Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Малшаруашылығына ден қойған Мақты

Малшаруашылығына ден қойған Мақты
ашық дереккөз
Малшаруашылығына ден қойған Мақты
Кез келген адам қатардан қалмай, тіпті тәуір тұрмыс кешіп, бақуатты болуы үшін қаржыдан таршылық көрмеуі қажет. Ал адамға кіріс еңбекпен, кәсіппен келетіні белгілі. Өзінің оң жамбасына келетін, қолайлы жұмыс табу немесе кәсіппен айналысу кез келген адам үшін оңай емес. Ал денсаулығында ақауы бар азаматтар үшін бұл тіпті қиын мәселе. Осы ретте мемлекет мүгедектігі бар азаматтардың кәсіппен айналысуына жағдай жасап отырғанын айта кеткен жөн. Жуалы ауданы, Қайрат ауылының тұрғыны, 25 жастағы Мақты Тұрлыбек мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, малшаруашылығымен айналысуға ден қойған азамат. Ол бізбен әңгімелесу барысында мүйізді ірі қараны сүтін өткізіп, табыс табуы үшін сатып алғанымен келешекте кәсіп аясын кеңейтіп, мал бордақылау ісімен де айналысқысы келетінін жеткізді. – Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы арқылы онлайн оқыту курсынан өттім. Жобамды да тиісті комиссия алдында лайықты дәрежеде қорғадым. Осыдан кейін жаз айында мемлекеттен 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз қаржы алдым. Оған төрт сиыр сатып алдым. Ала жаздай күніне 10-15 литр аралығында сүтті ауылдастарыма бір литрін 200 теңгеден саттым. Біз бес ағайындымыз. Оның ішінде бір інім, үш қарындасым бар. Олардың жасы менен кіші және мектеп оқушысы болғаннан кейін әркез қамқорлық танытқым келеді. Өйткені әкем өмірден озғандықтан анамның жанына біз жалау болуымыз керек. Осы уақытқа дейін қандай да бір іспен айналыссам деген мақсат үнемі санамда тұрды. Бірақ ІІ топ санатындағы мүгедектігі бар адам үшін тірлікті үйіріп әкету оңайға соқпайтыны белгілі. Десе де шамам, қабілетім жететін тірлікпен айналысуды, спортпен шұғылдануды жадымнан шығарған емеспін. Спорт болғанда да менің қарым-қабілетіме, денсаулыығыма ыңғайлы спорт түрі – ол шахмат және дойбы ойыны еді. Спорттың осы түріне түбегейлі ден қойып, маңайдағылармен тайталасқа түсіп жүрдім. Тастарды ала тақтада жүргізуде қарсыласты бір кісідей састыратын әлеуетке ие болғандығымнан шығар, бір күні аудандық жарыстардан шақырту түсе бастады. Ерекше қажеттілігі бар адамдар және денсаулығы қалыпты азаматтар арасында да бәсекеге түсіп жүріп, ауылға сан мәрте І, ІІ, ІІІ орындарды қанжығалап келіп жүрдім. Оның марапаты, кейде заттай, ақшалай сыйлығы көңілді желпіндіріп тастайтын. Барған жарысымнан ең болмаса жол шығынын өтемей қайтқан емеспін. Қазір үйімнің төріне медальдарымды іліп тастағанмын. Бірақ бұл қаржысы кейде бар, кейде жоқ тірлік. Өйткені ол кәсіп емес, ол – спорт. Сондықтан отбасылық бюджетке септігімді тигізу үшін кәсіпке бет бұрып, малшаруашылығымен айналысуға ден қойдым. Аллаға шүкір, бұл мақсатым да қазір орындалып келеді, – деді Мақты Дәулеталыұлы. «Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Мақты сатып алған сиырларын төлі есебінен көбейтуді, қосымша қаражат көздерінің ыңғайы келіп жатса, ауыл ішінен мүйізді ірі қара сатып алып, шаруашылығын әртараптандыруды ойлап жүр. Жалпы малшаруашылығымен айналысу қазаққа жат емес. Өйткені кез келген қарадомалақтың қанында малсақтық қасиет бар десек, қателеспейміз. Кейіпкерімізді атакәсіппен айналысуға итермелеген осы болмыс болса керек. Дегенмен біз сөз арасында Мақтыдан малдың жемшөбін дайындау, күтіп-баптау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрадық. – Сиырды сатып алып, таңертең өріске айдап жіберіп, кешке жайылымнан оралғанда қораға қамай салу арқылы пайда табамын деу – қате түсінік. Зеңгі баба тұқымы да күй таңдағыш жануар. Әсіресе қыста ашатұяқты осы мал қолға қарап қалады. Біздің ауданның ауа райының қандай болатынын білсеңіз, әрине, оған жылы қора, жылы-жұмсақ азық керек екенін түсінесіз. Қазақ «Сиыртың сүті – тілінде» деп бекер айтпаған. Сиыр жүгеріні, жүгерінің паясын, қамыс-құрақ секілді өсімдіктерді жақсы көреді. Осы қыстан мал күйлі шығуы үшін құрақ араласқан пішеннің бір түгін күз айының басында 1000 теңгеден келісіп, 500 түк шөп сатып алдым. Одан бөлек ала жаздай ініммен бірге арық-атыздың шөбін орып, ауылдасыма 5 мың теңге беріп, соның жүк көлігімен үйге түсіріп алдық. Төрт сиыр үшін бұл жеткілікті азық. Енді бір айда күн жылынып шыға келеді. Сол кезде кене мен өзге де зиянкес жәндіктер жер бетіне шығады. Сиырға тән түрлі ауру жүруі де мүмкін. Осы мәселелерді ескеріп, көктемге таман қораны зиянкестерден залалсыздандыру, түрлі ауруға қарсы сиырға екпе салу секілді шаруаларды атқарсам деген ойым бар. Қолымда қомақты қаржым болмаса да мұны жүзеге асыруым керек. Өйткені бұған басы артық шығын деп қарайтын болсақ, бетіне қарап отырған малым бір жағдайға тап болуы мүмкін, өздері буаз. Мал дәрігерлерімен ақылдаса отырып шағын кәсібімді дамыту, өзімді осы салада шыңдау – алда атқарылуы тиіс жұмыстың бірі. Ал сиырдың уақытылы жемшөбін беру, суару, астын тазалау болса, ол күнделікті күйбең тірлік. Жаз айында таңертең сиырды сауылғаннан кейін падаға айдап қосамын. Кешке өрістен келгенде тағы да сауылады. Әр сауын сайын алдына белгілі мөлшерде тартылған жем қойылады. Соның арқасында мал да күйлі, сүті де құнарлы әрі мол болады, – деді ол. Қазіргі таңда сүт және сүт өнімін өндіру өміршең бизнес түрі екені дәлелденіп отыр. Алайда сүт зауыттарының қуаты шикізаттың жоқтығынан тиісті әлеуетінде жұмыс істей алмай тұрғаны белгілі. Алдағы уақытта Мақты Тұрлыбектей азаматтар сауын сиыр шаруашылығын өркендетсе, мұның өңір экономикасына тигізер әсері де мол болмақ. Ең бастысы, сиыр тұқымын қолда ұстауда таңдауды сүтті сиырға жасаса болғаны. Ал етті сиыр ұстау арқылы ет өндіру –болашақтың еншісіндегі әңгіме. Біз тек ниет оң болсын дейміз.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар