, қашықтық өлшегіштермен және тепловизорлармен жабдықталған. Сарапшылардың назарына әртүрлі ұшу аппараттары көрсетілді. Құрылғылар арнайы резеңке жолақтың керілуімен көкке катапульта арқылы ұшты, орнынан тікұшақ сияқты тігінен көтеріліп, әуеде ұшақ сияқты қалықтады. ҚР Қарулы Күштер Бас штабы Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және оларды қолдану департаментінің офицері полковник Ержан Жақашевтың сөзіне сүйенсек, отандық өндірушілер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды қысқа мерзімде жасап шығарған.

– Олардың жұмысының нәтижесін көріп, бағалай алдық. Әрине, әлі де пысықтайтын сұрақтар бар. Дегенмен бастамасы жақсы. Біздің отандық өндірушілердің, Қазақстанның әскери-өнеркәсіп кешені өкілдерінің аз уақытта көзбен көріп, бағалауға болатын әскери дрондарды құрастырғаны мақтаныш сезімін тудырады, – деп атап өтті Е.Жақышев. Отандық өндіруші компаниялар әскерилердің барлық талаптары мен сұраныстарын ескеруге тырысты. Елімізде өндірілген ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды қару-жарақ құрамына қабылдау бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, оларды кейіннен күтіп ұстау және жаңғырту мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді.

«Taharqa Technologies» компаниясының басқарушы директоры Тайыр Балбаевтың айтуынша, отандық әскери дрондар құрастыруды қолға алған ұжымның басым бөлігін жас мамандар құрайды екен. – Біздің компанияның қанатының астына инженерлер, конструкторлар, IT мамандар жиналды. Олар қазір отандық ұшқышсыз ұшатын аппараттарды, оның ішінде ҚР Қорғаныс министрлігінің тактикалық-техникалық сипаттамаларына сәйкес жасаумен айналысуда.

Жас инженерлер міндетін сүйіспеншілікпен, үлкен қызығушылықпен, еліне деген жанашырлықпен атқарып жүргенін айтпай кетуге болмас, – деді Т.Балабаев. Ал «Bet Sky» ЖШС бас директорының орынбасары Айбек Ахыштың айтуынша, компания құрастырған дрондардың күндізгі және түнгі камералары өте тиімді екен. Сондай-ақ координаттарды анықтау функциясы, лазерлік қашықтық өлшегіш және оқ-дәрілерді тастау жүйесі де бар.

Мұндай сипаттамалар артиллерияны нысанаға бағыттауға мүмкіндік береді. А.Ахышев аталған артықшылықтарды ҚР Қарулы Күштердің мамандары жақсы бағалайды деген сенімде. Сынақтан өткізілген ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік қолдану оқу орталығының әскери қызметкерлері процесті жіті бақылап отырды. Орталық мамандарының барлығының дронды қолдануға қатысты тәжірибесі мол. Осы уақытқа дейін тек шетелдік әскери дрондарды пайдаланып келген орталық мамандары отандық өндірушілердің ұшқышсыз ұшақтарының мүмкіндігін көріп бұл жетістікке шын қуанды. Қазақстандық әскери дрондардың техникалық жарақтандырылуы да мақтауға тұрарлық.

Әрине, алғашқы сынақтардан түпкілікті қорытынды шығаруға әлі ерте. Бірақ соның арқасында компания өкілдері техникалық сипаттамаларды нақтылауға мүмкіндік алды. ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссиясы өндіруші компанияларға дрондарға өзгерту, толықтыру немесе түзету туралы ұсыныстар берді. Біраз уақыттан кейін отандық ұшқышсыз ұшу жүйелерін қайта сынау өтеді. Әскери дрондар нақты қолданысқа енген жағдайда еліміз Президенттің елдің әскери-өнеркәсіптік кешенін нығайту және отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын іс жүзінде жүзеге асыруға бір қадам жақындайды.

Ақтоты Жаңабай 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар