Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақ ауылынан – қазақ сахнасына...

Қазақ ауылынан – қазақ сахнасына...
ашық дереккөз
Қазақ ауылынан – қазақ сахнасына...
Өткен ғасырдың 85-жылдары театрға Алматыдағы «Т.Жүргенов атындағы академияның алғашқы түлегіміз» деп алабұртып келген, бүгінде аға буынның белгілі де беделді өкілдерінің бірі деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Халықаралық Айтматов клубы» қауымдастығының «Адабият, көркөм өнер, маданият жана илим» тармағындағы халықаралық сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жүніс Әлімбековті айтуға болады. «Кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ» дегендей, ол бар саналы ғұмырында А.Тоқпанов театрының сахнасында өнер көрсетіп келеді. Меркі мен Тараздың арасын жалғап жатқан қара жолдың бойында Қазақ деген ауыл бар. Бұл ауылды Қазақстанда білмейтін жан кемде-кем шығар. Олай дейтінім, ауылдың «Қазақ» деп аталғанына 150 жылдай болыпты. Бұл ауылдың осылай аталатынын бірінші рет 1968 жылы Қордайдан оқу іздеп Шымкентке баратын «Икарус» деген автобуспен келе жатқанда көрдім. Ұмытпасам, осы ауылдың тұсына келгенде бір апа «Қазақтан түсем, Қазақтан түсем...» деп айқайлап, автобусты тоқтатып түсіп қалды. Сонда жол шетіндегі бағанда тұрған «Қазақ» деген жазуды оқып таңғалғам. Таңғалатыным, өскен ауылым – Ново-Александровка, оқыған мектебім Зоя Космедемянскаяның атында. Кейін онжылдықты бітірген ауылдағы мектебім де Мағазы Масанчидің атымен аталады. Аудан орталығы Георгиевка болатын. Қаптаған орыс атауының ішінен шыққан мен үшін Қазақ деген қазақша ат жүрегіме жылу ұялатып, жадымда мәңгі қалып қойды. Кейін өмір ағымымен сол ауылдан шыққан танымал азаматтармен әріптес, жора-жолдас болып кеттік қой. Қазақ журналистикасының қаранары, белгілі журналист марқұм Қалекең, Қалыбек Атжан «Ауылымызға 150 жыл толады, соны атап өтуіміз керек» деп жүгіріп жүруші еді. Пандемия ол ойын іске асырмай тастады. Осы шағын мақаланы Қазақ ауылынан бастауымның себебін ары қарай тарқатып айтар болсам, ауылының атын шығарып жүрген өз замандастарым. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, спорт ардагері Жұмахан Нұғыманов, жоғарыда айтқан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Алтын жаршы» белгісінің, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, бірнеше кітаптың авторы Қалыбек Атжан, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Респуликасына еңбек сіңірген қайраткер Жүніс Әлімбеков. Осы азаматтардың қай-қайсысы да қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, спортына олжа салып, биік деңгейге көтеруге бір кісідей атсалысып, тер төккен жандар. Солардың ішінде бүгінде Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының белді де беделді актері Жүністің кешегісі мен бүгіні жайлы сыр тарқатсам ба деп едім... Оқу іздеп, сонау 1968 жылы Қазақ ауылының тұсынан «Икаруспен» зуылдап өтіп бара жатқанымда, бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүнісіңіз тал шыбықты ат қылып мініп, екі санын шапаттап шапқылап жүрген 7 жастағы ойын баласы екен. Зулаған заман-ай десеңізші. Енді міне, өзіңмен жағаласып сахнаның алдын бермей жүргені. Бұл еңбектің бәрі оңайлықпен келген жоқ, әрине. Мен Шымкенттегі жаңадан ашылған Әл-Фараби атындағы мәдениет және өнер институтына түсе алмай, пұшайман болып сол баяғы «Икарустың» ең артқы орындығында ұрлық жасаған адамдай тығылып қайтқан жылы бірінші сыныпқа барыпты. Әкесі Нұрғазы өмір бойына шаруашылықтың қойын бағып, шопан болған екен. Жүніс үйдің үлкені болған соң сабақтан қол босаса болды әкесінің жирен атына жарбиып мініп алып, қой соңына кетеді. Қой бақты деген аты болмаса, былай шыға жирен аттың тізгінін ер-тоқымға іліп қойып, Жүкең әнді жібереді. Кімнен қысылсын, айдалада бес жүз қой мен артынан ерген Бөрібасардан басқа тірі пенде жоқ. Содан даусы қарлыққанша білетін әндерінің бәрін шетінен айта береді, айта береді. Көрермені де, тыңдарманы да 500 тоқты. Оларға да рақат, әрі тегін концерт тыңдайды, әрі Қарақыстақтың құйқалы шөбіне тояды. Жүніске тыңдайтын құлақ болса болды. Ол қойдың құлағы ма, жирен қасқаның ба, Бөрібасардың құлағы ма, бәрібір. Дегенмен осы жаз жайлау да, қыс қыстауда айдалада салған әндер кейін Жүністің өмірлік байламына айналды. Есейе келе, қырғыз ағайынның Сусамыры мен Құлан тауларының Қарақыстақ жайлауында өтетін шопандар слетінің концерттік бағдарламасының жұлдызына айналды. Алатаудың арғы бетіндегі айырқалпақты бауырларымыздың Сусамыр жайлауын о заманда қазақ-қырғыз ала жаздай ортақ жайлап жататын. Сусамырдағы қой баққан күндерінде қоңсылас жатқан қырғыздың өзі қатарлы ұл-қыздарынан жанға жайлы, әуезді қырғыз әндерін үйреніп алды. Енді репертуарындағы Шәмші әндерінің қатарына Рысбай Әбдіқадыров байкенің әндері қосылды. Қырғыздардың айыл ішінде болып тұратын дәстүрлі «Ыр кесе» атты отырыс байқауында қазақ баласы Жүністің талай рет бағы жанып, абшқалардың бәйгеге тіккен қозысын өңгеріп қайтқан. Сол қарқынмен ауылдық, аудандық, облыстық байқауларға қатыса бастады. Жүлдесіз де қалған жоқ. «Нұрғазының әнші баласы» деген аттан өсіп, «Қазақ ауылының әнші баласы» деген атаққа ие болды. Сонымен, онжылдықты бітіре салысымен басқа оқуларға мойын бұрмастан, сол заманда республикаға аты жайылып кеткен Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне әнші боламын деп құжат тапсырады. Училищенің білікті ұстазы Жамалбек ағайы: «Бала, сен әнші емес, актер болуға лайықсың, менің шеберханама кел», – деп көндіріп, өз класына бірден қабылдайды. Білікті де талғампаз, мәдениеттің майталманы бала бойындағы актерлік қабілетті көріп тұрған болу керек, Жамалбек ағайдың көңіл көзі бала бойындағы құштарлықты дәл басып, шыңдады. Сахнаның қыр-сырына қанықтырып, баптап оқытқаны Жүністің өнерге деген құштарлығын оятып, өнерге деген махаббатының отын маздатты. Училищеде сол кездегі Абай, қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының сахнасына эпизодтық, қосымша рөлдерге шығып, облыстық театрдың негізін қалаған Шәріпбай Сәкиев, Мұхамедқали Табанов, Мақсұт Салықов сияқты алыптардың сөзін тыңдап, сахнадағы қайталанбас кейіпкерлерді сомдағанын көріп, машықтану мектебінен өтті. Өзі әлі күнге дейін сахна үстінде Мұхамедқали Табанов атасынан ерекше бата алғанын жырдай қылып айтып отырады. Бірде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы жүріп жатады. Көрермендер залы лық толған. Сахнада спектакльдің ең шарықтау шегіндегі билер сахнасы жүріп жатыр. Еспенбет рөлінде – М.Табанов. Есен рөлінде – оқуды енді ғана бітіріп келген Жұмахан Әбдіқадыров, Жүніс – сол Есеннің бас сарбазы. Билер сахнасының аяқ кезінде Есен-Жұмахан Еспенбет-Табановқа қарата: «Бұл тобықтыға бұрып отыр!» – деп айқай салады. Оны іліп әкеткен Жүніс: «Тобықтыға бұрып отыр», – деп қостайды. Жүністің сөзін басқа сарбаздар қостап, шулап алып кетеді. Сол кезде Еспенбет «Тоқтатыңдар» дегенде көпшілік сахнадағы актерлер тоқтап қалу керек. Спектакль басталарда Жүніске Жұмахан: «Тобықтыға бұрып отыр» деген сөзді мен тоқта демейінше тоқтамай айқайлап айта бер», – деп тапсырып қояды. Спектакль жүріп жатыр, билер сахнасына келгенде Есен «Тобықтыға бұрып отыр» деп айқай салады. Жүніс іліп әкетіп, қостай жөнеледі. Көпшілік сахнасындағы басқа актерлер де «Тобықтыға бұрып отыр» деп айқайлап тұр. Еспенбет «Тоқтатыңдар» дейді. Оған тоқтайтын Жүніс пе? «Тобықтыға бұрып отыр» деп өршелене айқайға басады. Еспенбет-Табанов бір айтады, екі айтады «тоқтатыңдар» деп. Жүніс бастаған сарбаздар тоқтайтын түрі жоқ, айқайлап тұр. Енді Табанов сасайын деді. Не істерін білмей, айналасына алақ-жұлақ қарайды. Күлкіден жарылайын деп тұрған актерлерді көріп, Жүніске қарата «Ой, шешеңді ғана... тоқтат дегенде тоқтат!» деп туралап боқтап кеп жібереді. Жарықтық, өзі де боқтампаз кісі еді. Не керек, осы жерде трагедия бір сәтте комедияға айналып шыға келеді. Залдағы көрермендер де, сахнадағы актерлер де күлкіден домалап жатты. Мұхамедқали Табановтай ұлы актерден осылай бата алған Жүніс сол жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтына барып, КСРО Халық артисі Хадиша Бөкеева мен халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың класына қабылданады. Театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалған, қазақ сахнасындағы қайталанбас ұлы актрисаның шеберлік мектебінде оқу кез келген өнер қуған жастың маңдайына бұйыра бермейтін бақ қой. Сол бақыт Жүністің маңдайына жазылыпты. Қазақ ауылы шопанының баласы Алматының төріндегі Қазақстан бойынша жалғыз ғана өнер шеберлерін дайындайтын жоғары оқу орнының студенті атанды. Аталған оқу орнында сол төрт жылда ол тек Хадиша апай ғана емес, Нұрмахан Жантөрин, Тұңғышбай Жаманқұлов, Дариға Тұранқұлова сияқты ұстаздардан дәріс алды. Курстастары да сайдың тасындай «сен тұр, мен атайындардан» іріктеліп алынған кіл мықтылар. Алатаудың арғы бетінен келген Басурман Ордақаев, Талдықорғаннан Сағындық, Қызылордадан Аманбай Кәнетов, әйтеуір, қазіргі қазақ театрының майталман хас шеберлерінің көбі Жүністің курстастары болып шығады. Негізі Хадиша апайдың шәкірт таңдаудағы шеберлігінде шек жоқ-ау. Алматыны қимаса да, балалардың үлкені болғандықтан аға шопан әкесі Нұрғазы зейнетке шығып, үйде отырып қалған соң анасы Орынкүлдің бірауыз «Балам, елге қайт» деген сөзінен кейін Жамбылға, сол баяғы өзі бата алған театрына қайта оралды. Бұл 1985 жыл болатын. Міне, содан бері 40 жылға созылған қуанышы да, қызығы да, азабы да, аламаны да, шабыты да, шабысы да тоқтамаған, толастамаған Жүністің сахналық ғұмыры жалғасып келеді. Жүніс Нұрғазыұлы бақытты актер. Ол осы театрдың негізін қалаған ҚР Халық артистері Шәріпбай Сәкиевтің, Алтын Ружееваның, ҚР Еңбек сіңірген артистері Мұхамедқали Табановтың, Мақсұт Салықовтың, Жорабек Шүленбаевтың көзін көріп, тіпті сахнада серіктес болу бақыты бұйырған актер. Кейінгі толқыннан ҚР Еңбек сіңірген артисі Қарабай Сатқанбаев, Мағзұм Бақытжанов, театрдың майталман саңлақтары Спандияр Мұқышев, Үмбет Әлжанов, Шәмшәгүл Жәменкеева сынды аға-әпкелерінің соңынан еріп жүріп, театр деген қасиетті қарашаңырақтың сахна деген әлемнің қыр-сырын үйренді. Таза әрі мөлдір тұмасынан сусындады. Академияда алған білім бір бөлек, сахнаның тарландарынан алған тәжірибе мектебі басқаша болатынын Жүніс тез түйсінді. Сол алған үлкен мектептің дәрісі өмір бойына азық болып келеді. Жаңағы жоғарыдағы аға буынның ерекше қасиеті – театрға келген жас актерлерге деген ықылас-мейірімдері, қамқорлықтары ерекше болатын. Буыны дірілдеп, даусы құмығып, алғаш сахнаға шыққан жас актерге жөн-жоба көрсетіп, жол сілтеп, қолынан жетелеп жүріп сахна деген киелі әлемнің сыр сандығын ашып, ақ батасын берген сондай алдыңғы буын алыптардың шапағатының арқасында Жүніс бүгінде сахнадағы қырық жылдық ғұмырын көңілі толқып отырып еске алады. Осы кезеңге дейін жүзге тарта рөл сомдапты. Әрине, бәрі шетінен шедевр емес, ішінде бір қайнауы ішінде кеткен олпы-солпысы да, кейін еске алғанда «әттеген-ай» дегізетіндері де бар. Бірақ қандай рөл ойнамасын, қандай спектакльге қатыспасын, барлығына адал болды. Бар жан-тәнімен беріле жұмыс істеді. Өйткені өнерге қолынан жетелеп жүріп үйреткен ұлы ұстазы Хадиша апайының «Балақай, сахнаның киесі болады, сахнаға таза шық» деген аналық, ұстаздық қағидасын сахнаға шығар кезде бір сәтке де есінен шығарып көрген емес. Тіпті сонау тоқсаныншы жылдардың аласапыраны басталып, елдің ахуалы өнер емес, өмір үшін, күнкөріс қамына айналу себебінен аладорба арқалап, базар жағалап кеткенде бұл Жүніс театрдан кеткен жоқ. Сол кезеңде көптеген әріптестер кәсіпкерлікпен айналысамыз деп алды май мен шұжық саудалап, іріміз дегендері Таразға Қытай, Ресейден тауар тасып кеткенде де бұл былқ етпестен сахнада ақ тер, көк тер болып жұмыс істеді. «Бірге жүр, қарық боламыз» дегендердің сөзіне құлақ аспастан 5-6 ай айлықсыз да жұмыс істеді. Өнерге бұдан артық қандай адалдық керек?! Соңғы жиырма жылдағы сомдаған рөлдердің орны ерекше. Өзінің кешегі сахнадағы әріптес серіктесі болған Қуандық Қасымовтың режиссерлікке келуі Жүніске үлкен олжа болды. Сахнада неше жыл бірге жүрген Қуандық досы Жүністің сахнадағы шексіз мүмкіндігін білген болуы керек, тұсаулы аттай кібіртіктеп жүрген актерді оң жамбасына келетін спектакльдер мен рөлдерге салғанда Жүністің екінші тынысы ашылғандай күй кешті. Бір спектакльден екінші қойылымға, бір рөлден екінші рөлге көшкенде қолтығы сөгілген тұлпардай тыпыршып тұратын болды. Екі мықтының сахналық тандемінің арқасында Жамбыл театрының сахнасына керемет қойылымдар келді. Сол қойылымдардың соңғы екі-үшеуіне тоқталсақ. Алғашқысы – Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» пьесасының желісімен жасаған Қуандықтың инсцинировкасы. Бұл «саундтрек» жанрында қойылған жаңа бағыттағы спектакль болды. Спектакльде көрермендер әдеттегідей көрермендер залында емес, сахнада актерлермен араласып, айнала қоршап отырады. Оқиға көрерменнің көз алдында, қол созым жерде өтіп жатады, яғни «камерный» спектакль. Бұндай жағдайда көрерменді алдау, өтірік әрекет жасау, сахнада бос жүру сияқты дүниелерді жасау еш мүмкін емес. Қадыр ақын айтқандай, «Бір фальш көрсе бетіңнен, Ел сезіп қояды табанда. Адамның бәрі шетінен, Артист боп кеткен заман ба?»-ның дәл өзі. Жүніске бұл қойылымда бұйырғаны жырау рөлі болды. Мұндай кейіпкер Ғабеңде жоқ. Бұл бейне Қуандықтың режиссерлік трактовкасы арқылы туындаған рөл болатын. Жырау «Қыз Жібек» эпосын жырлайтын ақын және сахнадағы оқиғалардың режиссері іспетті. Қойылымда Жүніс-жырау сахнадан бір сәтке кетпейді. Кейіпкерлердің көлеңкесі сияқты қастарынан шықпайды және өлең де айтады, онда да «хомей», яғни көмеймен жырлайды. Билейді, сыбызғы шалады, не керек, спектакльді бастан-аяқ алып шығу Жүністің мойнына жүктелген. Осы жырау бейнесі Жүніске бақыт құсындай басына қонған бақ болды. Осы рөлмен Мысырға барып, перғауындардың табаны тиген жерде өнерін көрсетті, Еуропаға барып, Гран-приді қанжығаға байлап қайтты. Қазақстанның, Қырғызстанның біраз сахнасында өнер көрсетіп, бірнеше театр фестивалінде бас бәйге дейсіз бе, Гран-при дейсіз бе, біраз сыйлықтарды олжалады. Айтпақшы, бұл спектакльдің алдында Уильям Шекспирдің «Ричард – З» трагедиясы бар екен ғой. Бұл ұлы драматургтың қазақ сахнасында тұңғыш рет қойылған пьесасы және Ричард бейнесін тұңғыш сомдаған Жүніс Әлімбеков болды. Қойылым жоғары деңгейде қойылды, көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Жүністің ерекше шабытпен, бар ынта-ықыласымен кіріскен рөлі – Мархабат Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдар» драмасы болды. Пьеса авторы белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың Кеңес үкіметі құлар алдындағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соңғы Қазақстандағы интеллигенциялар арасында басталған алауыздық пен қуғын-сүргін кезеңін желі етіп алған. Кезінде жоғары қызметтер атқарған қоғам қайраткерінің Бішкек, бұрынғы Фрунзе қаласындағы түрмеде отырғандағы көрген азаптары мен қиыншылықтарын арқау етіп алған. Пьесаның арқалап тұрған жүгі өте ауыр. Біріншіден, Асанбай Асқаров Жамбыл облысының тумасы, кезінде облысты басқарып, өңірді біраз биіктерге көтерген. Ол кісімен бірге үзеңгілес қызмет атқарған замандастары Таразда толып жүр. Фрунзедегі сот процесіне бастан-аяқ қатысқан куәгерлер тағы бар. Міне, осындай өмірлік детальдар режиссер үшін де, актер үшін де, ұжым үшін де үлкен жауапкершілік жүктеді. Бұл тарихи драма ұжым үшін аса жауапты қойылым болды. Асанбай Асқаровтың өзі жазған «Тозақ» атты естелігінен бастап, қайраткер азамат жайлы жазылған барлық дүниелерді қопарыстырды, ізденді. Тіпті қайдан естігені белгісіз, менің жеке архивімде Асанбай Асқаров пен Шерхан Мұртазаның бір сағаттық телесұхбаты бар екенін естіп, соны жаздырып алып, бірнеше рет қайталап көріп жүрді. Бұл Асекеңнің түрмеден оралған кезінде Шерағаның сәлем бере барып сырласқан бір сырлы сұхбаты болатын. Бейнетаспаға түсірген – белгілі жазушы Мұса Рахыманбердиев. Міне, осындай ізденістер текке кеткен жоқ. Спектакль жақсы қабылданды. Жүніс осы қойылымда мүлде танымастай өзгерді. Тіпті жүріс-тұрысы, дауыс ырғағы, қимыл-қозғалысы, бәрі-бәрі басқаша реңк алып жатты. Бұл сыртқы кескін-келбеті болса, ішкі динамикасы, кейіпкердің жандүниесіндегі толқыныстар мен қарбаластар әр сахналық эпизодтарда байқалып тұратын. Менің осы спектакльде полковник деген эпизодтық рөлім бар, ол – КГБ-ның қызметкері. Сөзі аз ғана, бірақ спектакльдің басынан аяғына дейін жүремін. Спектакль басталғанда Асқаровты үйінен түрмеге алып кетіп, содан түрмедегі сахналарда Асқаровқа әртүрлі мақсаттармен 6-7 рет кіріп-шығамын. Сонда байқағаным, сахна сайын тергеушілер Жүніс-Асқаровты сындыру үшін неше түрлі айла-тәсілдер қолданып, азаптайды. Сондай сәттерде Жүністің көзіне қарау өте ауыр, ол сынудың орнына, сахна сайын жаралы арыстандай айбарланып ширыға түседі. Әсіресе Соломенцевпен сахнадағы көріністі бейжай қарап отыру мүмкін емес. Қызыл империяның сұрқия саясатымен ауызданған қып-қызыл шовинист Соломенцев-Мәлік Ақүрпеков те оңай алдыратын жау емес. Спектакльдің шарықтау шегінде осы сахналық көріністе, тас қамал түрменің ішінде отырған Асқаровқа сол дәуірдегі коммунистік жүйенің ең жоғарғы лауазымды басшысының келуі олар үшін Асанбайдың қай деңгейдегі тұлға екенін білдірсе керек-ті. Соломенецевтің бар мақсаты – Асқаровты Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушы ретінде мойындатып, сындыру үшін қорлау, азаптаудың тән азабынан гөрі жан азабын тарттыру. Бірақ бұл қадам Асқаровты-Жүністі ширатып жібергендей. Сөз сайыстың соңына қарай арыстанша атылған Асқаров Соломенцевке қарата: «Бұл сенің Қазақстаның емес қой, менің Қазақстаным!» деген алапат сөзді айтқанда сахнада найзағай ойнап, күн күркіреп, жер сілкінгендей әсер қалдырады. Көрермен залы осы сахнада бір сәтке өлі тыныштыққа айналып, артынша дүркіреген қол шапалаққа ұласып, ұзақ уақыт толастамай тұрады. Әр спектакль сайын солай. Бұл енді актердің сахнадағы құдіреті, шеберлігі. Әрине, бұл – қырық жылғы ащы тер төгілген еңбектің тәтті жемісі. Жүністің соңғы сахналаған рөлі – Қуандық Қасымовтың халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы қарсаңында жазылған «Найзағай» драмасындағы Шерағаның бейнесі. Актер үшін бұл рөл өте ауыр әрі жауапты болды. Неге десеңіз, Шераға осы өңірдің азаматы. Елдің сүйікті перзентінің өмірден өткеніне екі-ақ жыл болған және Шерағаның бала-шағасы, туған-туыс, ағайын, әріптестері, бәрі осы өңірде тұрады. Тұлға ретінде де ерекше Шерағаның үні, айбары, сөз саптауы, тіпті қимыл-қозғалысы, киім киісі, бәрі халықтың жадында сақталып тұр, ұмыт бола қойған жоқ. Әрі автор, әрі режиссер Қуандық Қасымов пен басты рөлдегі Жүніс Әлімбековтің осы қойылым үстіндегі қиындықтары мен қиналыстары, ізденістері өз жемісін берді. Тіпті репитицияға Шерағаның музейдегі шляпасын алдырып сахнаға шыққанының өзі үлкен деталь болды. Сол шляпаны кигенде Шерағаның келбеті Жүністің бойына сіңіп кеткендей әсер етіп, сахнадағы серіктес актерлерге Шераға тұрғандай әсер етті. Алаш рухының айбынын асырған, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған, шепті бұзса батыр, шерді қозғаса Асанқайғыдай абыз Шерағадай біртуар тұлғаны сахнаға алып шығу қай актерге болса да оңай емес. Қазақ қоғамының қасиетті кеңістігінде Шерхан Мұртазаның өз биігі бар десек, Жүніс Әлімбековтің Шерағасы сол биіктен төмендеген жоқ. Осындай ізденістермен келген бейне театрдың, Жүністің үлкен жеңісі болды. Жүніс Нұрғазыұлының басқа әріптестеріне қарағанда оқ бойы озық және бір қырын айтпасақ тағы болмас. «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың сахналанған барлық шығармаларында, атап айтсақ, Сыбанқұл, Мырзақұл, «Таң сыры» драмасында Шыңғыстың бейнесі, тағы да басқа кейіпкерлерді түгел сомдап шығыпты. Қырғыз Республикасы Жүністің осы шығармашылық еңбегін ескеріп, Халықаралық Айтматов клубы қауымдастығының «Адабият, көркөм өнер, маданият жана илим» тармағындағы «Халықаралық сыйлығының лауреаты» деген марапатты беруді ұйғарыпты. Оған клуб ассоциациясының президенті, академик А.Акматалиев қол қойған. Бұл атақ жалғыз Жүністің жеңісі емес, қазақ өнеріне жасалған құрмет. РS. Жүніс Әлімбеков қандай рөлді сомдамасын, өзін де, серіктесін де, режиссерді де, көрерменді де аямайды. Жылдар өткен сайын толысып, шеберлігі шыңдалып, еңбекқорлығы артып, өзінің сахнадағы тыныс-тіршілігін қанағат тұтпай, маңдай терін тамшылатып еңбек ету актердің өмірлік кредосына айналып кеткендей. Міне, бүгін тағы да Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында кезекті қойылым. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, сахнаның саңлағы Жүніс Әлімбеков сахнаға көтеріліп келеді. Қол соғайық...

Асқарбек СЕЙІЛХАН, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар