Білім сапасын арттыру – ортақ міндет
Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық мәселесі туралы айтылып жүргеніне біраз болды. Тіпті Мемлекет басшысы өз Жолдауларының бірінде: «Негізгі мәселе – ауылды жердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы» деп атап көрсеткен болатын. Одан кейін не өзгерді?
Мемлекет тарапынан «Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сынды білім беру саласын дамытуға арналған бірқатар жобалар қарқыны артты. Білім саласын дамыту қашан да билік назарында. Өйткені білімсіз болашақ жоқ. Оның үстіне бәсекеге қабілеттілікті талап ететін дәуірде білім басты қаруға айналып отыр. Десе де мемлекет тарапынан қолға алынған жобалардың әрі қарай жандануы педагог кадрдардың біліктілігі мен талпынысына да байланысты екендігін ескерген абзал.
2020 жылғы мәліметтерге сәйкес, елімізде барлығы 2 мыңнан астам ауылдық округ пен 6,6 мыңға жуық ауыл, ауылды жерде 5 338 орта білім беретін білім ошағы бар. Солардың бірі – Меркі ауданы Қазақ-Дихан ауылындағы №33 жалпы орта білім беретін мектеп. Аталмыш білім мекемесі 2019 жылдың қыркүйек айында ашылып, ауыл тұрғындары қуанышқа кенелген болатын. Өйткені ол уақытқа дейін төрт сыныптық қана мектебі бар ауылдың балалары көрші ауылға қатынап оқитын. Бұл бір жағынан ата-аналар тарапынан балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызса, екінші жағынан ауыл балаларының сабақтан тыс бос уақыттарын тиімді өткізуде қолайсыздықтар туғызатын. Сол себепті жалпы сыйымдылығы 120 оқушыны қамтитын су жаңа білім ұясының 2019 жылы ашылуы көңіл қуантты.
Мүмкіндіктер есігі ашылса, міндетті түрде нәтиже болуы айнымас заңдылық. Ашылған күннен бастап, үш жылға жуық уақыт ішінде №33 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары біршама жетістіктерімен қуантып үлгерді. Олардың бірқатары қашықтықтан ұйымдастырылған аудандық, облыстық олимпиадаларда топ жарып жүр. Атап айтсақ, 11-сынып оқушысы Мәншүк Келесқызы химия пәнінен аудан олимпиадасының III орын иегері, Жардам Бекболат алгебра пәнінен III орын, сонымен қатар 5-сынып оқушысы Тұрсын Олжас Елбасының «Мың бала» ауыл мектептеріне арналған олипиадасында облыс көлемінде жүлдегері атанды. Сондай-ақ 5-7-сынып оқушыларынан құрылған КВН құрама командасы облыстан жүлделі III орынға ие болды. Сонымен бірге мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін волейбол, тоғызқұмалақ, домбыра, би үйірмелері жұмыс істейді. Одан бөлек, 9-10-сынып оқушыларынан құралған жасөспірімдердің көкпар командасы сабақтан тыс уақыттарда ат спортының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Мәселен, соңғы бір жыл ішінде аудан көлемінде ұлттық спортты дамыту мақсатында көкпардан 6 іс-шара өтсе, соның төртеуінде оқушыларымыз чемпион болды.
2019 жылы дәл осы мектеппен бірге менің де мұғалімдік жолдағы тұсауым кесілді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі ұстаздарым берген бар білімді қарапайым ауылдағы шағын мектепте балалардың болашағына жұмсау – мен үшін үлкен мәртебе. Себебі туған жердің тұғырын биіктетіп, туын көкке көтеру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. «Әр бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет», деп Жүсіп Баласағұн айтқандай бала болмысы тумасынан түрлі қабілеттерге толы. Оны ашып, болашағына бағдар көрсету – педагогтердің білім беру процесіндегі басты міндеттері деп есептеймін. Сол себепті ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту мемлекет қамтамасыз еткен мүмкіндіктермен қатар мұғалім бойындағы мамандыққа деген махаббатпен үлкен мазмұнға ие болады деген пікірдемін.
Ғани АБЫЛАЙ, Қазақ-Дихан ауылдық №33 жалпы орта білім беретін мектептің география пәнінің мұғалімі, Меркі ауданы
Келесі мақала