Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мақтадан басталған махаббат

Мақтадан басталған махаббат
Ашық дереккөз
Ол шәкірттері үшін ең жақсы ұстаз, балалары үшін ең жақсы әке, отбасы үшін ең мықты отағасы бола білген жан. Ол – Абайды танып, Шәкәрімді ұлықтап, Төлегенді жаттап өскен қазақ. Айтып отырғанымыз – ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметпен қатар, жүйелі түрде ғылыми-зерттеу еңбектерімен айналысып келе жатқан жан. Нақты айтқанда, бауыржантану, төлегентану бағыттары бойынша да көптеген ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, конференциялар мен түрлі іс-шараларды өткізген. Ол – «Атамекенін аңсаған Айбергенов», «Айберегенов аңсаған әлем» атты жинақ-кітаптар мен Бауыржан Момышұлының 31-32-томдарының авторы, Төлеген Айбергенов атындағы төсбелгінің иегері Әлімбай Найзабаев.

«Отан отбасынан басталады» деген ұлы сөз бар қазақта. Отан деген ұғымды әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда осы бірауыз сөздің жүгінің салмағын шетелдегі қандастарымыздан артық ешкім білмесе керек. Өйткені олар «Отан Отаныңа отбасын көшіріп алып келуден басталады» деп ұғынатын қазақтар деуге болады. Соның бірі де осы кісі.

Ол Арал теңізінің бойында Қарақалпақстанның Мойнақ ауданындағы Үш сай ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1975-1985 жылдары Қоңырат ауданындағы №83 Теміржол орта мектебінде оқып, 1985-1992 жылдары Т.Г.Шевченко атындағы Нөкіс мемлекеттік университетінің филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқыған. 1986-1988 жылдары Совет армиясында әскери борышын өткеріп келгеннен кейін 1992-1993 жылдары Қоңырат ауданындағы №83 Теміржол орта мектебінде тарих және география пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Сөйтіп, бала арманы қанаттанған ол 1993 жылы атамекеніне бір жола қоныс аударуға шешім қабылдап, Айша бибі ауылына көшіп келеді. Мұнда келгеннен кейін Жамбыл ауданындағы Айша бибі орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. 1996-1998 жылдары Айша бибі ауылдық округінде іс басқарушысы, 2001-2006 жылдары Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы, 2006-2009 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының аспиранты атанады. Бір жағынан оқып, бір жағынан өз тәжірибесін студенттермен бөлісіп жүріп, ол 2009-2013 жылдары «Болашақ» колледжінде оқытушы да болды. 2013-2015 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің магистратурасында оқып, «Педагогика ғылымдарының магистрі» дәрежесін қорғап шығады.

Бүгінгі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеп келе жатқан Әлімбай Аманбайұлы отбасында да жақсы әке, өнегелі жар. Жар демекші, ол кісінің жүрегіне жара салмай, жыртығына жамау болып келе жатқан кешегі ғашығы, бүгінгі жұбайы Құралай Раймбекова да 1971 жылы 18 тамызда Нөкіс қаласында дүниеге келген. Н.В.Гоголь атындағы орта мектепті бітіріп, Т.Г.Шевченко университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түскен.

Сөйтіп, университетте «Төлеген Айбергенов» әдеби үйірмесінің мүшесі болып белсенді жұмыс істеп жүрген ақынжанды ару қыз Әлімбайдай сабырлы, аспап атаулыны он саусағымен сөйлеткен бозбаланы көреді де жіпсіз байланады. Содан не керек, «махаббаттың құдірет күші әлдилеген» екі жас көп ұзамай отау құрып, шаңырақ көтереді. Сол бір тәтті кездерді есіне алған Әлімбай Найзабаев әңгімесін әріден бастап, өздерінің мақта теріп жүріп танысқанын айтты.

– Аққудай мұнда қыздар ақ, Тоймайды көзің жүз қарап. Мұзбалақ болсаң білерсің, Ілерсің болсаң мұзбалақ, – деп, көп қыздардың ортасында жүргенімізде, 1989 жылы қыркүйекте І курсқа тағы бір топ қаракөз қарындастарымыз келді. Жылда он күндей оқыған соң бізді екі-үш айға мақта теруге аудандардың ауылдарына жіберетін. Мен ол кезде әскерден келіп, филология факультеті студенттерінің кәсіподақ комитетін басқаратын кезім. Сол жылы біздің факультет Шымбай ауданына мақта теруге баратын болып шешілді. Қазақ, қарақалпақ, өзбек топтарының студент жастары көрпе-төсегімізді түйіп, автобус күтіп жүргенімізде 1-курстың қыздарының арасынан еліктің лағындай бота көзді, қиғаш қас, орта бойлы Құралай есімді қызға сыртынан көзім түсті.

Бірақ жақын танысудың реті келмеді. Арада бір ай өткенде тобымыздағы бір жігіттен былай деп бір шумақ өлең жазып жібердім: «Қарай берші аппағым, Көңілімді қайтармай. Көп қой менің айтпағым, Жүрген саған айта алмай». Жауап болмады. Біз ол кезде Шымбай қаласындағы Қасым Әуезов атындағы техникумның жатақханасына орналасқан штабта жатамыз. Жұмысым ауылдағы студенттердің тамағына қажет заттарды уақытында жеткізіп, 16 қазанға ішіп-жем, тамақ тасу болатын.

Бір күні өзіміздің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенттерінің мақта теріп жатқан атызының басына келіп, жігіт-қыздардан хабар алайын деп ГАЗ-53 жүк көлігіммен келдім.Алдымнан бір кішкентай бойлы, бетін тұмшалап орап алған бірінші курстың қызы шығып: «Құралай ауырып қалды. Тез дәрігер шақыртпаса болмайды», – деді. Дәрігерді алып бардық. Дәрігер қан қысымын өлшеп, тексеріп: Мақта теруден зорығып, шаршаған, бір-екі күн демалсын», – деп кетіп қалды.

 

Бір қарасам, қасындағы құрбысы да жоқ. Сол күннен бастап жақын танысып, мақтадан оқуға келген соң да жиі-жиі кездесіп, концерт, театрларға бірге барып жүрдік.Аяғы ұлы достық-махаббатқа айналып, тұрмыс құру туралы ұсынысымды Құралайға айттым. 1990 жылы 8 наурыз күні тойымыз болды, – деген Ә.Найзабаевтың бұдан кейінгі сөзі өзінің өмірде қандай принцптерді ұстанатындығына, азаматтық тұлғасының қалыптасуына әсер еткен адамдардың, ортаның қандай болғанына ұласты. – Мен Абайды ақылман, әдеби кейіпкер ретінде емес, ұстаз ретінде өзіме өмірлік бағыт қылып алған адаммын.

Оның жолымен жүре алдық па, жоқ па, оған былайғы жұрт бағасын бере жатар. Бірақ өз отбасымда Абай жолын ұстанып, оның ар жолын кірлетпеуге тырыстық барынша. Өйткені біздің алдымыздағы ұстаздар бізге соны үйретіп кетті. Мысалы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов атамыз біздің ұстаз болды.

Міне, сол кісіден алған тәлім-тәрбиеміз бізді алға жетеледі, – дейді ол. «Ағаш ағаштан мәуе алады, адам адамнан тәлім алады» дегендей, оның сөзі мен ісі бірге жүретін қасиетінен тәлім-тәрбие алған балалары да бүгінгі таңда қоғамның қажетіне жарап, халықтың үдесінен шығу жолында еңбектеніп келеді.

Мысалы, ұлы Ержан Әлімбайұлы да қазіргі таңда ұстаздық қызмет жолына түсіп, көптеген шәкірттер тәрбиелеуде. Ол өзінің дұрыс ұстанымдары мен өмірге деген көзқарасының қалыптасуына тікелей әкесінің ақылы, анасының үлгісі әсер еткенін айтады.

– Әкеміз Абайды оқып қана емес, тұтастай бойына сіңіріп, тіпті осыған дейін ғалымдар таппаған қырын тауып, сырын ашқан адам. Әрі жүрген жерінде, студенттеріне болсын, басқа да қоғамдық жұмыстарда жастарға терең түсіндіріп, оны насихаттап жүрген адам. Біз сол кісінің оқып отырған кітаптарын, жазып отырған мақаласын көріп өстік. Әрі өзіміздің де алдағы басатын жолымыздың бағыт-бағдарын әкемізге қарап түзетіп отырдық.

Әрине, үйде ол кісі бізге мынаны оқыңдар, немесе мынаны жаттаңдар деген сияқты тапсырма бермейтін. Тек ғана жай солар туралы әңгіме мен олардың жазғандарынан өзінің ойына түйгендерін айтып беру арқылы бізді соған қызықтыратын. Сөйтіп, біз бірінші кезекте әкеміздің аузынан естіген мағыналы әңгімемізді кейін кітаптан оқып, терең түсінетінбіз. Мен үшін отбасы құндылығы деген – осы. Біз сол құндылықтан мейлінше сусындап өскен ұрпақпыз, – дейді Ержан Әлімбайұлы.

Ал тұлымды ұл, бұрымды қыз өсіріп отырған ағамыздың да ішіндегі арманы ұрпағының жаман атын естімеу. Олардың ізгілікке, мейірімге жақын болып өсуіне өзім үлгі болғым келді дейді. – «Қасиет адамға үш түрлі адамнан бітеді. Бірінші – ата-анасынан, екінші – жақсы ұстаздан, үшінші – айналасындағы достарынан», дейді ұлы Абай. Менің осы үш ортам дұрыс болды.

Енді өсіп келе жатқан немерелерім де осы жолды ұстанып, ешкімге қиянат жасамаса екен деген ниеттемін. Әрине, адам туғаннан жаман болып дүниеге келмейді. Оны бұзатын – айналасы мен өскен ортасы. Сондықтан да біз, ең әуелі, адамға пайдамыздан бұрын зиянымыз тиемесе екен деген ниетте болуымыз керек.

 

Әрі кешегі Абайлар, Бауыржандар салған жолмен жүрсек, онда өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздан да адасып қалмайтын едік. Мен сол Абайды тану арқылы өзімді тануға күш салдым, Бауыржанды тану арқылы айналама үлгі көрсеткім келді. Нағыз қазақтың жолын көрсеткім келді. Ол арманым, әрине, орындалды демесек те қоғамға аз да болса әсері болса, соларды танып-білуге деген бір-екі адамның санасы оянса да мен ұстаз ретінде бақыттымын, – дейді Ә.Найзабаев.

 

Иә, қазақы тәрбиемен өскен ұрпақтың ертеңгі болашағы ашық болатыны сөзсіз. Әлімбай Найзабаевтың отбасында барлығы да білімге құштар жандар деуге болады. Сондықтан да шығар, тұңғышы Айман Найзабаева қаламының ұшына ай қондырған ақын.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген, тәжірибелі ұстаз, педагогика ғылымдарының магистрі, «Алау сезім» атты кітаптың авторы. Ал Шолпаны өзінің өмірдегі жарын тауып, бақытты отбасын құрып, ол да ұстаздыққа бет бұрса, Мөлдір есімді кенже қызы кітаптан бас алмайтын студент.Міне, осындай отбасында үш қыз, бір ұлды тәрбиелеп, Әлімбай ағамыздың барын асырып, жоғын жасырып жүрген бір адам болса, ол – жұбайы Құралай Кеңсебайқызы.

Қ.Раймбекова қазіргі таңда Жамбыл ауданының Айша бибі орта мектебінде 30 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарып келеді. Педагог-зерттеуші. Ұзақ уақыт бір мектепте елеулі еңбек етіп, саналы да сауатты шәкірт тәрбиелеуге өз үлесін қосуда. Еңбегі бағаланып, кезіндегі ғылым және білім министрі Е.Сағадиевтің «Алғыс хаты» мен Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов­тің Құрмет грамотасына ие болған. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған Республика­лық қашықтық олимпиадасының I дәрежелі дипломын жеңіп алған.

Бүгінгі таңда Айболат Жаңабек, Қасымхан Бекен, Мерейхан Раймбаев, Толғанай Әзімбай, Алина Айдаралы сияқты оқушы, шәкірттері республикалық конкурстардың жеңімпазы атанып, мерейін тасытып жүр.

Ол кісі өзінің өмірлік ұстанымы ретінде «Ұстаз болу сабақ өту емес, ол өмірлік тәжірибеңмен, ақыл кеңесіңмен бөлісу. Оқушыны оқушы емес, балаң ретінде қабылдағанда ғана сен жақсы ұстаз бола аласың» дегенді ұстанатынын айтады.  width= Иә, өмірде де, өнерде де жұптары жарасқан Әлімбай мен Құралайдың отбасына бұдан да өткен қуаныштар мен шаттықтарды тілейміз.

Шапағат Әбдір

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар