Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ұшталған қалам»

«Ұшталған қалам»
ашық дереккөз
«Ұшталған қалам»
Кеше Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында жазушы, журналист Қамар Қарасаеваның «Ұшталған қалам» тақырыбында бенефис-кеші мен брайль қарпінде жарық көрген «Тәтті мұң» атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараны облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – ақын-жазушылардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі ету, оларды әрқашан ардақтау, игі шараларға оқырмандарды көптеп тарту. Сонымен қатар жазушылардың шығармаларын ұлықтау, тағылымға толы еңбек жолын жас толқынға таныстыру. Атаулы іс-шараға облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Үмітбала Ибраимова және журналист әріптестері қатысты. Жиын барысында Қамар Қарасаева оқырман сұранысы бойынша өзінің балалық шағымен, еңбек жолындағы ізденістерімен, алдағы жоспарларымен бөлісіп, шығармалары бойынша оқиға желісіндегі кейіпкерлері турасында түрлі сұрақтарға жауап берді. Бұл жинаққа жазушының оншақты өлеңі мен бірқатар әңгімесі және «Айнымас болмыс» тақырыбындағы повесі енген. Шығармаларының тақырыбына әлеуметтік мәселелерді арқау етіпті. Түрлі бұралаң тағдырлар суреттелген туындыларының бәрінде де автор оқырманға салмақты ой салуды көздейді. Сондықтан кітабының атын «Тәтті мұң» деп атағанын айтады. Кеште «Асыл Арман» студиясының өнерпаздары «Бақыт деген» әнін шырқаса, бишілер мың бұрала би биледі. Қаламгердің өнерін қолдау мақсатында Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияның оқушылары өлең жолдарын оқыды. Жазушыға қатысты ойын форматында сұрақтар қойылып, оқырмандарға Қамар Рахметуллақызы жаңа қырымен танылды. Жаңа кітаптың тұсаукесерінде «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали сөз сөйлеп, Қамардың журналистік, қаламгерлік мөлдір қырларына, ерекшеліктеріне, еңбекқорлығына тоқталып, аталған кітапхана директоры Жанна Алшынбаева кітаптың тұсауын кесті. Айта кету керек, кітапты брайль қарпіне кітапхана кітапханашысы Ербол Бегімов аударған. Жиын соңында Қамар Қарасаева тұсаукесерге жиналған барша көпшілікке, өзіне қолдау білдірген азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, алдағы уақытта да әдебиет әлеміндегі жауапкершілігін сезініп, көпшілікке ой салатын жаңа дүниелер жазуға күш сала беретінін айтты.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар