Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақтың тұңғыш дәрігер қыздары: Гүлсім Асфендиярова мен Зейнеп Әбдірахманова туралы не білеміз?

Қазақтың тұңғыш дәрігер қыздары: Гүлсім Асфендиярова мен Зейнеп Әбдірахманова туралы не білеміз?
ашық дереккөз
Қазақтың тұңғыш дәрігер қыздары: Гүлсім Асфендиярова мен Зейнеп Әбдірахманова туралы не білеміз?
Қазақтың алғашқы жоғары білімді, зиялы азаматтары саусақпен санарлық болғаны белгілі. Қиын да қилы патша заманының өзінде білім алуға талпынып, қатар жатқан Ресейдің университеттеріне түсіп, жоғары білім алып, елі мен туған жеріне оралып, ұлтының болашағына алаңдаған, ерен еңбегімен ел есінде қалған небір қазақ білімділерін бүгіндері толқи отырып еске аламыз (Б.Құлманов, А.Теміров, Б.Қаратаев, Б.Сырттанов, С.Лапин, Ә.Ниязов, Д.Сұлтанғазин, Ж.Ақпаев, А.Тұрлыбаев, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин, Ж.Досмұхамедұлы, А.Бірімжанов, С.Жанайдаров, М.Шоқай, Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, Ж.Ізбасаров, О.Базанов, У.Танашев, С.Аманжолов, Д.Кусенғалиев, Ә.Көтібаров, Н.Ипмағамбетов және басқалар). Қазақ қыздары арасынан алғашқы жоғары білімді ұстаз-педагог, журналист Назипа Құлжанова (1887-1934 жыл), дәрігерлер Гүлсім Асфендиярова (1880-1941 жылдар), Зейнеп Абдрахманова-Тамбиева (1881-1969 жыл), Елизавета Бөкейханова (1903-1971 жыл), Аққағаз Досжанова (1893-1932 жыл), Мубина Ниязова (1895-1981 жыл) және т.б. болды. Олардың басым көпшілігінің есімдері ел-жұртқа жақын таныс емес, деректер жеткіліксіз. Мысалы, соңғы кезге дейін тарихшылыр алғашқы қазақ қыздарынан шыққан дәрігер Аққағаз Досжанова деп келді. Ал шындығында жоғары білімді алғашқы қазақ қыздары Гүлсім Асфендиярова мен Зейнеп Абдрахманова болатын. Бірақ олар туралы мәліметтер жоқтың қасы. Енді қазақтың алғашқы дәрігер қыздары Гүлсім Сейітжапарқызы Асфендиярова және Зейнеп Әбдірахманова жайлы мәлімет беріп өтелік. Гүлсім Сейітжапарқызы Асфендиярова (1880-1941 жыл) – қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы дәрігерлерінің бірі. Ол 1880 жылы 12 қарашада бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы – Ташкентте, қазақ хандарының тікелей ұрпағы Сейітжапар (Жафар, Жағыпар) Асфендиярұлы мен Гуляндам Қасымованың (Әбілхайыр ханның немересі) отбасында дүниеге келген. Гүлсім, Санжар және басқа іні-сіңлілері – Әбілқайыр ханның ұрпағы. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы Түркістан губернаторы кеңсесінде əскери аудармашы қызметін атқарып, XIX ғасырдың 90-шы жылдары Ташкентке icсапармен алыс-жақын елдерден келген елшілерді қабылдау, орналастыру сияқты дипломатиялық істермен айналысып, Түркістан өлкесінің түpкi-мұсылман халықтары үшін жоғары əскери атақ болып саналған – полковник шеніне ие болған азамат (жасына байланысты 1916 жылы генерал-майор шенінде зейнетке шыққан). Сауатты, көзі ашық Сейітжапар Асфендиярұлы өз балаларын оқытуға, тиянақты білім беруге тырысқан. Екі қызы Гүлсім мен Аннель – Ташкент қыздар гимназиясында, төрт ұлы Ташкент реалды училищесінде білім алған. Шамамен 1892-93 жылдары әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы Гүлсімді Ташкент қыздар гимназиясына оқуға береді. Жергілікті халыққа, әсіресе оның кедей әрі тұрмысы нашар бөлігіне медициналық көмектің тиісті дәрежеде немесе уақытында көрсетілмеуі салдарынан өлім-жітімнің көбеюіне куә болған Гүлсім Ташкент қыздар гимназиясында оқып жүрген жылдары-ақ медициналық білім алуды алдына мақсат етіп қояды. Гүлсім Асфендиярова Петербордағы Қыздар медициналық институтына 1900 жылы түсіп, онда 8 жыл оқиды. 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы тұсында Қыздар медициналық институты Петербордың өзге жоғары оқу орындары сияқты уақытша қызмет етуін тоқтатуға мәжбүр болып, осы себептен Гүлсім институтта тиісті 7 жылдың орнына 8 жыл оқып шықты. Гүлсім білім алған Петербор Қыздар медициналық институты (қазіргі академик И.П.Павлов атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік медициналық университеті) патша жарлығымен Петропавл ауруханасының негізінде 1897 жылы 15 қазанда ашылып, тек Ресейде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропада медицина саласы үшін әйел дәрігерлерді, фармацевтерді және кіші медицина қызметкерлерін даярлаумен айналысатын тұңғыш оқу орны болды. Гүлсім 1908 жылы дәрігер мамандығын алып, сол жылдың 5 маусымында әскери-медициналық ведомствосының №86 бұйрығына сәйкес Гүлсім Асфендиярова Шымкент уезінің Темірлан ауылдық-дәрігерлік учаскесіне жіберіліп, Сырдария облысының учаскелік дәрігері ретінде қызметке тағайындалады. Ол кезде қазіргідей емес, дәрігерлік өте ауыр қызмет болғаны белгілі. Әсіресе дәрігер, фельдшер қыз-келіншектерге тіптен ауыр еді. Аймақтағы жұқпалы аурулардың таралуы, балалар дертінің жиілеуі, өлімнің көптігі Гүлсімді одан әрі ширата түскен болатын. Жас дәрігер Г.Асфендиярова жұртты тазалық, денсаулық сақтауға шақырып, ел ризашылығы мен ықыласына бөленді. Темірлан дәрігерлік учаскесінде 4 жылдан аса уақыт еңбек етіп, әскери-санитарлық ведомствоның 1912 жылы 15 қазанында шыққан бұйрығына сәйкес, Ферғана облысы, Наманган уезінің, Пап ауылдық-дәрігерлік учаскесіне учаскелік-дәрігер қызметіне ауыстырылады. Бұл уақытта Хиуа хандығында Асфендияр ханның уәзірі Сейіт-Ислам Қожаның ерік танытуымен халыққа медициналық көмек ұйымдастыру шаралары қолға алынып, мемлекеттік қазынадан 100 мың сом қаржы бөлінеді. Осы қаржының есебінен 1911 жылы Хиуа шаһарының ескі бөлігінде 100 орындық аурухананың құрылысы басталып, Гүлсім біраз жыл сол ауруханада қызмет атқарады. Кейінірек Ташкентке ауысып, дәрігер-гинеколог мамандығы бойынша еңбек етті. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі саяси билікті өз қолына алған большевиктер билігі тұсында да білікті маман Гүлсім Асфендиярова дәрігерлік және оқытушылық қызметтерін атқаруды одан ары жалғастырды. 1913 жылдан бері Г.Асфендиярова басқарып келген Ташкент қаласындағы 30 орындық акушерлік-гинекологиялық ауруханада және оның жанындағы амбулаторияда 1920 жылы медициналық бөлімде 31 адам, ал шаруашылық бөлімде 15 адам қызмет етті. Сол жылы мамырда Тұрар Рысқұлов басқарған Түркістан өлкелік Мұсылман бюросы Ташкент бөлімінің өтініш білдіруімен Гүлсім Асфендиярова перзентхана жанынан жергілікті ұлт әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік етуді қолына алады. Сөйтіп дәрігерлігімен қоса медбикелер дайындау ісіне де атсалысады. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Гүлсім Сейітжапарқызы Асфендиярова 1941 жылы өмірден озып, Ташкентте жерленген. Өкініштісі, оның қабірі қай жерде екені осы күнге дейін беймәлім болып отыр. Қолда бар архивтік деректер де тым мардымсыз. Петерборда жоғары медициналық білім алған Гүлсім Асфендиярованы бүгінде қазақтың тұңғыш дәрігер қызы деп құрметтейді. Алайда Гүлсіммен қатар оқыған, медицина саласының дамуына ерен үлес қосқан Зейнеп туралы мәлімет жоқтың қасы. Мүмкіншілік тауып Ташкент шаһарындағы архивтерден тың мәліметтер жинасақ, оның өмір жолы мен еңбегі жайлы деректі фильм түсірсек артық болмас еді. Зобалаң заманның қиындығына қарамай өзінің алған мамандығы – дәрігерлікке адал болып, бүкіл саналы өмірін халық денсаулығын сақтауға арнаған Гүлсім Сейітжапарқызының есімі ұмытылмау керек. Бұл – біздің тарихшыларымыздың алдындағы үлкен міндет. Гүлсім Сейітжапарқызы туралы айта отырып, оның інісі Санжар Асфендияров (1889-1938 жыл) туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол – қазақтың алғашқы жоғары білімді зиялы азаматтарының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды ғалым-тарихшы, медицина профессоры, ұлағатты педагог. Гүлсім Асфендияровамен бірге Санкт-Петербургте жоғары медициналық білім алған, онымен қатар оқыған құрбысы, медицина саласының дамуына ерен үлес қосқан Зейнеп Әбдірахманова туралы мәлімет жоқтың қасы. Неге? Зейнеп институтты бітіргеннен кейін Түркістан аймағында (қазіргі Ош қаласы маңында) екі жылға жуық дәрігер болып қызмет істеп, Бакудегі сіңлісі Хадишаның ұсынысымен Әзірбайжан еліне кеткен. Кейінгі барлық өмірі сол сырт жерде өтті. «1909 жылы Бакуде Паго Тамбиев отставкадағы подполковник Садық Әбдірахмановтың қызы Зейнеп Садыққызымен танысты. Зейнеп оқу орнын аяқтаған соң алыстағы Ферғана облысының Ош қаласында бірнеше жыл жұмыс істеді. Пагоның Зейнепке жазған хаттарынан жылылық пен мейірім есіп тұратын. Ол Зейнепке өзінің жүрек түпкіріне жасырған ойлары мен сырларын бөлісетін. Ол Зейнеп ханымның бойынан тамаша кеңесші һәм көмекшіні көрді. Сөйтіп екеуі 1912 жылы үйленіп, көңіл жарастырды. Паго Тамбиев хатында Зейнеп жайлы былай дейді: «Менің үмітім де, тірегім де – өзіңізсіз. Сіз жанымда болсаңыз, ешқандай кедергіден қорықпаймын». Шынында Зейнеп жарының Қабарды халқын сауаттандыруға бағытталған барлық жұмысына қолдау білдіріп, қайраткерлік қырын танытуына, ойлары мен талпыныстарының іске асуына бар мүмкіндік жасады» (Серікбол Хасан).

Паго Тамбиев және Зейнеп Әбдірахманова

Зейнеп 1912 жылы Баку қаласы маңында дәрігер болып қызмет етті. Ақпан төңкерісінен кейін, 1917 жылдың көктемінде Тамбиевтер Тверь облысының Нальчик қаласына қоныс ауыстырды. Мұнда Зейнеп Садыққызы Қабардының белгілі дәрігерлері Б.Шогенов (1875-1928 жыл) және И.Шаковпен бірге Қабарды коғамдық ауруханасында қызмет етті. 1920 жылы Қабарды-Балқарда совет билігі орнағаннан кейін, жергілікті әскери лазарет жабылды. Сөйтіп Зейнеп Тамбиева округ (кейін облыстық) ауруханасының әйелдер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Балқардың белгілі дәрігері И.Абаев (1888-1930 жыл) және басқа да әріптестерімен бірге қалалық денсаулық сақтау ұйымын құрушылардың және эпидемияға қарсы күрес жүргізгендердің бірі болды. «Зейнеп Садыққызы Қабарды-Балқардағы тұңғыш әйел және мұсылман дәрігер еді. Ол татар тілін жетік білетін, балқарлармен еркін сөйлесетін. Оны әсіресе ер-азаматтарға қаралудан бас тартқан науқас әйелдер қатты құрметтеді. Олар өздерін мазалаған дертін әйел дәрігерге ашық айтып, жазылудан үміт етті. Зейнеп оларға мейірімі мен қолдауын аямады», деп жазады Тахуз Ахмадов. Әзірбайжан КСР құрылғаннан кейін, 1923 жылы Паго Тамбиев Бакуге оралады. Зейнеп Әбдірахманова Бакудегі қалалық емханалардың біріне қызметке орналасты. 1927 жылдың 12 маусымында Паго Тамбиевтің үстінен жала жабылып, абақтыға қамалып, тергеуге алынды. Алдымен Махачкала, кейін Ростов-на-Дону түрмелерінде ұзақ уақыт тергеуде болды. Зейнепке жазған соңғы хаттарының бірінде: «Қадірлі Зейнеп! Бәрін алдым... Денсаулығым маңызды емес. Дерт меңдеп алды. Дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Бірақ қан түкіріп тоқтар емеспін. Дәрігерлер бұдан қорқатын ештеңе жоқ дейді. Тезірек өзіңмен жүздескім келеді. Алаңдаудың қажеті жоқ. Өзіңнің П.Тамбиевің». Осы хатында ол Зейнепке екі қызына тәрбие бергені үшін ризалығын білдірген. Соған қарағанда өлетінін, сірә, білген болуы керек. Қабарды жұртының қайраткер ұлы Паго Тамбиев 1928 жылдың 13 наурызында осы Ростов-на-Дону түрмесінде көз жұмды. Жарынан жесір қалған Зейнеп тағдыр тауқыметін аз тартпады. Күйеуі «халық жауы» болғаны үшін Зейнепті медициналық мекемелерге жақындатпады. Сөйтіп ол қара жұмыс істеп, күн көрді. Ол аздай 1932 жылы кіші қызы Ләйла дүние салды. Арада он жыл өткенде ғана 1936 жылы емханада қызмет етуге рұқсат алды. Сөйтіп осы жылдың наурызында Зейнеп Садыққызы Бакудегі №3 қалалық емханаға дәрігер-гинеколог болып жұмысқа тұрды. 1957 жылы осы жерден зейнетке шығып, Мәскеуде тұратын үлкен қызы Сағадаттың қолына көшіп барды. Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер қыздарының бірі, өмірі қым-қиғаш тартысты кезеңге толы Зейнеп Әбдірахманова 1969 жылдың 14 қарашасында Мәскеуде дүниеден өтті. «Ол өмірінің жарты ғасырын денсаулық сақтау саласына арнады. Түркістан аймағы, Қабарды-Балқар, Әзірбайжанның медицинасын дамытуға біркісідей үлес қосты. Қай жерде қызмет етсе де жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді, өзінің жиған білімі мен тәжірибесін халықтың денсаулығын нығайтуға жұмсады», деп жазады Серікбол Хасан өз мәліметтерінде. Міне, қазақтың тұңғыш жоғары білімді дәрігер қыздары Гүлсім Асфендиярова мен оның әріптес құрбысы дәрігер Зейнеп Әбдірахманова жайлы там-тұмдап жинаған деректер осындай болды. Өмірдің заңы қатал. Бұл дүниеден кімдер өтпеген. Біреулердің өмірге келгені де, кеткені де білінбей із-түссіз кетеді. Ал біреулердің орны бөлек. Теңіздің асау толқынындай аласұрған тағдырдың қиындығына төтеп беріп, халық денсаулығын сақтауға барынша үлес қосқан қазақтың алғашқы дәрігер қыздарының есімдерін бүгінгі ұрпақ біліп өсуі керек. «Өткенді ескерген – өскендіктің белгісі», деп бабаларымыз тектен-тек айтпаса керек-ті. Ендеше, елім деп, халқым деп зымырандай зулаған уақытпен санаспай қиындығы мол кезеңде тер төге, аянбай еңбек еткен дәрігер қыздарымыздың рухы шат болсын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар