Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста өнеркәсіп саласында 859 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда өткен жылы 847,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Облыстың өнеркәсіп құрылымында 71,2 пайызбен өңдеу өнеркәсібі басымдыққа ие болса, тау-кен өндірісі – 12,6 пайыз, электрмен жабдықтау 15,5 пайыз үлесті алып отыр. – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырған еліміздің жалпы ішкі өнімін жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуін қамтамасыз ету үшін салада біршама қарқынды жұмыстар атқаруымыз қажет. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану арқылы жаңа өндіріс орындарын ашуда инвестиция тартуды одан ары жандандыру міндеті тұр.
Жалпы 2027 жылға дейін құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жоба іске қосылып, 6 362 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр, – деген Аспандияр Мұраталыұлы облысымызда іске асатын барлық инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ бос немесе игерілмей жатқан кен орындарын заманауи, озық технологияларды енгізе отырып өнімдер шығаруға ниетті компанияларға ұсыну бойынша жұмыстар одан әрі жалғасын табатынын мәлім етті. – Өздеріңізге белгілі, облысымыздағы жұмыс істеп тұрған ірі зауыттарымыздың көпшілігінде орнатылған жабдықтар ескірген. Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай кәсіпорындардың жұмысына қатаң бақылау жасап, бұл өндірістердің техникалық жағдайына, ондағы еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелеріне назар аудару қажеттігін айтты.
Сондықтан біз осындай өндірістерге кешенді жаңғырту, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында инвестиция тартуды ұйымдастыруымыз қажет. Жалпы қолданыстағы өнеркәсіп өндірістерін кеңейту, жаңа өнімдер шығарып, импортқа тәуелділікті төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мысалға алсақ, Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» серіктестігі алдағы уақытта цемент өндірісінің көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыру үшін 8 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Тараз қаласындағы «Жамбылгипс» акционерлік қоғамы құрғақ қоспалар өндірісін 80 мың тоннадан 110 мың тоннаға дейін және гипсокартон өндірісін жылына 2 миллион текше метрден 3 миллион текше метрге дейін ұлғайтуға 200 миллион теңге инвестиция салатын болады. Сол сияқты облысымыздағы «Қазфосфат», «ҚазИрАгро», «Talas Investment Company», «Super Pharm», «Амир и Д» сияқты кәсіпорындарда да қуаттылықтарын арттырып, облыстың ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге отандық өнімдерді өткеру қолға алынуда, – деді Аспандияр Мұраталыұлы.
Мұнан соң сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев өңірдің тауар өндірушілерін қолдау бағытындағы палатаның жұмысы мен қызметіне тоқталды. Палата жиһаз саласының отандық тауар өндірушілерді және құрылыс материалдарын өндірушілерді «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатыстыру мақсатында сүйемелдеу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын айтты. – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді сапалы жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды.
Осы комиссия мүшелерінің тиісті кәсіпорындарды зерделеуінің нәтижесінде және жергілікті жиһаз кәсіпорындарының ұсынған эскиздері негізінде «NUR-AI» ЖШС, «Mebius» ЖК, «Алдони» ЖШС ұсынылды. Жақын арада палатаның салалық өнеркәсіп кеңесі шеңберінде «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының өкілімен «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру шеңберінде жиһаз жеткізуге шарттар жасасу бойынша кездесу жоспарлануда, – деді палата директоры.
А.Орынбасарқызы