Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәжік этносы өкілдерімен өткен кездесу

Тәжік этносы өкілдерімен өткен кездесу
Ашық дереккөз
Тараз қаласындағы Достық үйінде «Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі өкілдері ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Маханмен және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ақбаржон Исмаиловпен кездесті.

 Тәжік этносының жергілікті өкілдері қонақтарды этномузыкамен және арнайы мәдени бағдарламамен қарсы алды. Оларға тұрмыстық заттар, тәжік этносының музыкалық аспаптары және жәдігерлері кіретін арнайы көрме-экспозиция ұсынылды. Жиын этносаралық қатынастардың тұрақтылығы және өңірдегі тәжік этносының ахуалын бағдарлау тұрғысында ұйымдастырылды. Ғалымжан Махан тәжік этномәдени бірлестіктерінің құрылу тарихының түпқазығынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.

Спикер ҚХА жұмысы, құрылымдардың жүйелі жұмысының маңыздылығы, жастар арасынан жаңа көшбасшылар құрудың, әйелдерді белсенді қоғамдық өмірге тартудың өзектілігін, бірлестік өкілдеріне мемлекеттік тілді үйренуге де зор мән беру керектігін және мемлекет тарапынан бұл іс-қимылдарды жүзеге асыруға қажетті барлық мүмкіндіктер жасалғандығын тілге тиек етті. Өз сөзінде этносаралық бағыттағы көптеген маңызды мәселеге шолу жасай келе, тәжік мәдениетінде алдыңғы орынға ие қолөнер көрмелері мен музыкалық шығармашылықтарын республикалық деңгейге дейін көтеру мәселесіне аса мән беруді айтып өтті.

Сондай-ақ Ақбаржон Исмаилов өзге этностардың қасиетті Қазақстан жерінде туып-өскендіктен және Қазақ елі оларға салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытуға, сақтауға зор мүмкіндіктер жасап отырғандықтан мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуге және мәдениеті мен тарихын білуге ерекше ықылас қою керектігін баса айтты. – Мұндай мүмкіндіктер этностарға тек Қазақстанда ғана жасалған, осының қадірін білу керек. Қазіргі кезде тәжік бірлестіктерінің өкілдері қазақ тілін өте жетік меңгерген, 100 пайызға біледі десем де артық болмайды. Жалпы республика бойынша 11 этномәдени бірлестік филиалдары бар, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады, – деді А.Исмаилов.

Бұған қоса Тараз қалалық «Өзбек» мәдени орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов тәжік этносының тарихына көз жүгіртіп, тәжік және өзбек этностарының өзара тығыз байланысы мен жақындығы туралы баяндап берді. Сонымен бірге бірлестік төрағасы Махкам Орифов орталық атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады. Шара соңында қоғамдық-мәдени жұмыстарға атсалысқан тәжік этносы өкілдері мен жастары ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісі, ҚХА Төрағасының орынбасары Алмас Әзілхановтың Алғыс хаттарымен марапатталды.

«Қоғамдық келісім» мекемесінің

ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар