Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Күтінген адамға кесел жоламайды

Күтінген адамға кесел жоламайды
ашық дереккөз
Күтінген адамға кесел жоламайды
Адамның денсаулығын жақсартуға, тіпті ұзақ ғұмыр кешуіне қазіргі заманғы медицинада мүмкіндік көп. Әйтсе де бүгінде орда бұзар отыздағы жігіттердің бойынан қайраты сарқылып, белінен күш кетуі жиілеп барады. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Медицина ғылымының бір саласы урология дейтін болсақ, бүгінде ер адамдардың жеке дәрігер қажет ететіндей жағдайға жетуіне не себеп болды? Ер-азаматтардың денсаулығында мін болмауы үшін не істемек керек? Бұрынғы ата-бабаларымыздың егде тартқанша бойынан күш-қуаты сарқылмауының сыры неде? Біз осы сауалдардың жауабына жоғары санатты уролог-дәрігер Жолдасбек Кемелбекұлымен аз-кем әңгімелесу барысында қанықтық. – Жолдасбек Кемелбекұлы, әңгімені бірден осы күні замандастарымыздың еркектік қабілетінен ерте айырылып қалуына не себеп болатынынан бастасақ. Арамызда әлсіз жастардың қарасы көбейіп жатқанының сыры неде? – Рас, уролог ретінде бізге денсаулығына байланысты арыз-шағым айтып келіп жататын жастардың қарасы жетерлік. Одан бөлек, кейбір жас отбасыларда жаңа түскен келіннің бала көтеру кезеңі кешігіп жатады. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді қазақ. Қай нәрсенің болмасын алдын алу деген бар. Кез келген сырқатты ерте сатысында анықтаса, оны емдеудің де жолы оңай болады. Сол үшін әрбір ер азамат өзін денсаулығы жағынан жақсы сезінсе де дәрігерлік тексерістен жылына кемі бір мәрте өтіп тұруы тиіс. Сонда аһ ұрып, сан соғуға жол берілмейді. Негізінде еркектік қабілеттің әлсіреуі бозбалалардың өзін-өзі күтінбеуінен болады. Сонымен қатар талғам болмаса киер киім мен ішер астың да денсаулыққа тигізер кері әсері бар. Мәселен, сымбаттылық үшін жастардың қыстың күні красовкамен жүретіндігі, темекі тартып, спирттік ішімдік немесе энергетикалық сусын тұтынуы адам ағзасы үшін аса зиян. Осы күні ел аузынан «Горилла ішіп маймыл болғанша, қымыз ішіп айғыр бол» дегенді естіп жүрміз. Бұл бір қарағанда ұлттық сусынның жарнамасы секілді көрінгенімен, оның түпкі астарында тәп-тәуір мән жатыр. Жастар осыдан сабақ алса игі. Бұрын ата-бабамыз етігінің ішіне ұлтарақты бекерге қалыңдап салмаған. «Сұлуынан жылуы» деген сөз текке айтылмаған. Одан бөлек, «Ноги в тепле держать» деген орыста да сөз бар. Тегінде қазақ аттан түспеген халық. Әсіресе атқа жайдақ міну ер азамат үшін өте пайдалы. Бүгінгі таңда кез келген адамға жылқыға жайдақ мінуге мүмкіндік бола бермейді. Әсіресе қалалық жерлерде бұл орындала бермейтін жайт. – Урологиялық аурулардың алдын алатын қандай қарапайым қағидаларды ұсынар едіңіз? – Алдын алу дегеніміз – жоғарыда мен айтқандай денсаулық жағдайы мазаласа да, мазаламаса да урологқа көріну. Мүмкіндігінше жылқыға көбірек жайдақ мініп, қымыз ішіп, кешегі Сексенбай, Тоқсанбайлардың дүниеге келуіне себепкер болған көпті көргендердің қарапайым қағидасын ұстану. Жасы үлкендер «Ауру астан» келетінін жастарға ұғындыруы керек. Қазір әр аулада жазғы футбол алаңшалары бар. Сол жерде бір мезгіл доп теуіп, тер шығарған адамнан, жалпы спорт қуған адамнан ауру аулақ жүретінін түсінуіміз керек. Көлікте көп отырып, қимылды азайту да біз сөз етіп отырған дертке бірден-бір себеп болатын фактор. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ», жастардың некесіз, бейберекет жыныстық қатынасқа баруы да қауіпті мәселе. Сондай-ақ сүр бойдақ болып ұзақ жүріп қалу дұрыс емес. Жас жеткіншектердің үйлену жасы ұзарып бара жатыр. Қысқасы, менің ақылым – қыста жылы жүру, арам ас саналатын ішімдікке жоламау, спортпен айналысу. Қарап отырсақ, тым күрделі ештеңе жоқ. – Бедеулік қамытын киіп, ауырып қалмас үшін қарапайым қағидаларды сіз айтқан кеңес бойынша әркім өз алдына жасай жатар. Сіздердің алдарыңызға барып емделіп, рақмет айтып жатқандар бар ма? – Сұрағыңыз орынды. Біз осындай қажеттіліктерден кейін «Kemel kilinic» деген урология орталығын аштық. Мақсат – қазақ жастары осындай ауруға шалдыққан жағдайда көмек қолын созу. Мекеме заманауи жабдықтармен, керек-жарақ, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Ең маңыздысы – ем-шара процесіне қолжетімді баға қойғанбыз. Мекенжайымыз – әлеуметтік желідегі «Instagram» парақшамызда көрсетілген. Науқастың үмітін ояту, қуандыру басты назарда. Жалпы, емделіп, көз қуаныштарын жасырмай, мерейі тасып шығып жатқан адамдар баршылық. – Бәрекелді! «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халық даналығы. Дәрігерге уақтылы көрінбей, өз денсаулығына немқұрайды қарау бізге ғана тән бе? – «Еврей дәрігерге қаралуға барады, орыс емделуге барады, қазақ өлетін кезде барады» деген қалжың сөздің астарында шындық бар. Бұл ұяты жоқ ауру. Сондықтан дәрігермен тілдесу барысында науқас мейлінше ашық болу керек. Барлығын жасырмай жағдаятты айтқаннан кейін, анамнез аламыз. Диагноз қойылғаннан кейін ем-шараны бастаймыз. Жастарға мотивация – жігерлендіру болсын. Қазір медицина дамыған заман. Қорқуға ешқандай негіз жоқ. «Демі бардың, емі бар». Ең маңыздысы – саламатты өмір салтын ұстану. Жастардың материалдық жағдайына қарамай, мейлінше ерте отау тігуіне қоғам болып жағдай жасауымыз керек. Бойдақтарға қарағанда ерте бас құрағандардың арасында бұл ауру өте сирек кездеседі. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мақсат БЕГІЛДА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар