Келелі кездесудің мақсаты – жастардың бойында әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру, отансүйгіштікке баулу, әскери құндылықтарды насихаттай отырып азаматтық жауапкершіліктерін орнықтыру. Сондай-ақ «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстанып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу, жастардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүниежүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу де іс-шараның негізгі бағыттарының бірі.
Жиынға облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, Ауған соғысының ардагерлері Дүкенбай Ермеков, Нұрғали Естайбеков, Рахымжан Малыбаев қатысты. Ардагерлер өз сөздерінде Ауған соғысының тарихы, Ауған стан территориясында жүргізілген әскери операциялар мен оқиғалар туралы баяндап өтті.
Олар өмірлерінің өлшеулі бір бөлшегін, жауқазын жастық шақтарының үлесін оқ пен оттың арасында өткізген күндері туралы колледж студенттерімен ой бөлісіп, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды. Облыстың Құрметті азаматы Дүкенбай Ермеков болса, қазақстандық жауынгерлердің өшпес ерліктері ұрпаққа ұран екендігін баса айтты. – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады.
Майданға 22 мың қазақстандық қатысты. Оның ішінде елге аман-есен оралғаны бар, жат жерден мәңгі орын тепкендері қаншама. Облыстағы «ауғандықтар» бүгінде бірқатар әскери бөлімдер мен мектептерге барып, жастармен жиі кездесу өткізіп жүр. Соғысты көзімен көрген «ауғандықтар» жастарға ақылын айтып, бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырып келеді, – Д.Ермеков.
Сондай-ақ соғыс куәгерлері болашақ ұрпаққа ондай нәубетті жылдар қайталанбасын деген ниетпен жастарға ақ батасын берді. Өз кезегінде жастар да кеш қонақтарына өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, ойларымен бөлісті. Кездесудің соңы айтыскер ақын Берекет Қосбергеннің арнауымен аяқталды.
Мадина Ахтанова, Тараз қаласы